КІРІС КӨЗДЕРІ ҚАЛАЙ ҚАЛЫПТАСАДЫ?

 Бұған дейін де бұқараға жария болғанындай, Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 28 қарашадағы №438 Жарлығымен Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту Тұжырымдамасы бекітіліп, Елбасының 2012 жылғы 14 желтоқсандағы Жолдауына сәйкес, оны іске асыру үшін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданғандығы белгілі.

Заңдылықтарға сәйкес, бірінші кезекте аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдері жергілікті өзін-өзі басқарудың кіріс көздерін қалыптастыруға құқылы. Оның өзі төмендегідей түсімдерден қалыптастырылады. Бірінші – аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерінің басқаруындағы мемлекеттік мүлікті қойылып отырған талап бойынша мүліктік жалға (жалдауға) беруден түсетін кірістер. Екінші – жеке және заңды тұлғалардан алынатын ерікті түрдегі алымдар. Үшінші – сыртқы (көрнекі) жарнамадан жинақталатын түсімдер.
Бұдан бөлек, мұндай түсімдер аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер аумақтары арқылы өтетін республикалық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бөлiнген белдеуiндегі жарнаманы тұрақты орналастыру объектілерінде; аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бөлiнген белдеуiндегі жарнаманы тұрақты түрде жайғастыру нысандарында; аудандық маңызы бар қаладағы, ауылдағы, кенттегі үй-жайлардың шегінен тыс ашық кеңістікте; сондай-ақ, жарнамалық мазмұн мен сипаттағы көрнекі құралдарды аудан көлемінде тіркелген көлік құралдарында орналастырғаны үшін төлемақы негізінде қалыптасады.
Осы жерде тоқтала кетер бір жайт, сыртқы (көрнекі) жарнаманы аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бөлінген белдеуінде тұрақты орналастыру объектілерінде, аудандық маңызы бар қалалардағы, ауылдардағы, кенттердегі үй-жайлардың шегінен тыс ашық кеңістікте және ауданда тіркелген көлік құралдарында орналастырғаны үшін төлемақы Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тәртіппен және мөлшерлемелерге сәйкес алынуы тиіс.
Бұдан бөлек, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдері Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 165, 300, 311 және 387-баптарында көзделген әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін жауапты тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту мақсатында айыппұл санкциясы қолданылады және оның өзі бірнеше түрге бөлінеді. Алғашқысы, белгіленбеген немесе заң шеңберінде белгіленбеген орындарда сауда жасағаны; одан кейін жасыл желектердi күтiп ұстау мен қорғау ережелерін сақтамағаны; иттер мен мысықтарды күтiп-ұстауға көңіл бөлмегендігі және соңғысы, көрiктендiру ережелерінің бұзылуына жол бергені үшін салынатын айыппұл болып табылады.
Әңгіме арқауына айналып отырған Тұжырымдама мәтініне енгізілген жаңалық, өзгерістің бірі, нақтырақ айтқанда, бюджетті қалыптастыратын қаржы көздерінің қатарында Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған басқа да көздер бар екенін естен шығармағанымыз абзал.
Осыған байланысты айтарымыз, мұндай көздерді іздестіру мәселесі негізінен қабылданған бюджеттік бағдарламаларды талқылау, жергілікті өзін-өзі басқарудың кіріс көздерін қалыптастыру және пайдалану мәселелерін қарастыру, соған орай туындайтын жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу, бөлінген бюджет қаражатын игеру жергілікті өзін-өзі басқару заңдылықтарын дұрыс қолдану жолымен шешіледі. Сол себепті де ұйымдастырылатын қоғамдық тыңдауларға қатысушылардың арасынан жергілікті қоғамдастық комиссия құрылады. Соның ұйғаруымен мониторинг жүргізіліп, нәтижелері туралы есепті хабарламалары тыңдалып, талқыланады.
Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдері көзделген түсімдерден түсетін қаражатты пайдалану үшін «Қазақстан Республикасының жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңнамасына сәйкес, жыл сайын ақша түсімдері мен шығыстарының жоспарын жасап, соған сәйкес жұмыстарын жүргізеді.

Ү.ШАЙМАРОВА,
облыстық экономика және
бюджеттік жоспарлау басқармасының
бас маманы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз