KPI зауыты полипропиленнің жаңа маркаларын өндірді
Ел тәуелсіздігінің 32 жылдығы қарсаңында “Kazakhstan Petrochemical Industries Inc” газ-химия кешені полипропиленнің жаңа екі PP H270 FF/7 және PP H036 BF/7 маркаларын өндірді, деп хабарлайды atr.kz
PP H270 FF/7 маркасы — талшықтарды, тоқыма емес маталарды, термиялық және инемен тесілген маталарды, агротекстильдерді өндіруге арналған.
Полипропиленнің бұл түрінен медициналық қорғаныс маскалар, медициналық халаттар, жол құрылысына арналған геоторлар және жеке күтім заттары жасалады.
Ал PP H036 BF/7 сұрпы бұрын шығарылған PP h031 BF/7 маркасының фталатсыз аналогы. Бұл марка Еуропада үлкен сұранысқа ие (құрамында фтал қышқылы эфирі жоқ). Өйткені Еуропалық сертификаттау органдары өнімдер мен азық-түліктердің орамасының фталатсыз болуын талап етеді.
Полипропиленнің PP H036 BF/7 деп аталатын түрі де тамақ және күнделікті тауарларға арналған полимерлі қабықшаны, пленканы өндіруге арналған. Мысалға айтар болсақ, одан бөтелкелердің сыртында брендік жапсырмалар, қытырлақ қаптамалар және шоколадтың қабығы жасалады.
KPI өнімдері SIBUR PolyLab (Мәскеу, РФ) стандарттаудан өтті.
Жаңа маркалар еліміздің күнделікті өмірде қолданылатын полимер өнімдерін өндіретін әлеуетін кеңейтіп жатыр. Сондай-ақ, еуропа елдерінде жоғары сұранысқа ие жаңа маркаларды өндіру — KPI-дің мақсатты нарықта орнығуға және өнім сату әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.