КІМДЕРГЕ ТЕГІН ГРАНТ ТАРАТЫЛУДА?
Құрманғазылық кәсіпкерлер 40,4 млн теңге қайтарымсыз грант алды.
Құрманғазы ауданында мемлекеттен берілетін қайтарымсыз гранттан үіміттілер саны өткен жылға қарағанда 141 пайызға артты. Оның ішінде ауылдық округ тұрғындары белсенді, деп хабарлайды Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.
2022 жылы «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы шеңберінде құны 6,7 млн теңгені құрайтын 3 жоба мемлекеттің грантқа ие болды. Сүйіндік ауылдық округінде «Азғыр өңірінен компьютерлік қызмет көрсету орталығын ашу», Қиғаш ауылдық округінде «Балық өнімдерін өндіру» және Дыңғызыл ауылдық округінде «Ағаштан эко өнімдер өндіру» жобалары мақұлданған. Жобаны 18 айдың ішінде жүзеге асыруы тиіс.
Бауыржан Құмаров – Құрманғазы ауданының «Үздік жыл кәсіпкері-2019» атанған. Ол осыдан үш жыл бұрын «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында мемлекеттен 2,5 млн теңге қаржы алған.
Оған отбасылық «мәрмәр, әйнек, мата және ағашқа ою-өрнек салып жазу» кәсіп түрін бастаған. Мұнда 2Д форматта портрет, түрлі сувенир мен ескерткіш бұйымдар, есімтақта жасаумен айналысады. Бүгінде кәсібінің қолданыс аясын кеңейтіп, үш адамды жұмыспен қамтымақ.
— Менің жобамның жалпы құны – 7,5 млн теңгені құрайды. Алайда, жоба жасақтаған кезде 5 млн теңгеге берген сұранысымның жартысы ғана тиісті. Жетпеген қаражатты өз қалтамнан қосып, қажетті шикізаттар мен лазерлік станоктар алдым. Қазіргі уақытта бизнесімді үлкейту үшін аула ішінен цех салып жатырмын. Оған 3Д форматта бұйым басатын фрезер станок орнатып, бесік, баспалдақ тіреуіші, есік сынды ірі бұйымдарды жасаймын, деді кәсіпкер.
Құрманғазы ауданында бұйым жасаудан бөлек жеке медициналық қызмет түрі де көрсетіледі. 10 жылдан астам уақыт орталық емханада оториноларинголог дәрігер Жекен Ізтілеуов өз кәсібін бастады. Ол «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында 2 млн теңге қайтарымсыз қаржы алып, 2021 жылы жеке лор бөлмесін ашқан. Оған рефлектор, кварц аппараты мен құрал-саймандар сатып алған.
— Бұл лор кабинет — ел игілігі үшін жасалған нәрсе. Халыққа тиімді баға ұсынып, жұмыстан тыс уақытта тексерілетіндей мүмкіндік болуы үшін ашылды. Мұнда келушілер алдын ала жазылып, кезексіз қабылданады. Қалаға бармай-ақ тиісті ем-домын алуға мүмкіндік бар. Қызмет көрсету бағасы ересек адамдар үшін — 3000, балаларға — 2000 теңге, деді Жекен Ізтілеуов.
Құрманғазы ауданы бойынша 17 кәсіпкер «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасымен мемлекеттен 40,4 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтып алған. Бүгінде олар кәсібінің нәсібін көріп, 39 тұрғынды жұмыспен қамтып отыр.