Каспийден – Қара теңізге дейін: құбыр қайта іске қосылды
Қазақ мұнайын шетелге тасымалдап отырған Каспий құбыр консорциумында жоспарлы жөндеу жұмыстары аяқталып, құбыр желісі қайта іске қосылды. Үш тәулік бойы тоқтап тұрған желіге «қан жүгіріп», пайдалануға берілді. Бүгінде елге экономикалық жағынан тиімді «қара алтын» экспортын қамтамасыз етіп отырған консорциумда жүзеге асырылған іс-шаралар, тасымал бағытын әртараптандыру бағытында тындырылған істі сараптап көрсек, қол жеткізген нәтижеге көңіл тоғаяды.
Жасыратыны жоқ, Теңіз кенішінен өндірілетін мұнай сонау Қара теңіз жағасындағы Новороссийск порты арқылы экспортталады. Өткен жылдары Каспий құбыр консорциумында 585 танкер тиеліпті. Мәселен, Италияға 213, Францияға 39, Америка Құрама Штаттарына 26, Испанияға 41 танкер «қара алтын» жіберілген. Егер құбыр зақымдалса, бұл елдерге шығарылатын мұнай көлемі де айтарлықтай азаяды. Сондықтан, консорциумда жоспарлы жөндеу жұмыстары жылына бірнеше мәрте жүргізіледі. Консорциумның баспасөз қызметінің хабарлауынша, осы кезеңде әртүрлі мұнай құбыры жүйелері, мұнай айдау станциялары және теңіз терминалы жөнделген. Сондай-ақ, механикалық-технологиялық, энергетикалық және электр жабдықтары, автоматтандыру және басқару бақылау-өлшеу аспаптары жүйелері де қамтылған. Мамандардың айтуынша, мұндай кең ауқымды шаралар тек сорғы станциялары мен мұнай құбырларының тоқтаған кезде жасалады.
«Ресейлік және қазақстандық тараптың мамандары мен мердігерлері барлық желілік бөліктегі апаттық және блок қорғанысының жұмысын тексерген. ПС-7 және 1353 шақырымдағы тазалау-диагностикалық қондырғылар камерасының ысырмаларын орташа жөндеу шаралары аяқталды. Теңіз, Астрахан мұнай айдау станцияларында және 390-ыншы шақырымдағы тазалау-диагностикалық қондырғыларды қабылдау камерасында негізгі шар клапандарының технологиялық 3 ұңғымасында шар мен плунжер клапандарының тығыздағыштары ауыстырылды», — делінген консорциум таратқан баспасөз хабарламасында.
Ал, «сызықтық бөлікте» магистралдық мұнай құбырының бірнеше учаскесіндегі ақаулар конструкцияларды орнату арқылы жөнделген. Тиісті бағдарлама аясында негізгі шар клапандарының ескірген 9 электр жетегі алмастырылды.
«Консорциумның Ресей Федерациясындағы негізгі қызметінің күрделі жобаларын іске асыру мақсатында сорғыны жоспарлы тоқтату кезеңінде Теңіз терминалының резервуар паркіндегі қысымды реттеу блогының жұмыс схемасы жаңартылған. Апаттық май шығаратын құрылғысы бар гидравликалық жуу желісін техникалық жөндеудің бірінші кезеңіне сәйкес, қысымды түсіру желісі ажыратылды. Ставрополь өлкесіндегі және Кубандағы консорциумның мұнай айдау станцияларында, сондай-ақ Теңіз терминалында электрмен жабдықтау сенімділігін арттыруға байланысты жұмыстар сәтті аяқталған. «Танк паркі» теңіз терминалы мен «құрлықтағы құрылымдардың» қолданыстағы электр желісін техникалық жағынан қайта жарақтандыру аясында цистерналар паркінің бас электр станциясының жоғары вольтты ұяшықтары жаңартылған. Тығындарды жою бағдарламасын іске асыру шеңберінде құрлықтағы нысандарда мұнайдың саны мен сапасын өлшеудің үш жүйесінің жұмысын басқаруда жаңа тетіктер қолданылған, — деп атап көрсетті консорциумның баспасөз қызметі. Қазір теңіз терминалында мұнай қалыпты режимде жөнелтілуде.
