МҰНАЙ ӨҢДЕУДІҢ ЖАҢА МҮМКІНДІГІ

Зауыттағы құрылыс-монтаж жұмыстары 2012-2015 жылдар аралығына жоспарланған-ды. Жобаның құны қосымша құн салығын қоса алғанда 1 миллиард 679 миллион 892 мың 520 АҚШ долларын құрайды. Жүзеге асыру мерзімі 41 ай деп белгіленген бұл алып нысанның құрылысын 2015 жылы аяқтап, іске қосу көзделген.

  ЖОБА БІЗГЕ НЕ БЕРЕДІ? 

Жобаны жүзеге асыруға «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы, «ҚазMұнайГаз» ұлттық компаниясы, Атырау мұнай өңдеу зауыты және «Омскнефтехимпроект» ашық акционерлік қоғамы қатысуда.  Естеріңізде болса, 2011 жылдың 29 желтоқсанында Атырау мұнай өңдеу зауыты мен құрамына «Sinopec Engineering” (КХР), «Marubeni Corporation» (Жапония) және «КазСтройСервис» АҚ (ҚР) еніп отырған Консорциум арасында кешен құрылысын салу жөніндегі келісім-шартқа қол қойылған болатын. Осылардың ішінде «Sinopec Engineering” команиясы бұл жоба бойынша Консорциумның көшбасшысы болып табылады. 

Бұл жобаның мақсаты – қайта өңдеу процестерінің қуаттылығын және мұнайды қайта өңдеу тереңдігін 87 пайызға арттыру, сондай-ақ, шығарылатын өнімнің саны мен сұрыпталымын көбейту. Жоба сонымен қатар, ішкі нарықтағы жоғары октанды бензин мен  авиаотын тапшылығын жоюды, зауыттың технологиялық ағындарының эксплуатациялық беріктігін нығайтуды көздейді. Сонымен қатар, мотор отындардың сапасын әлемдік деңгейге көтеру де жобаның маңызды бір бөлігі болмақ. Яғни, кешен жұмыс істеп кеткен жағдайда аталған өнімдерді шығару стандарты Еуро-5 деп аталады. 

Жобаны жүзеге асыру кезінде тауарлы бензиндердің өндірісі Кедендік одақтың техникалық регламентінің талабы бойынша К-4, К-5 класына сәйкестендіріледі. Тауарлы өнімді өндіру көлемі де өзгереді. Мәселен, бензин өндірісі жылына 142 мың тоннадан 1745 мың тоннаға, дизель отыны 1221 мың тоннадан 1640 мың тоннаға, керосин өндірісі 38 мың тоннадан 244 мың тоннаға дейін ұлғаймақ. Зауыттың қуаттылығы жылына 5,5 миллион тонна екенін ескерген мамандар бұған толық мүмкіндік бар деген болжам жасады.  

Әрине, жоғары сапалы бензинге қол жеткізуде тек қана коммерциялық мүдделер көзделген десек қателесеміз. Бұл жерде өнімнің қауіпсіздігі мәселесіне баса назар аударылуда. 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Қазақстанның аумағында 2-экологиялық кезең стандарттарының талаптары енгізілді. Ал, 3-ші және 4-экологиялық кезең стандарттарының талаптарын 2014 жылдың қаңтары мен 2016 жылдың қаңтарынан бастап енгізу жоспарланған. Бұл стандарт мұнай өңдеу зауытындағы технологиялық қондырғылар мен жабдықтардың тозуына байланысты енгізіліп отыр. Өйткені, тозған жабдықтар мұнайды терең өңдеуді жүргізуге және экологиялық кезең стандарттарына сәйкес мұнай өнімдерін өндіруге мүмкіндік бермейтін-ді. Сол себепті дүниежүзілік талаптар негізінде өндірілетін өнімнің сапасын жақсарту мақсатында аталмыш зауыт қолдағы мұнай өңдеу қондырғыларын қайта жаңарту мен жаңғыртуды межеледі. 

Аталмыш кешен жұмысын бастаған кезде мұнайдан қалдық өнімдері бөлінетіні белгілі. Шикізаттық рөл атқаратын бұл өнімдердің қатарында мазут та бар. Бірақ, кешен жұмысы негізінен түрлі бензиндер, дизель отыны, сұйытылған газ секілді ашық мұнай өнімдерін алу мақсатында ауыр қалдықтарды ғана өндіруге бағытталған. Бұл өнімдер мазутқа қарағанда жоғары сұранысқа ие. Мамандардың айтуынша, кешен пайдалануға берілгеннен кейін мазут ең құны төмен өнім ретінде аз өндірілмек. Атап айтқанда, оны өндіру көлемі жылына 1780,76 мың тоннадан 193 мың тоннаға дейін төмендейді. 

