Теңізде жазылған тарих

Теңізден балық аулау, оны өңдеу кәсіпшілігімен алғаш айналысқандар І және ІІ Каспий теңізі жағалауының округтерімен ҚамысСамар қисымының қазақтары болды. Бөкей ордасын басқарған «Уақытша Кеңес» төрағасының 1913 жылы Астрахан губернаторына жолдаған жазбаша есебінде сол жылы 4447 қазақтың балық аулап, 16138-інің балық өңдеу кәсіпорындарында жұмыс жасағаны айтылған. Кеңес үкіметі тұсында ұзақ жылдар бойы облысымыздың шаруашылық саласында, партия жұмыстарында жауапты қызметтер атқарған Атырау өңірінің төл перзенті Сайфолла Сүйіновтің «Бөкей ордасы» деп аталатын кітабында осындай құнды деректер баяндалады.

Бұл балықшылар мамыр мен қыркүйек аралығындағы бес айда орта есеппен 150 сомнан табыс тапқан. Егер сол кездегі қойдың бағасы 2-3 сом, жылқы мен сиырдың бәсі 15-20 сомнан аспағанын ескерсек, бұл аз табыс болмаған. Белгілі қаламгер Әбу Сәрсенбаевтың «Толқында туғандар» романында жазғанындай, бұл бөкейлік қазақтардың бір бөлігінің балықшылықты тұрақты кәсіпшілікке айналдырып, өндірістің осы саласына маманданған, елді мекендерге тұрғылықты қоныстанып, олардың арасынан кәсіпқой балықшылардың шыға бастаған кезі еді. Бірақ, олар мұндай жағдайға оңайлықпен жеткен жоқ. Балықшы қазақтар XIX ғасырдың 40 жылдарынан бастап ХХ ғасырдың басына дейін біраз қорлық пен кемсітуді бастарынан кешірді.

Астрахан губерниясы Краснояр уезінің өзендерінен балық аулауға жалданған қазақтар кәсіпшілік конторы тарапынан көп зәбір көрген. Бұл жөнінде Уақытша кеңестің төрағасы генерал Новицкидің Астрахан губернаторына жолдаған хабарламасынан көп жайтты аңғаруға болады. Осы құжатта балық баулау кәсіпшілігінің қожалары қазақтарды жұмысқа жалдап әкелуді мердігерлерге тапсыратыны, ал олардың төлемақыны екі есе азайтып, жартысын өз қалталарына салып алатыны айтылған. Жалдамалы жұмысшыларға белгіленген еңбекақы олардың ұлтына қарай төленген. Ең жоғары еңбекақы – орыстарға, одан кейінгісі – қалмақтарға, ең төмені – қазақтарға берілетін болған. Оның үстіне тартымдардағы звенолардың құрамында болуға тиіс 12 адамның орнына қазақтардан 8-ақ кісі ұстаған.  Балықшыларға тиесілі жалақының жартысын арада жүрген мердігерлер жырып қалса, қожайындар «ұлтың қазақ» деп, бұған қоса, жұмысшылардың санын қысқартып, өздеріне пайда түсіріп отырған. Қалған ақшаны да тауармен есептескен. Айналып келгенде, қазақтардың қолдарына көк тиын тимейтін болған. Мұндай қорлыққа шыдамаған қазақтар өндіріс орнынан топ-тобымен қашып кетуге мәжбүр болады. Бұл екі жаққа да пайдалы болмаған. Өндіріс қожаларының жұмысы тоқтап, нағыз науқанның кезінде балық ауланбай қалса, қазақтар мардымсыз болса да табыстарынан айырылған. Бұл балықшылардың бірігіп қарсылық білдіруге, өз талаптарын қоюға шамасы жетпеген кездері болатын. Бірақ, осы жағдай хан ставкасындағы Бөкей ордасын басқаратын Уақытша кеңестің тарапынан ескерусіз қалмаған. Генерал Новицкий арнайы комиссия жіберіп, жоғарыдағы айтылған жағдайларды анықтайды. Содан соң, губернаторға қазақтарды балық аулау кәсіпшілігіне жалдаудың ережесін бекіту туралы ұсыныс жолдайды.

1906 жылы мамыр айында Никольск (Жанбай) селосының орыс шаруалары губернатордың атына арыз жазады. Олар 400 балықшы қазақтың мал-жандарымен көшіп келіп, өздерінің жайылысы мен шабындығын таптағанына шағымданған. Соның салдарынан алдағы қысқа мал азығынсыз қалу қаупі төнгенін айтып, қазақтарды бұл жерден көшіруді сұраған. Сөйтіп, 400 қазақ отбасы мен 500-дей орыс шаруаларының арасындағы дау-жанжал ушыға түседі. Мұның қақтығысқа айналып кетуінен қауіптенген губернатор құрамына лауазымды шенеуніктерді енгізіп, дереу мемлекеттік комиссия құрады.

Бұл даулы жерді Жанбай селосындағы орыс шаруаларының қауымдастығы Волга-Каспий бассейні басқармасымен (бұл кезде Каспий жағалауындағы аралдар осы мекемеге қараған) келісім-шарт негізінде жылына 755 сом ақы төлеп, жалға алған болатын. Ал, 1905 жылы Нарын құмынан келіп, Каспий жағалауындағы батағаларда балық өңдеуге және теңізге шығып, балық аулауға жалданып жұмыс жасап жүрген 400 балықшы Жанбайдың осы орыс шаруалары қоныстанған жерінің жартысын 1906 жылдың 10 мамырына дейін пайдалана тұруға келісім жасайды. Олар 525 сом ақы төлеп, сол жерге мал-жанымен көшіп келген.

Келісім-шарттағы мерзім аяқталып, «енді жерімізді босатыңдар» дегенде баратын жері жоқ қазақтар қозғала қоймаған. Қазақтардың қолында 2-3 сиыры, 5-10 қойы, бірен-саран жұмыс көліктері де болған. Сол жылы қуаңшылық болып, екі жаққа да мал бағу мен жан бағу қиындап кетеді. Істің мән-жайын тексеріп, анығына жеткен комиссия мүшелері дауды біржола түбегейлі шешуде тығырыққа тірелген. Біріншіден, Жанбай селосы орыстарының қойып отырған талабы заңды. Бұл қоныс –  олардың келісім-шарт бойынша ұзақ мерзімге жалдап алған жерлері. Қазақтар олармен бір-ақ жыл бірге отыруға келіскен.

Комиссия мүшелері солтүстік Каспий жағалауындағы аралдарды түгел қарап шығып, табыл-ған жерлерді үкімет қаржысына сатып алып, оларға қазақтарды бөліп-бөліп орналастырған. Сонымен, 400  қазақ отбасы Каспий жағалауының 23 аралына бөлініп, тұрақты қоныс тепкен. Бұл аралдардың біразының атаулары Құрманғазы ауданында әлі күнге дейін сақталған.

Осы кезден бастап Бөкейлік балықшы қазақтар елді мекен құрып, отырықшылыққа көшкен. Олардың арасынан ауқатты адамдар да шыққан. Бұлардың көпшілігі ХХ ғасырдың басында балықшы отбасында өмірге келген, алғашқы балық аулаумен айналысқан қазақтардың екінші және үшінші ұрпақтары болатын.

Ол кезде балықшылар мұз түсісімен «Реюшка» деп аталатын желкенді қайықпен теңізге шығып, балық аулайтын. Тек жаздың бір-екі айында ғана жағада болып, малына шөп дайындайды. Қыркүйекте теңізге қайта шығып, мұз қатқанша балық аулаумен айналысады. Мұз қатысымен ат шаналарын сайлап, қысқы маусымға шығып, итбалық пен қызыл балыққа ау құрады. Ол кезде моторлы кеменің не екенін білмеген қазақтар жұмыстың бәрін тек қол күшімен атқарған. Олар жағадан 40-50 қашықтықта, 5-6 құлаш тереңге дейін барып, тор құрудың қиындығы мен қаупін бастарынан кешіретін. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз