Кәсіпкерліктің дамуы мен қаржының игерілуі қалай?
Атырау облыстық мәслихаты бюджет, қаржы, экономика және өңірлік даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының кезекті отырысы өтті.
Күн тәртібінде бірінші болып кәсіпкерлік саланы қолдауға бөлінген мемлекет қаржысының өңірдің өркендеуіне әсері мен тиімділігі турал мәселе қаралды.
Бұл жөнінде облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Нұрдәулет Жұмасейітов баяндады. Оның айтуынша, жыл басынан бері облыста тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 68 715 бірлікті құрады. Оның ішінде нақты жұмыс жасайтын бизнес субъектілерінің саны 63 253-ке тұрақтады. Осы салаға жұмыспен қамтылғандар саны 142,2 мың адам. Өндірілген өнім көлемі 1 046,2 млрд. теңгеге жетті. Жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 21,4%-дан асты. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында есепті мерзімде мемлекет қазынасынан 11,8 млрд. теңге (оның 8,9 млрд.теңгесі – республикалық, 2,9 млрд. теңгесі – жергілікті бюджеттен) бөлінді. Күні бүгінге 33 млрд. теңгеге бағаланған 760 жоба субсидияланып, кепілдендірілді.
Екінші мәселе «2023 жылғы облыс бюджетінің атқарылуы туралы» Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Нұрбол Қонысовтың хабарламасы тыңдалды. Баяндамашының мәліметінше, өткен жылы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерінің бірі — жалпы өңірлік өнім 4,4%-ға өскен. Жалпы өңірлік өнімнің нақты көлем индексі 107,4%-ды құрады. Облыстың республиканың жалпы ішкі өнім көлеміндегі үлес салмағы – 12%-ға тең. Жыл қорытындысында жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім – 20 509,2 мың теңгені құрап, өңірлер бөлінісінде алғашқы орынға шықты. Жоспарланған бюджет түсімдері 108,4 %-ға орындалған. Нақты түсімдер көлемінде де өсім байқалды. Дегенмен бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,3 %-ға төмендеді. Бұған бюджеттік кредиттерді өтеу саласындағы кейбір жүйесіздіктер себепші болған.
Дәулетқали АРУЕВ