БІРЛІГІМІЗ БЕРІК БОЛСЫН

Бүгінгі күні тек біздің еліміздің ғана емес, әлем экономикасы сын сағаттарды бастан кешуде. Мұнай бағасының төмендеуі Қазақстан үшін де оңайға тиіп отырған жоқ. Сондықтан, теңге бағамының еркін айналымға шығуы – ел экономикасының дамуын қамтамасыз ету үшін алынған шара.

Елбасы экономикалық саясаттың алдағы шаралары жөніндегі кеңесте сөйлеген сөзінде: «Шикізат тауарларына баға барша әлемде төмендеді, сондықтан, біздің бюджетке түсетін қаржының ауқымы да едәуір төмен. Біз бұрын мұндай жағдайлардың талайынан өттік» деп барша қазақстандықтарды сабырға шақырып, алдағы нақты қадамдарды белгілеп берген еді. Президенттің бұл сөзі баршамызды  бұрынғыдан да ширықтырып, жігерімізді жани түскендей.

Біздің облысымызда жер-гілікті өнім өндіру мәселесіне үлкен мән беріліп келеді.Әріге бармай-ақ, аймақтағы соңғы үш жылдықтағы іске асқан инновациялық жобалардың өзі біздің өзара бәсекелестікке даяр екенімізді көрсеткендей. Қазір облыс халқы өз жерімізде сүт, жұмыртқа, ет, көкөніс өнімдерін өндіру мен консервілеу сияқты қызмет түрлерін игере бастады. Меніңше, өз өнімдеріміздің сырттан әкелінетіндерден артықтық болмаса, кемшілігі жоқ. Сондықтан, заман талабына сай отандық өнімдердің басымдық алуына мүмкіндік жасау керек. Шетелден әкелінген тістесең тісің батпайтын жемістердің, пәленбай уақыт қағазда қатталған сүт, қаймақтардың қаншалықты пайдасы мен зияны бар екендігін шынын айту керек, біз біле бермейміз. Сондықтан, ішкі нарықты қамтып қана қоймай, тауарды экспортқа шығару да үлкен жауапкершілікті, тынымсыз еңбекті қажет етеді. Ал, бұл іс-қимылдың астарында қоғам мүддесі, жеме-жемге келгенде  біздің ұлттық мүддеміз жатқандығын естен шығармағанымыз абзал.

Еліміз егемендік алғалы бері талай дағдарыстар кездесті. Бірақ, біздің мемлекетіміз халықтың ауызбірлігінің арқасында барлығын да жеңе білді. Сондықтан, бұл жолы да көңілге қорқыныш ұялататындай ештеңе жоқ.

Мұрат ӨТЕШОВ,

Атырау облысының Құрметті азаматы,

қоғам қайраткері.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз