БАҒАНЫ ТҰРАҚТАНДЫРУ ҮШІН ЖАҢА ЗАҢ ҚАБЫЛДАНБАҚ
Бұл Жолдауды халықтың асыға күткендігі шындық. Ел ішінде түрлі әңгімелер өрбіді. Бірі «Үкіметті таратады» десе, екінші біреулер «Парламентті, Сенатты босатады» дегендей ақпараттар тарады.
Мемлекет басшысы өте әділ шешім қабылдап, ел арасындағы түрлі қауесеттерге нүкте қойды. Ең маңыздысы, мемлекетіміздің кепілі (гарант) есебінде күзде Президент сайлауын өткізу жөніндегі ұсынысы – елдегі 19 млн. халықтың ұсыныс-пікірі мен сенімінің нақты айқын, ашықтығын анықтап алу екендігін көрсетеді. Сондай-ақ өзі де бұл сайлауға қатысатындығын батыл мәлімдеді. Әділетті Қазақстан құрудағы басты принциптің орындалысы, халықтың көңілінен шығатын мемлекет басшысын сайлап алғаннан кейін, басқару құрылымдарына алдағы жылдың бірінші жартысында өзгеріс енгізу – жаңа Қазақстанның бастауындай сезілді.
Сонымен қатар, мемлекет басшысы Үкіметке әлі де болса ішкі жағдайды терең саралап, келеңсіз жайларды болдырмаудың дер кезінде шарасын алуды тапсырды. Жолдау аясында әдеттегідей әлеуметтік сала да тыс қалмай, құрылыс бойынша әлеуметтік нысандар мен жол мәселесі, денсаулық сақтау саласындағы жаңа ұлттық жоба, білім бағытындағы заманауи жаңашылдықтар қолға алынбақ.
Ел экономикасының драйвері – кәсіпкерлік салаға кеңінен қолдау көрсету бүгінгі күннің басты мәселесі. Президент бұл жүйенің жұмысын жандандыруды басқаша, жаңадан бастаудың тиімділігін, соған баса назар аудару керектігін айтты. Қолжетімді несие, жер бөлу, мемлекеттік сатып алу, өнім өндіру, ішкі нарықтағы бағаның тұрақтылығын қалыптастыратын басты механизм – 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін жаңа заң қабылдауға тапсырма берді. Әсіресе, өз кәсібін бастауға бел буған жастарға аз пайызбен несие беру елдегі жаңа жас кәсіпкерлер буынын және бәсекеге қабілетті бизнестерді қалыптастырары сөзсіз. Жалпы бұл Жолдау елді елең еткізіп, қоғамды бір серпілтіп тастады. Жалаң сөз, нәтижесіз ұрандату, қол жетпейтін биіктікті бағындыру секілді сөз жүзінде қалатын тапсырмалар айтылған жоқ. Басты мәселе еңбек өнімділігі, тәртіп, тазалық, бірлесе атқарған берекелі іс пен ішкі жағдайларды толық реттеп алуға тиімді тапсырмалар берілуімен бүгінгі Жолдау құндылығын көрсетті.
Мұрат САРМАНОВ, кәсіпкер