ХАЛЫҚ БАНКТЕ – «КӘСІПКЕРЛЕР КҮНІ»
-Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры және «Қазақстан халық банкі» АҚ Атырау облысы бойынша өкілдіктері басшылығы арасында жасалған үшжақты меморандумға сәйкес мұндай шаралар тоқсанына бір, жыл бойына төрт мәрте өткізілетін болып шешілген-ді. Бекітілген кестеге сәйкес бүгін міне, кезекті «Кәсіпкерлер күнін» өткізіп отырмыз,-деді басқосуды кіріспе сөзбен ашқан Халық банкі облыстық филиалының өкілі Гүлмира Ахметова. Әріптесінің бастаған әңгімесін әрі қарай «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Атырау филиалының субсидиялау және кепілдік беру жөніндегі менеджері Нұргүл Құспанова жалғастырды.
— Біздің міндетіміз банктер арқылы бизнесті қолдау шараларын алып, жергілікті жерде кәсіпкерліктің өрістеп, кеңінен қанат жаюына ықпалдасу, бизнес-жобалардың жүзеге асуына септесу. Соның ішінде,14 пайыздық жылдық қайтарыммен ұсынылатын несиенің 7 пайызының, яғни тең жартысының мемлекет есебінен қаралған субсидиялау жолымен өтелуін, сонымен қатар, қалыптасқан және ісін жаңадан ашқан кәсіпкерлер үшін кепілдік соманың (85-50 пайыз көлемінде) берілуін қамтамасыз ету. Бұл жұмыстар негізінен екі бағытта жүргізіледі. Біріншісі моноқалалар мен ауыл-селоларға, екіншісі шаһарларға арналған. Онда да бизнес-жобаның ерекшелігі мен кәсіпкердің келешекте атқаратын қызметіне, игеретін жұмыс ауқымына қарай несиелеудің шарттары мен қайтару мерзімдерінде жеңілдіктер көзделген.
— Бізге жүктелген ең маңызды міндет – кәсіпкерлерге сервистік (жан-жақты) қолдау көрсету. Осы ретте бизнес субъектісінің мемлекеттік сатып алу, маркетинг (бизнес-жоспар), менеджмент (басқару), заңгерлік кеңес, бухгалтерлік есеп, мамандарды іріктеу, сыртқы экономикалық байланысқа кіру, халықаралық сапа менеджментін енгізу мәселелері бойынша кәсіпкерге қажетті ақпараттар тарату, консультациялар беру, сонымен қатар, кәсіпкерлердің заңды құқықтарының қорғалуына жағдай туғызу,-деп жалғастырды әңгімені Атырау облысы бойынша Ұлттық кәсіпкерлер палатасы сервистік қолдау бөлімінің басшысы Ақан Қайырғалиев.
Кезегі келгенде, өздеріне қатысты айтылғандарға құлақ асып, мұқият тыңдап, зерделеген кәсіпкерлер арасынан «Баймурзина» жеке кәсіпкерлігінің иесі Айгүл Егежанқызы, «Бренд» ЖК-нің директоры Ерболат Ғизатов ой-пікір, ұсыныстарымен ортақтасты, шешімін күткен проблемаларымен бөлісті.
Дәулетқали АРУЕВ,
суретті түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.