КӘСІПКЕРЛІККЕ – НЫҚ ҚАДАММЕН!
— Аталған Одақ Қазақстанда үлкен мүмкіндіктердің бастамасы болатынына сенімдімін. Әсіресе, Ресей Федерациясымен шекаралас аймақ үшін маңызы тіптен зор. Бұл дегеніңіз –үлкен нарық, яғни, бизнесті дамыту мен кеңейтуге маңызды перспективалар. Дегенмен, ресейлік нарықтың әртараптандырылғаны соншалық, оны кез-келген жаңашылдықпен таң қалдыру оңай емес екендігін де ескеруіміз қажет. Баршамызға белгілі, бүгінгі таңда Ресейде ішкі жалпы өнім 17 трлн. рубльден асып жығылады. Демек, біз мұны да назардан тыс қалдырмай, әрекет етуіміз керек. Өйткені, біздің алдымызда Дүниежүзілік Сауда Ұйымына кіру міндеті тұр, сондықтан Еуразиялық кеңістікте өзімізді лайықты көрсеткеніміз жөн.
— Ол үшін елімізде жүзеге асып жатқан кәсіпкерлікті қолдау шаралары да жетіп артылады емес пе?
— Айтуыңыз орынды. Қазақстанда бұл бағытта түрлі мемлекеттік бағдарламалар да қабылданды, салық көлемі де төмен. Тек мұны дұрыс пайдалана білген абзал. Меніңше, жұрт әлі де мемлекеттік қолдауды жетік, әрі толыққанды білмейтін секілді, сондықтан, оны алуға екінің бірі бара бермейді. Демек, ендігі міндет – осы мақсатта көбірек жұмыстанып, кәсіпкерлер арасында кеңінен түсіндіру шараларын өрістету.
— Мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау бағытында құрылған арнайы ұйымдар да бар…
— Әрине. Мәселен, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы отандық бизнесті қолдау үшін дер кезінде құрылған ұйым болды. Ол өзін нақты істе дәлелдеді, Қазақстандағы бизнес-құрылымдардың басын біріктірді. Егер бұрын әр кәсіпкер өз құқығын қорғап, проблемаларын бір өзі ғана шешсе, қазір біз үлкен командаға айналдық. Ал, бұл әлемде орын алып жатқан қаржылық қиын шақтарда қиналмай өтуге оң әсерін тигізері анық.
Айбөпе САБЫРОВА.