МҰҒАЛІМ АШҚАН НАУБАЙХАНА
Ауыл мектебінде ағылшын тілі пәні мұғалімі болып жұмыс істейтін, қазір бесінші баласын босанып, декреттік демалыста отырған Надежда Еркебаева зейнет жасындағы енесі Ләззат Тастанова екеуі үй ауласындағы жазғы сарайды күрделі жөндеуден өткізіп, наубайханаға ыңғайлапты. Қажетті құрал-жабдықтарды өз қаражаттарына сатып алған отбасының жаңа кәсіпті бастағандарына көп бола қойған жоқ. Халықтың ас атасын алыстан арқалағаннан гөрі жақыннан дорбалағаны тәуірлеу болып тұр.
Бұрын нан өнімдерін Атыраудан тасып әкелетін тұрғындар енді «Жайна» шағын наубайханасының өнімдерін үй іргесінен алып, тұтынатын жағдайға жетті. Қазір іші мұнтаздай жинақы, нан өнімдерін технологияға сай дайындайтын «Жайнаның» өнімдеріне деген тұрғындар сұранысы жоғары, күн сайын тұтынушыларға үш жүз елудей нан жөнелтіледі екен.
— Нан өнімінің бірнеше түрін шығарып жатырмыз. Тек Жанбайдың 8 дүкені, мектеп, балабақшасы ғана емес, шалғайдағы Зинеден ауылы тұрғындарын да қамтамасыз етеміз. Наубайшылар шығарған әр бөлке нан қолжетімді бағамен дүкендерге жіберілуде. Ал, бұл өз кезегінде Атыраудан тасып әкелінетін нан бағасына қарағанда арзан, – дейді Надежда. Болашақта наубайханада ауылдық әкімдікте жұмыссыздар есебінде тұрған замандастарына жұмыс орнын ұсынуға да мүмкіндігі бар екендігін жасырмады ол.
Бақытжан ХАМИТҰЛЫ,
Жанбай ауылы,
Исатай ауданы.