Көзге көрінбейтін ақша

эээээ 1 Экономика

Қаржы нарығына таңсық болған криптовалюта, биткоин деген терминдер бүгінде қоғамымызға дендеп ене бастады. Осы саладан тәп-тәуір пайда тауып жүргендер аз емес. Алайда, тәуекелі жоғары инвестициялық құрал арқылы «көл-көсір байлыққа кенелемін» деп тақыршаққа отырып қалғандар да бар болып шықты. Сол себепті, сарапшылар «әліптің артын бағып», барлығын ой елегінен өткізіп барып қаражат «салуға» кеңес береді. Сонымен, егіз ұғым секілді айтылатын криптовалюта мен биткоин дегеніміз не?

Цифрлық төлем құралы туралы не білеміз?

Мамандардың айтуынша, криптовалюта – ғаламторда есеп айырысу үшін айналымға қатысушылар пайдаланатын цифрлық ақшаның түрі. Бұл валютаның бірлігі «coin», яғни ағылшын тілінен аударғанда «монета» дегенді білдіреді. Ол электронды түрде ғана қолданылады. Мұндай виртуалды ақшаның негізінде арнайы технология – блокчейн жатыр.

Криптовалюталардың көпшілігінің айналысқа жаңа монеталарды шығару шегі бар. Демек, монеталар саны белгілі бір шекке жеткен кезде қаражаттың одан кейінгі айналымы валютаның өзінің бағасының өсуі есебінен ғана жүргізіледі. Мұндай жағдайда криптовалютаны биржада сауда-саттық жасау арқылы тікелей транзакцияларды жүзеге асыра отырып, интернетте тауарлар сатып алу үшін әлеуетті инвесторлар әрекет ете бастайды.

«Тәуекел түбі – жел қайық…»

Қаржы сарапшысы, кәсіпкер Жәңгір Бектемісовтің айтуынша, криптовалюталардың әлемдік нарығы 220 млрд. АҚШ долларынан аса көлемде құлдыраған. Оның себебі – биткоинның 27 сағаттың ішінде 10 мың АҚШ долларына құнсыздануы.

– Криптовалюта капитализациясы 820 млрд. АҚШ доллары болды. Бұл өткен жолғы шектен 70 пайызға төмен. Бірақ, 2021 жылғы көрсеткіштен жоғары. Әрине, криптовалюта нарығы құбылмалы. Дегенмен, оның болашағынан зор үміт күтуге болады,-дейді ол.

Криптовалюталарды төлем құралы ретінде пайдалану еліміздің заңнамаларына қарама-қайшы келеді. Заң бойынша ол ақша, валюта, қаржы құралы ретінде пайдаланылмайды. Бізде төлем құралы теңге болып табылады, мемлекет және ақшалай міндеттемелер ұлттық валютамен ғана көрсетілуі мүмкін.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, криптовалюталарды сатып алу кезінде олардың бағасының құбылмалы және жасырын болуы, нақты активтермен қамтамасыз етілмеуі салдарынан ақшаны жоғалтып алу тәуекелі де жоғары болады. Инвесторлардың «мол ақшаның астында қаламын» деп миллиардтаған қаржысын желге ұшырып алатыны сондықтан. Демек, қолдағы қаржыны цифрлық ақшаға жұмсамас бұрын осындай қарапайым қағидалар мен ережелерді білуі шарт.

Биткоинның құны қанша?

Сарапшылардан білгеніміз, Bitcoin – бірінші және ең танымал әрі қымбат криптовалюта. Нарықта «криптоалтын» деген бейресми атауы бар. Бастапқыда барлық жаңа валюта биткоин блокчейнына негізделген. Сондықтан, мамандар отандық инвесторларға шетелдік нарықтарда биткоиндарға қаржы салар алдында мынадай тәуекелдерді білгені жөн.

Биткоин еліміздегі заңнамалар бойынша қаржы құралы болып табылмайды. Инвестициялау нысаны ретінде мемлекеттік реттеу аясына кірмейді. Сәйкесінше, биткоинге инвестициялайтын қазақстандық инвесторлар мәмілелер, есеп айырысулар жасаған кезде проблемалар туындап жатса барлық жауапкершілікті өз мойнына алатынын ұмытпауы шарт. 

Биткоинның бағасы құбылмалы екенін де жадымыздан шығармауымыз тиіс. Мәселен, дүйсенбі күні таңертең биткоинның бағамы сауда-саттық ашылғаннан кейін төмендей бастады. Криптовалюта 33,951 мың АҚШ долларына дейін 11,06 пайызға түскен. Үш күн бұрын биткоинның құны тарихи максимумды жаңарта отырып, 41 мың АҚШ долларына бағаланған еді. Демек, әр күн сайын өсім мен күрт төмендеу – криптовалюта мен биткоин үшін қалыпты құбылыс.

– Биткоиндармен сауда-саттық жүргізу үшін сенімді реттейтін алаңдардың болмауы әлеуетті инвесторларға қатысты алаяқтық әрекеттерді жеңілдетуге, дербес және карточканың деректерін, сондай-ақ ақша қаражатын жоғалтып алуға ықпал етеді. Әлемдік тәжірибеде бірнеше рет криптовалюталық платформалар мен биржаларды бұзу және қомақты ақша қаражатын ұрлау жағдайлары болған. Мәселен, осыдан алты жыл бұрын криптовалюталарды ұрлаудан келген залал 1,3 млрд. АҚШ  долларынан асып түскен. Сондықтан, инвесторлар биткоиндармен мәмілелер жасасу кезінде барынша сақтық танытулары тиіс. Криптовалюталармен жасалатын кез-келген операцияның тәуекелі жоғары және салынған ақшаның сақталуына кепілдік берілмейтінін білген артықтық етпейді,-дейді Ұлттық банктің Атырау филиалының жетекші маман-экономисі Нұрбиға Ибраева.

Р.S: Әрине, қалтадағы қаражатты мақсатсыз жұмсап, қаржылық пирамидалар мен алаяқтардың құрбаны көбейген сәтте «крипта мен биткоинға инвестициялаңыз» деп айтудың өзі артықтау болар. Өкінішке қарай, қазіргі қоғамдағы жұртшылықтың қаржылық сауаттылығына қарап бұл саланың «жілік майын шағады» деу қиын. Десек те, әлемдік қаржы нарығындағы өзгерістер мен жаңашылдықтар бізді де айналып өтпейтіні белгілі. Сондықтан, бар қаржымызды сауатты инвестициялайық деген тілек бар бізде. Сіз бұған не дейсіз, қадірлі оқырман?!

Айбөпе САБЫРОВА

Коллажды жасаған Сая РАМАЗАНОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз