Жарнама
Экономика

АГРАРЛЫҚ СЕКТОРДЫҢ АРШЫНДЫ ҚАДАМЫ

— Елбасының тапсырмасына сәйкес, елімізде, соның ішінде өңірімізде агроөнеркәсіпті кешенді түрде дамыта отырып, азық-түлік  молшылығын жасауға және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған көптеген жобалар қолға алынып, сәтті жүзеге асырылуда. Бүгінгі өздеріңіз көріп, куәсі болып отырған мынау өндіріс орны солардың бірінен саналады, – деді облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов. – Жобалық қуатына толықтай енген кезде мұнда жылына 30 млн.данаға дейін тауық жұмыртқасы өндіріледі деп жоспарлануда.

Аймақ басшысының айтуынша, бүгінгі таңда жергілікті тұрғындардың азық-түліктің осы түрімен қамтылуы 13 пайызды ғана құрайды. Бұған дейін Құлсары қаласында ашылған құс фабрикасы («Атырау Сауда» ЖШС) да әзірге толық қуатына шықпаған. Ал, жобалық қуаты жылына 20 млн. дана жұмыртқа өндіру екенін ескерсек, таяу болашақта қажеттілікті қанағаттырудың жаңа мүмкіндіктері ашылары күмәнсіз. Нақтылай кетсек, екі фабрика бірдей өз мүмкіндігі шеңберінде іске кірісседе, жылына 50 млн. данаға дейін сапалы тауық жұмыртқасы шығарылып, сұраныстың 63 пайыз шамасында өтелуін қамтамасыз етеді деп күтілуде.

Жоба бойынша фабрика 100 мың бас тауықты өсіруге есептелген. Алдын ала жасалынған келісім-шартқа сәйкес, қазірдің өзінде мұнда Ресей Федерациясының Свердлов облысынан (Екатеринбург қаласы) германиялық «Хайсекс Уайт» тұқымды 58 мың балапан әкелініп, күтімге алынған. Алдағы көктем айларында олар өсіп-жетіліп, алғашқы өнім алуға да қол жеткізіледі деп есептелінуде. Сметалық құны 700 млн.теңгеден асатын аталмыш жоба «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы қаржыландырылады. Қазірге дейін қаралған қаражаттың тең жартысы бөлініп те қойылған. Қалғаны жобаның жүзеге асырылу мерзіміне қарай беріліп отырады.

Астаналық меймандардың келесі маңдай тірегені «Атырауагроөнімдері» корпорациясының құрамындағы «Сарайшық» ЖШС-нің иелігіндегі, өткен жылы ғана іске қосылған ешкі сүтін өндіру фермасы болды. Шаруашылықта бағылатын бөрте жүнділердің саны 600 басқа жуықтаса, соның денін аналық мал құрайды. Тек алғашқы жылдың өзінде мұнда тәулігіне 150 литрге дейін емдік қасиеті мол ешкі сүті сауылған. Ендігі жерде түліктің бағым-күтімін келістіре отырып, өндірілетін өнім көлемін молайтып, мүмкіндіктерді арттыруға бағыт ұсталынуда. Айрықша назар аударарлық жайт, фермадағы өндірістік процестер толығымен заманауи үлгідегі, тиімділігі жоғары технологияларға негізделген. Түгелдей компьютерлік есептеу жүйесіне көшірілген. Барлық мәліметтер бір орталыққа жинақталып, күніне қайсысынан қанша мөлшерде  өнім өндірілгендігі, дайын сүт түрлерінің шығарылғандығы туралы деректер базаға құйылады.  

Осылайша, ауылдағы шағын өндіріс ошағында бір ғана ешкі сүтінен 20-дан астам дайын өнім (айран, сүзбе, ірімшік, құрт-май, сәбилер тағамы болып есептелінетін йогурт, т.б.) түрлері шығарылады. Кәсіпорынның атқарушы директоры Төлеген Жасимовтың айтуынша, 2014 жылы аналық ешкілерден 340 лақ өргізілсе, биылғы жыл басында-ақ алғашқы төлдер көріне бастаған. Ал, жаппай төлдеу наурыз айында басталады. Және бір тілге тиек етеріміз, екінші мәрте төлдеген аналықтардан  тәулігіне 4-5, бірінші рет төлдегендердің өзінен 2 литрге дейін өнім алынуда. Ең басты ерекшелігі, ешкі сүті сәбилер үшін ана сүтін алмастыра алатын бірегей табиғи өнім түрі болып табылады. Осы жағы ескеріліп, қазірдің өзінде осында сауылған ешкі сүті аптасына екі рет облыстық балалар ауруханасына және үш мәрте жұқпалы аурулар ауруханасына, сондай-ақ, туберкулез диспансеріне жөнелтіліп, жеткізіледі. Тағы бір жайт, дайын өнімдер санитарлық талап-нормаларға сәйкес, арнаулы қоймаларда (белгілі бір температуралық  режимдегі) сақталады. Келешекте олардың санын көбейтумен бірге сапасын жақсарту, қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын алу көзделген.

– Біздің бүгінгі көріп, танысып отырғанымызды теңдесі жоқ, ел көлеміндегі бірегей жоба ретінде бағаласақ артық емес. Атыраулықтардың бұл үрдісі өзгелеріне үлгі-өнеге боларына бек сенімдімін. Осындай өміршең жобалардың өрісін табуына жан-жақты қолдау көрсетіп, игілікті іске мұрындық болып жүрген аймақ басшылығына, азаматтарға ризашылығымызды білдіреміз. Сайып келгенде, соңғы кездері Индустрияландыру картасы бойынша өнеркәсіппен қатар, ауыл шаруашылығын ілгерілетуге кепілдік беретін осындай жобаларға да Елбасы мен Үкімет, жергілікті атқарушы билік тарапынан үлкен мән беріліп, маңыз қойыла бастағандығы қуантады. Сондықтан, бастамаларыңызға сәттілік тілеймін,-деді бір сәт журналистерге берген сұхбатында Энергетика министрі Владимир Школьник.

Махамбет ауданындағы «Бірінші мамыр» ЖШС базасында ашылған асыл тұқымды аналық мүйізді ірі қара малын өсіру кешенінің жұмыс жасай бастағанына да аса көп уақыт болған жоқ, бар болғаны жылдан асты. Әйткенмен, бұнда да көңілге қонымды жақсы істер жалғасын тапқан. Жоба бойынша 500 бас «гольштин-фриз» тұқымды сиыр малын бағып-күтуге арналған кешен бірнеше өндірістік бөлімшелерден тұрады. Бірімен-бірі тығыз байланысты жұмыс процестері де соларда атқарылады. Мұнда еңбек ететіндердің барлығы дерлік арнаулы білімі бар, кәсіби біліктігі жоғары, дайындық мектебінен өткен мамандар. Мұның алдындағы ешкі түлігін өсіру кешеніндегі тәрізді, бұл фермада да өндірістік процестер түгелдей автоматтандырылған.

«Түлік төлден өседі» демекші, өткен жылы бағым-күтімі келіскен 200 бастай аналық мүйізді ірі қара малы аман-есен төлдеп, олардан өрген торпақтардың орынсыз шығынына жол берілмеуде. Мамандардың мәліметінше, өткен жылы әрбір сауын сиырынан тәулігіне 20-25, ал тұтастай алғанда 3000 литрдің үстінде өнім өндіруге қол жеткізілген. Қалыптасқан оң ахуал мен жасалған жағдайға қарап, меженің мұнымен шектеліп қалмай жоғарылай түсетіндігін түсіну де қиын емес. Шаруашылықты аралау сәтінде тілдескен серіктестік директоры Есболат Есқараевтың бізбен бөліскен ойының төркіні де осы болды. Қосымша айтарымыз, сиырларға қажетті құнарлы мал азығы да шаруашылықтың базасында дайындалады. Бұл тұрғыда, фермада сапалы да жас күйіндегі көк балауса жасап шығаратын гидропоника цехы іске қосылған. Айтпақшы, мұнда да сауылған сүт өңделіп, айран, сүзбе, йогурт, т.с.с дайын өнім түрлері шығарылып, қала базарлары мен сауда нүктелерінде сатылады, сұраныспен өзге де тұтынушыларға таратылады.

Осыларды көрген меймандар облыс, аудан, шаруашылық басшыларымен бірге санаулы мезгілде болашағының зор екендігін дәлелдеген жобалардың нақты орындалысына, тілге тиек етерліктей жетістіктерге куә болды.

Дәулетқали АРУЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button