Консорциум қауқарлы қарекет етуде
Атырау облысының аумағында орналасқан «Теңіз», «Исатай» және «Құрманғазы» мұнай айдау стансаларына тасқын судан төніп тұрған ешқандай қауіп жоқ. Ал төртінші нысан – «Атырау» мұнай айдау стансасын қорғау мақсатында бірқатар күш жұмсалуда. Бұл туралы республика Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің «Каспий Құбыр Консорциумы» АҚ бас директоры Николай Горбаньмен кездесуінде айтылды.
Аталған министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл кездесу компанияның өндірістік нысандарына қауіп төндіруі ықтимал көктемгі су тасқынының алдын алу және бұл бағытта іске асырылып жатқан іс-шаралардың барысымен танысу мақсатында ұйымдастырылды.
Осы орайда консорциум басшылығының баяндауынша, қазір кәсіпорынға қарасты Атырау облысының аумағында орналасқан төрт өндірістік нысанның үшеуіне (олар: «Теңіз», «Исатай» және «Құрманғазы» мұнай айдау стансалары) тасқын судан төніп тұрған ешқандай қауіп жоқ. Нақтырақ айтқанда, бұлардың бәрі де тасқын су басуы мүмкін аймақтан алшақта орналасқан. Бүгінде қауіпті аймаққа жақын тұрған нысандардың бірі – «Атырау» мұнай айдау стансасы. Қазір Жайық өзені суы деңгейінің көтерілуіне байланысты судың тасу ықтималдылығының артуына байланысты Каспий құбыр консорциумы, «ҚазТрансОйл» және «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» компанияларына бектілген учаскелерде қорғаныс бөгеттерін нығайтуға күш салынуда.
Айта кету керек, жоғарыда аталған мұнай айдау стансалары мен компаниялардың өндірістік буындары арқылы елімізде, сондай-ақ Ресей кен орындарында өндірілетін «қара алтынның» үштен екі бөлігі шетке шығарылады, яғни экспортталады. Жайықтың Атырау қаласы тұсындағы деңгейі өр суының салдарынан көтеріледі деген болжамға сүйене отырып, консорциумның бас директоры Николай Горбань тасқынға қарсы жұмыстарды атқаруға 250 млн. теңге сомасында қаржы бөлуге шешім қабылданғанын жария етті.
Нақтыласақ, өзен жағасына жақын орналасқан Береке ауылының аумағындағы бөгеттерді бекітуге 8600 шаршы метр геотекстиль материалын, 35 мың дана қап пен оған толтырылатын топырақты өз көліктерімен жеткізіп берген. Одан бөлек, консорциум «Атырау-Астрахан» республикалық маңызы бар автомобиль жолының бүлінген жерлерін қалпына келтіруге де демеушілік көрсетуді ұйғарған.
Дәулетқали АРУЕВ