 ЭКОЛОГТАР НЕГЕ АЛАҢДАЙДЫ? 

Ал, облыс жұртшылығы мен экологтарды бұл жобаның экологиялық жағы алаңдатып отырғаны анық. Осы мәселеге келгенде академик Муфтах Диаров өткен жылғы бір алқалы жиында: «Атырау мұнай өңдеу зауыты аумағындағы күкіртқышқыл газының иісі адам тұншығарлықтай, ал кәсіпорын басшылығы «бізде бәрі қалыпты» деген мәлімдемесін жасаудан танбайды»,-деген болатын. Сол кезде облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов те егер ауаны ластау тыйылмаса, өндірісті тоқтатып, атыраулықтарды улап отырғандарды сотқа беруге биліктің құзыреті жететіндігін қатаң ескерткен-ді. 

Академик пен әкімнің сөзі ойландырды ма, өткен жылдың желтоқсан айында Атырау облысы бойынша экология департаменті мен облыстық прокуратура зауыт қызметіндегі экологиялық заңдылықтардың орындалысын тексерді. Оның барысында кәсіпорынның алау жүйесіндегі есептегіш құралдың көрсеткіштері тексеріліп, мұнда 693 753,1 текше метр көлемінде қышқыл газ жағылғаны анықталды. Осыдан соң үстіміздегі жылдың 5 наурызында экология департаменті зауыттың алау жүйесінде жағылған қышқыл газдың салдарынан ауаның зиянды қалдықтармен ластануының 23 776 286 054 теңге көлеміндегі экономикалық бағалау шығынын өтеу туралы өкім шығарды. 

Зауытқа қатысты экологиялық проблемалар бүгінде салалық министрлікті де мазалап отыр.

– «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-нен алау жүйесінде жағылған қышқыл газдың салдарынан ауаның зиянды қалдықтармен ластануының орнын толтыру талап етілді. Қоршаған ортаның бүлінуінен келтірілген зиянды жоғарыда көрсетілген қаржылай көлемінде зауыт өндіруге тиіс,-дейді ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің баспасөз хатшысы Ғажайып Күмісбек.

Экологтардың бұл өкімі бірқатар жергілікті тұрғындардың да пікірімен үндеседі. Солардың бірі, зауыт маңында тұратын тұрғын Әлімжан Ищановтың айтуынша, ауада жағымсыз күлімсі иіс жиі пайда болады екен. 

– Далада жүру мүмкін болмаған соң тұрғындар үйлеріне кіріп, терезелерін жауып алуға мәжбүр. Зауыттың шығарындыларының иісі болар деп ойлаймыз. Өйткені, қоқыс алаңы бұл жерден тым алыс,-дейді ол.

Ал, есімін айтпай, өзін «тегім Бағытжанова» деп таныстырған тұрғын да әлгі ағамыздың сөзін растады. Оның айтуынша, терезені ашып, үйді желдетудің немесе таза ауаға шығып серуендеудің сәті үнемі түсе бермейді. Кенеттен жағымсыз иіс шығады да, дереу есік-терезені тұмшалау басталады. 

Басқа да тұрғындардың пікірі бір жерден шықты. Олар мұндай құбылыстың жиілеп кететінін жасырмады. 

Ал, экологтар мен тұрғындардың пікіріне зауыт басшылығының да айтатын өз уәждері бар. Зауыт директорының міндетін атқарушы Денис Козырев «қышқыл газдар зауыт шығарындысы болып табылмайды» деді. Оның айтуынша, экология департаменті мен прокуратура тексеріп отырған құрал коммерциялық есеп аспабына жатпайды. Оны қышқыл газдарды есептеу үшін қолдануға болмайды. Бұл аспап үрмелі газ шығынын қадағалау және апатты шығарындылар орын алған жағдайда тиісті шара қолдану үшін қажет.  

