Жарнама
Экономика

Көкірегі ояу жанға кедергі жоқ

ЖЫЛ САЙЫН АЗАМАТТАРДЫ ЕҢБЕКПЕН ҚАМТУ, ЕЛДЕГІ ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА КӘСІПТІ ДАМЫТУ МАҚСАТЫНДА ЕЛ ҚАЗЫНАСЫНАН МИЛЛИАРДТАҒАН ҚАРЖЫ БӨЛІНІП ЖАТЫР. ӨТКЕН ЖЫЛДАРЫ 200 АЕК КӨЛЕМІНЕН БАСТАЛАТЫН ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТ ҰТЫП АЛҒАНДАР БҮГІНДЕ ШАРУАСЫН ШЫРҚ ҮЙІРІП ОТЫР.

Солардың бірі – Атырау қаласында тұратын 48 жасар І топ мүгедегі Раушан Оспанова қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі, мамандығы – экономист. Алайда, жанарының дерті қалаған мамандығынан жастай айырып, массажист болуына тура келеді. Отыздан енді асқан шағында көруі күннен-күнге нашарлап бара жатқан соң, 2006-2009 жылдары Кисловодск қаласындағы зағиптарға арналған медициналық колледждің медициналық массаж факультетін оқып, осы салаға маманданып шығады.

Алғашқы 3 жылда қаладағы №3 емханада, кейін «Доктор плюс», «Самал Медикал» жеке клиникаларында массажист болып еңбек етеді. Тағдырдың жазғанына шара бар ма? 40 жастан кейін Раушанның жанары сола бастайды. Баяғыдай емес, анасы мен қызының көмегінсіз жүруден де қалады. Ресей елінен алған білімі бар, біліктілігі тағы бар. Жақсы маманға сұраныс та жоғары. Ендігі мақсаты осы қызметін заңды түрде іске асыру үшін лицензия алу еді. Бірақ, біздің елде мүгедектерге мұндай мүмкіндік бұйырмаған. Көзі көрмесе де, көкірегі ояу жанға қашанда тығырықтан шығар жол барын дәлелдеген Раушан Аманжолқызы өзі ізденіп, Үкімет ұсынған үлкен игілікке қол жеткізеді. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы мемлекеттен 583400 теңге қайтарымсыз грант алып, осы жоба аясында жеке кәсіпкерлік ашып, сүйікті ісін жалғастыруды қолға алады. Кәсібіне қажетті барлық құрал-жабдық пен жиһаздарды сатып алып, өз үйінен кабинет ашады.

Бүгінде оның шипалы қолын іздеп келетіндердің қатары көбейген. Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін – Раушанның тұрақты емделушілері. Қызмет құны жасы мен деңгейіне байланысты 2000 теңгеден басталады. Ай сайын 100 мың теңгеден астам табыс отбасының тұрақты кірісіне айналған. Алайда, осы саланың қыр-сырын көрші елден оқып келген Раушан мұндай жауапты іске медициналық білімсіз, айлық курс оқып, кірісе кеткенді жөн санамайды. Себебі, алдыңа келген адамның анатомиясын білмей, диагнозын қоя алмайтыныңыз анық. Сондықтан, көп қырлы мамандықты игерудің де өзіндік құпия-сырлары көп екен.

– Осындай мүмкіндік берген Үкіметке ризашылығымды айтамын. Сұраныс барда, шүкір, табыс бар. Тек массаж жасамаймын, оқыту жұмыстарын да жүргіземін. Бүгінде Алматы қаласында остеопатия бағытын оқып, жаңа білім алып жүрмін, — деді Раушан Оспанова.

Үкіметтен грантты алып, не кәсібі, не ақшасы жоқ, соңын сиырқұйымшақтандырып жіберетін өрімдей жастар осындай адал еңбектің үлгісіне айналған жандардан сабақ алса екен. «Қайтарымсыз соманы алдым, болдым» демей, білімін арттырып, болашағына үлкен инвестиция жасап отырған Раушанның іс-әрекеті кім-кімге де сабақ боларлықтай.

Салтанат САНСЫЗБАЙ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button