Ал, «Exxon Mobil» компаниясының аға вице-президенті Джон Уиланмен кездескен «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев экспорт маршрутын әртараптандыру бағытында атқарылып жатқан шараларға тоқталды. Әсіресе, Баку–Тбилиси–Джейхан бағыты бойынша бірлесе жасалған бастамаларды айрықша атап өтті. Рас, бүгінде Каспий Құбыр Консорциумы еліміз үшін тиімді әрі қолайлы бағыт болғанмен, тасымал аясын әртараптандыру маңызды міндет. Сарапшылар жыл соңына дейін 90,6 миллион тонна мұнай өндіруді межелегенмен, соңғы уақытта көрсеткіштердің төмендеп кетуі шикізатқа тікелей байланысты ел экономикасына оңай соқпайтынын жиі қозғап жүр. Айталық, еліміздегі тәуліктік «қара алтын» өндіру көлемі 234 мың тоннадан 230 мың тоннаға дейін түсіп кеткен. Ал, мақсатқа жету үшін күн сайын жыл соңына дейін 250 мың тонна мұнай өндірілуі тиіс.
Қазақстан мұнайын экспорттау үшін Баку–Тбилиси–Джейхан құбырының мүмкіндігі қандай? Еске сала кетсек, 2010 жылы Әзербайжанда 51 миллион тонна мұнай өндірілген екен. Ол межеге Әзербайжан–Чираг–Гүнашли және Шах–Дениз сияқты мегажобаларды жүзеге асыру арқылы қол жетті. Десек те, бұл жобаның «ғұмыры» қысқа болды. Соңғы жылдары өндіріс жылына 30 миллион тонна шамасында қалды. Қорлар таусылып, ішкі мұнай тұтыну көлемі ұлғайды. Сөйтіп, экспорттық мүмкіндіктер шектелді. Ал, 2007 жылы Баку–Тбилиси–Эрзурум газ құбырының іске қосылуы Әзербайжанның әлемдік энергетика нарығындағы ролін айтарлықтай күшейтті. Өткізу қабілеті жылына 60 миллион тонна болатын Баку–Тбилиси–Джейхан әзербайжандық мұнайдың әлемдік рынокқа шығуының ең маңызды арнасына айналып, елдің экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтті. Бұл бағыт қазақстандық мұнайды мұхит асырудың негізгі бағыттарының біріне айналды.
Атап айтқанда, биыл осы желі арқылы 1,5 миллион тонна «қара алтын» тасымалдау келісімі бар. Ол «SOCAR» мен «ҚазМұнайГаз» арасында жасалған келісім аясында жүзеге асырылады. Келісім бойынша Теңіз мұнайын Баку–Тбилиси–Джейхан арқылы жеткізу былтырғы наурызда басталған. Жалпы, Теңіз кенішінен алынған мұнайды осы бағыт аясында жыл соңына дейін Каспий теңізі арқылы тасымалдау үшін Ақтаудан Санғашал терминалына 12-14 танкер рейсі жоспарланыпты.
Сарапшылар Әзербайжан мен Қазақстанның Баку–Тбилиси–Джейхан құбырын пайдаланудағы ынтымақтастығын тереңдету өзара тиімділік перспективаларын ашатынын жиі айтып жүр. Бұл құбырды пайдалануды оңтайландыру арқылы қос тарап та мұнайды экспорттау мүмкіндігін кеңейтпек. Демек бұл ынтымақтастық олардың әлемдік мұнай нарығындағы орнын нығайтып қана қоймай, болашақта энергетика саласы табыс пен тұрақтылыққа жол ашады деп күтілуде.
Айбөпе САБЫРОВА