– Зауыт ауаны ластайтын шығарындыларды мөлшерлі лимиттен асырған емес. Алау жүйелерін қауіпсіз түрде пайдалану Ережелеріне сәйкес, құрылғы коллекторға құрамында күкіртті сутегі бар отындық немесе инертті газ береді. Барлық қышқыл газ сұйық күкірт алу үшін жіберіледі. Бұл – қалыпты жағдай. Олай болса, тексеру қорытындысында көрсетілген «алауда 693 753,1 текше метр көлемінде қышқыл газ жағылды» деген айыптаумен келіспейміз. Сол себепті біз «Мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» ҚР Заңының 16-бабы  7-тармағының 6-тармақшасына сәйкес, Атырау облыстық прокуратурасы мен облыстық экология департаментіне жоспардан тыс қайта тексеру жүргізуді сұрап өтініш жолдап отырмыз,-деді Д.Козырев. 

Сонымен қатар, зауыт басшылығы осындағы технологиялық қондырғыларды, соның ішінде алау жүйесін жан-жақты зерттеп, тәуелсіз сараптама жасау үшін бірқатар ғылыми-зерттеу институттарының көмегіне жүгінуде. Олардың қатарында Атырау мұнай және газ институты, Башқұртстан мұнай-химия өңдеу институты, «Гипрогазочистка» ашық акционерлік қоғамы, Қазақ мұнай және газ институты секілді сапалы сараптама жасауға құзыретті орындар бар. Бұдан бөлек, зауыттың алау шаруашылығын жобалаушы «Омск Нефтехимпроект» ашық акционерлік қоғамына да тиісті материалдар жолданды. 

 ТҰРҒЫНДАР ПІКІРІ ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАЙДЫ 

Сонымен қатар, компания басшылығы облыс экологтары мен жұртшылықтың пікірлерін ескере отырып, санитарлық қорғау аймағына маңыз беруде. Бұл ретте ауаны ластайтын төгінділер мен эмиссияларды азайту бағытында табиғатты қорғау шараларын қамтамасыз етудің қазіргі заманғы әдістері де қарастырылып отыр.   Атап айтқанда, атмосфераға зиянды заттардың өте аз мөлшерде шығуын қамтамасыз ететін оттықтарды қолдану, ауаның ластануын жоғары деңгейде анықтайтын сенімді жабдықтарды орнату және басқа да осы саладағы инновациялық технологияларды енгізу арқылы қоршаған ортаның бүлінбеуіне жағдай жасау көзделуде. 

– Атап өтетін жайт, мұнда ағынды суларды биологиялық тазарту қондырғысы жұмыс істейді және барлық төгінділердің мөлшері мемлекеттік органдар белгілеген нормативтерден аспайды,-дейді зауыт басшылығы.

Қазіргі уақытта кешеннің құрылыс алаңдарында монтаждау жұмыстары қызу жүргізілуде. Аталмыш жоба, түптеп келгенде, әлемдік экологиялық стандарттар талабына жауап беретін жоғары сапалы мұнай өнімдерін және отандық өндірісті дамытуға қажетті мұнай-химия шикізатын шығаруды мақсат тұтады. Кешен іске қосылғаннан кейін зауытта ашық мұнай өнімдерін өндіру 77 пайызға артып, 624 адам тұрақты түрде жұмысқа орналастырылады деп болжануда. 

Қазақстан Президенті де Атырау мұнай өңдеу зауытында мұнайды қайта тереңдеп өңдеу кешенін салуды тездету жөнінде тапсырма беріп, «Атырау мұнай өңдеу зауыты 1,7 миллиард доллар тұратын мұнайды терең өңдеу кешенін құруды қамтамасыз етуі қажет. Ол бензин өндіруді үш есе дерлік – 1,7 миллион тоннаға дейін, ал, дизель отынын 1,4 миллион тоннаға дейін ұлғайтып, Қазақстанды отынның осы түрлерімен қамтамасыз етеді» деген болатын.  Сонымен бірге, ол бұл жобаның Қазақстанды үдемелі қарқынмен индустриалды-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асып отырғанын және Атырау мұнай өңдеу зауытын қайта жаңғыртудың соңғы қорытынды кезеңі болып табылатынын айтқан еді. Осыдан-ақ жобаның мемлекеттік маңызы қандай екені көрініп тұр.

Ал, өңір тұрғындарының жобаның әрі пайдалы, әрі қауіпсіз болғанын қалайтыны даусыз. 

Диас НАУРЫЗӘЛИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз