Жарнама
ЭкономикаСарапTime

КӘСІП АШУ – масылдықтан арылудың кілті

ЖАСТАРДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ – БҮГІНГІ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕНІҢ БІРІ. БҰҚАРАНЫҢ ТОЛҒАҚТЫ МӘСЕЛЕЛЕРІН ҚАМТЫҒАН ПРЕЗИДЕНТ ХАЛЫҚҚА АРНАҒАН ЖУЫРДАҒЫ ЖОЛДАУЫНДА ЖАСТАРҒА ЖАН-ЖАҚТЫ ҚОЛДАУ КӨРСЕТУ МАҚСАТЫНДА ТҮРЛІ МҮМКІНДІКТЕР ЖАСАЙТЫНЫН АЙТТЫ. ОБЛЫСТЫҚ «АTYRAÝ » ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ГАЗЕТІНІҢ РЕДАКЦИЯСЫНДА ӨТКЕН ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛГЕ ОСЫ ТАҚЫРЫП АРҚАУ БОЛДЫ. БАСҚОСУҒА ЖИНАЛҒАН АТАЛҒАН ТОП ӨКІЛДЕРІ «УЛЬТРАСТАБ-ҚАЗАҚСТАН» ЖШС ТЕҢ ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ ЖӘНЕ БАС ДИРЕКТОРЫ АЗАМАТ АСЫЛБЕКОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫ ҮЙЛЕСТІРУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ МӘЛИКЕ ХОЗЕ-ДИАСОВА ЖӘНЕ «PERIZAT TАTTILERI» КОНДИТЕР ЖЕЛІСІНІҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ ПЕРИЗАТ ҚАНАТҚЫЗЫ МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ҰСТАНЫМЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ӨЗІНДІК КӨЗҚАРАСТАРЫН БІЛДІРІП, ОЙ-ТҰЖЫРЫМДАРЫМЕН БӨЛІСТІ.

Назарбек ҚОСШИЕВ, облыстық «Аtyraý» қоғамдық-саяси газетінің Бас редакторы: – Президенттің халыққа арнаған Жолдауы азат елдің озат ойлы жалынды жастары үшін жарқын жетістіктерге жол ашатын мүмкіндіктердің бастауы болған сыңайлы. Жаңашыл реформалар мен нақты қолдаулар жастардың болашаққа деген сенімін күшейтетіні анық. Жолдауда көтерілгендей, жастарға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын несие беріліп, бұл мүмкіндікті әр жас мейлінше пайдаланар болса, жұмыссыз жастардың саны азаяр ма еді?

Перизат ҚАНАТҚЫЗЫ: – Елдің ең басты тірегіне, дүрсілдеп соққан жүрегіне айналған жастардың күш-жігері қоғамның үздіксіз дамуына үлкен үлесін тигізеді. Жолдауда айтылған мүмкіндіктерді әрбір жас жіті түсініп, кәсібін жүргізуге пайдаланатын болса, жұмыссыз жастардың да саны азайып, жаңаша серпіліс болады деп ойлаймын. Бүгінгі жастар қауымына мақсатқа жетер жолдар көп. Кәсіпкерлікке арналған мемлекеттік гранттарға қарағанда, алдағы уақытта 2,5 пайыздық үстемемен берілетін шағын несиелер пайдалы болатыны сөзсіз. Бұл – бар жобаны жоққа шығару деген сөз емес, мемлекеттік гранттың да пайдасын көріп, кәсібінің нәсібін жеп жүргендер бар. Бірақ, грантқа қол жеткізе алмаған жастар кәсіп бастау үшін 20 пайыздан астам үстемемен несие алуға мәжбүр болып отырғанын ескеруіміз керек. «Даму» кәсіпкерлікті қ ол д ау қ о р ы а р қ ы л ы бе р і л ге н мемлекеттік жеңілдетілген жобаны пайдаланғанның өзінде 6 пайыздық несие алады. Сондықтан, Жолдауда айтылғандай, 2,5 пайызбен несие беру жастарға мол мүмкіндік сыйлайды деп айта аламын.

Азамат АСЫЛБЕКОВ: – Бизнеспен айналысамын деген адам міндетті түрде салықтық режиммен кездеседі. Президент тапсырмаларының бірі – Салық жүйесін оңтайландыру. Мұндай салықтық өзгерістер салық міндеттемелерін жеңілдетуге, сыбайлас жемқорлықты жоюға және әлеуметтік әділеттілікке қол жеткізеді. Бұл – бизнес үшін өте қажет іс-шаралар. Е л і м і зд е г і к ә с і п б а с т ауд а ғ ы негізгі проблеманың бірі – қаражат жетіспеушілігі. Өйткені, банктер арқылы шағын бизнесті несиелеу механизмі өте ауыр. Кепілдік қажет. 18 — 22 жастағы бала үшін әке-шешесінің үйін кепілге қойып, тәуекелге бел буу қиын. Өйткені, бәріңізге белгілі, стартаптардың 80-90 пайызы алғашында күйіп кетеді. Жеңілдетілген несиелер беріліп жатыр, 6 пайыздық несиенің өзі жақсы. Бірақ, алудың қиындығы сондай, көп адам жарты жолдан қолын бір сілтеп, тастап кетіп жатады. Біздер жұмысымызды банктен несие алып бастаған жоқпыз. Несие алып, рәсімдеуге көп уақыт кетеді. Екінші мәселе, бизнес болғасын мемлекеттік органдармен байланыста болады. Әбден пісіп, жолға қойылғанға дейін қателіктерге бой алдырады. Мәселен, салыққа қарызға батып, кейін барлық есепшоттары бұғатталып, үлкен проблемаға айналады. Осы орайда, салықтың қарапайымдылығы қажет, салығыңды төледің, болды. Басқа нәрсеге бас қатырмайтындай болуы керек. Бұл және елдегі көлеңкелі бизнестен шығаруға мүмкіндік береді. Жастардың арасында жұмыссыздық бар. Ол қайдан пайда болды? Кез-келген дамыған елде белгілі бір мөлшерде жұмыссыздық деген мәселе болады. Ал, біздегі жастардың арасындағы жұмыссыздық деңгейі тиісті мөлшерден көп. Неге? Табысты болу үшін ғана емес, бақытты болу үшін де істеп жүрген жұмысыңды жақсы көру маңызды. Қазір ше? Жастардың дені өзі қалаған қызметінде жүрген жоқ. Мысалы, мен 2009 жылы мектеп бітірген кезде ҰБТ тапсырдық. «Алтын белгімен» мектепті аяқтадым. Бірақ, өзім қалаған оқу орнына грантқа түсе алмадым. Өйткені, бәсекелестік жоғары болды. Ақылы бөлімге түсіп, ата-анама ауыртпашылық салмауым үшін, кейінгі оқу орнына тапсырып, сол жерден білім алып шықтым. Тегін. Ешкімге өкпем жоқ. Көптеген жас өзі армандаған оқу орнына грантқа түсе алмағандықтан жүрегі қаламаған іспен айналысады. Президент әр жастың арманына қол жеткізіп, қалаған мамандығын игеруі үшін де молынан мүмкіндік жасап отыр. Осы орайда, білім алуға жылдық өсімі 2-3 пайыз болатын жеңілдетілген несие де беріледі. Кәсіппен кез-келген адам айналыса алады. Бірақ, оны бәрі бірдей дөңгелетіп алып кете алмайды. Бизнеспен айналысқыңыз келе ме, кәсібіңізге сенуіңіз керек. Басқалардан айырмашылығы болуы керек. Өзіңнің артықшылығыңа басымдық беріп, нарықта қалай пайдалану қажеттігін зерделеу қажет. Қаржылық жеңілдіктер мәселені жеңілдетуі мүмкін, бірақ мәселені шеше алмайды. Бізде ақша бөлінеді, дегенмен бюрократиялық кедергілер, несиені алуда қиындықтар тудырады. Мемлекеттің қаражаты болғаннан кейін ол қайтарылуы керек деген ұғым қалыптасқан. Оның сұрауы бар. Құжаттарды тапсырып, есеп беріп отыру қажеттілігі туындайды. Бұл стартап бизнеске келіңкіремейді. Банкрот болуы мүмкін. Осы орайда, кәсібін алғаш бастағалы отырған жастарға ерекше жағдай жасалуы керек. Қаражатты игере алмай қалу мүмкіндігі ескерілуі қажет. Иә, Үкіметке белгілі бір сомада зиян келуі мүмкін. Бірақ, жас кәсіпкерге ол тәжірибе бо[1]лады. Келесіде, ол кәсіпкер қателігінен сабақ алып, кәсібін сауатты жүргізіп, елдің экономикасына бірнеше миллион табыс әкелуі мүмкін.

Мәлике ХОЗЕ-ДИАСОВА: – Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар қаражаты қажетті еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, жануарларды, малды, құсты сатып алу үшін нысаналы мақсатта пайдаланылады. Гранттар тұтынушылық мақсаттарға, несие қарыздарын өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер телімдерін сатып алуға, акцизделетін өнімдердің өндірісіне және жалдау ақысына берілмейді. Грант алған жастардың өздерінің құлшыныстары жоқ. Қайтарымсыз несие алған соң, жыл бойына онлайн есеп беріп отырады. Көп кемшіліктер кездеседі. Уақытында чектерін салмайды. Содан кейін қайтару керек болады. Тіпті, жартысына жуығынан сот арқылы қайтарып алып жатырмыз. Байқасаңыз, дені қайтарымсыз қ а р а ж ат б ол ғ а н н а н ке й і н о ғ а н жауапкершілікпен қарамайды. Есебін беріп отырса да, адамнан қулық артылған ба, оны ебін тауып, жымқырып қалғысы келетіндер де табылады. Ал, пайызбен несие алатын болса, үстіндегі үстемеден қорқып, жұмысын жүйелі жүргізуге ұмтылады.

Назарбек ҚОСШИЕВ: – Жолдауда жан-жақты мүмкіндікті пайдалана отырып, жастарды жұмыспен қамту жайы да сөз болды. Бұл бастама тек жұмыссыздықты шешіп қоймай, масылдықтың алдын алуы мүмкін бе?

Азамат АСЫЛБЕКОВ: – Негізі жастарға да, жұмыссыз жандарға да мемлекет бар мүмкіндікті жасап отыр. Осыдан екі жыл бұрын ж ұ м ы с о р н ы м н а н қ ы с қ а р т у ғ а ұшырадым. Қажеттілік болмаса да, жүйенің қалай жұмыс жасайтынын көру мақсатында, жұмыссыз адам ретінде жергілікті жұмыспен қамту орталығына тіркелдім. Таңғалғаным, маған бұрынғы жұмысымдағы еңбекақымның 45 пайызы түсті. Күнде телефоныма вакансиялар келе берді. Тағы бір айта кететін жағдай, жұмыссыз жүрген жандарға арзан несиелер беріледі. Халықтың белгілі бір бөлігінде масылдық психология бар. Мемлекеттің байлығының бір бөлігі бізге берілуі керек деп ұрандатамыз. Жаңа Қазақстан дегеніміз – әділетті Қазақстан. Әділетті Қазақстан принципі бойынша, Ұлттық қор табысының 50 пайызы балаларымыздың есепшотына түсетін болады. Ұлттық байлықты бөліп береді. Ақиқатында, мемлекет сізді асырамауы керек, ол жұмыс жасау үшін жайлы жағдай жасайды, салық жүйесін жеңілдетеді. Осы себепті масылдықтың алдын алу үшін кәсіпкерлікті, кәсіпкерді насихаттау қажет болар. Мұғалім, дәрігердің мәртебесін көтергеніміз секілді, кәсіпкерлікті де мейлінше дәріптеу қажет секілді.

Перизат ҚАНАТҚЫЗЫ: – Жұмыс жасамай, елден көмек күтетіндер көбейіп кетті. Тек Үкімет тарапынан бөлінетін жәрдемақыға өмір сүріп, алақан жаюға болмайды. Қоғамда кәсіппен айналысу идеясын насихаттай беру маңызды. Адал еңбегімен табыс табатын кәсіпкер – мемлекеттің тірегі. Кәсіп ашу – масылдықтан арылудың кілті. Байқаймын, еңбек адамының қоғамдағы ролін төмендетіп алдық. Әлеуметтік желілердегі әдемі өмір кеңінен насихатталады да, сол сән[1]салтанатқа, сол қаржылық жағдайға қаншалықты еңбектің күшімен жеткендігі насихатталмайды. Соның салдарынан қоғамда «тез байып кетсем, ақшаны оңай тапсам» деген түсінік қалыптасқан. Бізде мемлекет тарапынан қанша қолдау, гранттар, субсидиялар бөлінгенімен өндірістің дамымай жатқанының бір себебі де осы – «Еңбек адамының» ролінің төмендігінен.

Мәлике ХОЗЕ-ДИАСОВА: – Расымен, «алма піс, аузыма түс» дейтіндер көбейіп кетті. «Үкімет маған не береді» деп қол жаймай, керісінше «еліме мен не бере аламын» деген ойды санаға сіңіру адамның талмай еңбек етуіне жол ашар еді. Біреудің есебінен өмір сүру, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп күн көру, қиындыққа төзімсіздік таныту, жеңіл табыс табуға ұмтылу сынды жағымсыз әрекеттер қазіргі қоғамның кесірі болып отыр. Шындығында, адам еңбек ету арқылы ғана жетіледі. Заман талабына сай табыс табуына, лайықты жұмыс жасауына, өз мүмкіндіктерін толық пайдаланып, құқықтарының шектелмеуіне жағдай жасау мемлекеттік органдардың басты міндеті деуге болады. Жолдауда жан-жақты мүмкіндікті пайдалана отырып, жастарды жұмыспен қамту жайы да сөз болды. Бұл бастама тек жұмыссыздықты шешіп қоймай, масылдықтың да алдын алады деп ой[1]лаймын. Жалпы, қоғамдағы жастар пулы – үлкен күш. Мемлекеттік саясатта оны ескермеу мүмкін емес. Сондықтан Президент жастарды елдің драйвері ретінде танып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Б і р с ө з бе н а й т қ а н д а , б ұ л – кәсіпкерліктің дамуына барынша жасалған жағдай. Жұмыс істеймін дейтін азаматтарға қолдау көрсетеміз.

Назарбек ҚОСШИЕВ: – Жұмыссыздықтың дені ауылда болып есептеледі. Ауылдың ниетті, құлшынысы жоғары жастарына қандай мүмкіндік бар?

Перизат ҚАНАТҚЫЗЫ: – Мегаполисте жақсы пайда әкелетін көптеген бизнес-идеялар ауылда сұранысқа ие болмауы мүмкін. Сондықтан, егер сіз өзіңіздің кірісті бизнесіңізді ашқыңыз келсе, ең бастысы, қызметтің дұрыс бағытын таңдау маңызды. Кәсіпті бастамас бұрын бәсекелестердің ұсыныстарын мұқият зерттеп, тиісті қорытындылар жасау керек. Көптеген адам шағын қалалар мен ауылдарда тек ауылшаруашылық жұмыстарымен айналысуға болады деп ойлайды. Бірақ, ол олай емес қой. Шағын инвестиция, арзан жұмыс күші және қымбат емес орынды жалға алу арқылы да жетістікке жетуге болады. Қазір ауылдың қыз-келіншектері ютуб, әлеуметтік желілер арқылы фудблогерлерден түрлі тәтті пісіруді үйреніп алып, өнімдерін дүкендерге сатылымға қойып отыр. Бұл хоббиларын шағын бизнеске айналдыруға мүмкіндік бар. Бизнес жоспарын дайындап, мемлекеттік гранттарға қатысып, бақтарын сынауларына болады. Сол арқылы техникаларын алып, неге кондитерлік цех ашпасқа?! Табыс әкеледі, өзі секілді қызкеліншектерді жұмыспен де қамтиды.

Азамат АСЫЛБЕКОВ: – Өмірін ауылмен байланыстыратын адамға қандай кәсіппен айналысамын десе де мүмкіндік бар. Ауылдық жерде кәсіп ашудың артықшылығы – бәсекелесінің аздығы. Оны жоқ деуге де болады. Қаладағы бизнесті ауылға көшіріп алып келуге болады. Тек нарықты зерттеп, бағдарлау қажет. Кәсіпкерлерді шетелге тәжірибеге алмасуға жіберіп тұру қажет деп ойлаймын. Бізде қазір «трендтегі» дүниелер, ол елде бұдан бұрын қолданылуы мүмкін. Сол себепті, дамыған мемлекеттің тың идеясын көшіріп, өз елімізде жасай аламыз.

Мәлике ХОЗЕ-ДИАСОВА: – Жыл басынан бері «2022-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде» 175 адам мемлекеттік грант алды. Оның ішінде 128-і ауылдық өңірлерден. Яғни, мемлекеттік грант иелерінің 73 пайызы – ауыл адамдары. Мәселен, Құрманғазы, Қызылқоға аудандарында мал шаруашылығын дамытуға өтініштер түссе, Жылыой ауданының тұрғындары тегершік жөндеу секілді қызмет көрсету салалары бойынша кәсіп жасауға ниетті.

Назарбек ҚОСШИЕВ: – Қaзіргі тaңдa мемлекет тaрaпынaн жacтaрғa ұcынылғaн көптеген мүмкіндіктер бaрын айтып отырсыздар. Түрлі мемлекеттік бағдарламалар жастар арасындағы жұмыссыздықты жоюға қаншалықты әсер етіп етеді? Масылдықтан қалай құтыламыз?

Мәлике ХОЗЕ-ДИАСОВА: – Әлеуметтік сала дегенде ойымызға, ең алдымен, жұмыссыздық мәселесі келетіні белгілі. Аталған проблема дамушы елдерде ғана емес, дамыған елдерде де өзекті саналады. Себебі, халық санының табиғи өсімі мен азаюы біркелкі жүрмейді, зейнетке шыққан мамандардың орнын лезде алмастыру мүмкін емес. Мәселен, бізде «Ұрпақтар келісім-шарты» жобасы бар. Ол 2021- 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылуда. Мұндағы мақсат – жас мамандарға жұмыс ұсыну әрі зейнеткерлікке шығатын мамандардың орнын ауыстыру процесіне дайындық. Диплом алған жастардың бірден жұмыс тауып кете алмайтыны белгілі. Ал, кейде, керісінше, өз ісінің кәсіпқойы саналатын, зейнет жасына жетіп қалған маманның орнына адам табу оңай емес. Сондықтан, екі қоянды бір оқпен «ату» үшін осы жобаны қолға алып отырмыз. Жобаға оқуды аяқтағанына екі жылдан аспаған және жасы 29-дан аспаған түлектер қатыса алады. Ол белгілі бір мекемедегі зейнетке шығуға кемінде 6 ай уақыты қалған қызметкерді алмастырады. Қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін сол мекеменің басшылары жас маманды тәлімгердің бос жұмыс орнына немесе басқа бос орынға ауыстыруға міндетті. Алғашында 18 ай көлемінде жалақы мөлшері 30 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Дегенмен, жастар мұндай еңбекақыға келіспейді. Оларға 200-300 мың теңге аралығындағы табыс керек.

Азамат АСЫЛБЕКОВ: – Кеше ғана колледж студенттерімен кездесуде болдым. Қатысушы жас жігіт электрик мамандығын оқығанымен бүгінде жұмыссыз қалғанын айтады. Бұл мүмкін емес жағдай. «Сен ТШО, НКОК-ке барған боларсың?», «Иә». «Оларға тәжірибең толысып, мықты маман болғанда ғана керексің. Қазір сен өзіңе инвестиция жасауың қажет. Аз жалақыға, бірақ көп тәжірибеге жұмыс жаса. Кем дегенде, ПИК-ке барып еңбек ет» деген пікірімді айттым. Бізде оңай нәрсеге асығу, танысқа сену секілді жағдайлар әлі де жойылмай отыр. Қазір адам бір-бірінен білім-талабымен озатын заман. Жоғары жалақыны күтіп, жұмыссыз жүру – қоғамның масылдыққа жайбарақат қарауы. Бұрын көршіден нан сұрауға ұялатынбыз, қазір баладан тепсе темір үзетін жігіттерге дейін көшеде қайыр сұрауға қысылмайды. Бұған қарапайым халық та үйренген. Мән бермейміз. Қалыпты дүние ретінде қараймыз.

Перизат ҚАНАТҚЫЗЫ: – Қарамағымда 20 шақты қыз-келіншек жұмыс жасайды. Жұмысқа адам таба алмаған кездер болды, жұмыспен қамту орталықтары арқылы бірнеше адамға телефон шалып, жұмыс ұсынғанымда 80-100 мың еңбекақыға ешкім келмеді. Сылтаулары көп. Қазіргі командамды негізінен әлеуметтік желі арқылы құрдым.

Назарбек ҚОСШИЕВ: – NEET тобындағы жастардың санын қалай азайтамыз? Олар ертең жұмыссыздар армиясын құрайды ғой.

Мәлике ХОЗЕ-ДИАСОВА: – «Бірінші жұмыс орны» жобасы NEET санаты, яғни ресми жұмыс істемейтін, бірақ оқымайтын, жұмыс тәжірибесі жоқ 29 жасқа дейінгі жастарға арналған. Жоба тәжірибесі жоқ жас ма[1]мандарды, жұмыссыздарды жұмысқа орналастыруға қолдау көрсетуге бағытталған. Жоба аясында жастар қажетті еңбек дағдыларын, ал жұмыс берушілер еңбекақы төлеуге субсидия ала алады. Жұмыс берушілер ретінде жобаға барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдар қатыса алады.

Азамат АСЫЛБЕКОВ: – Жастар ақшаға ұмтылмаса, үйінде өмір сүретіндей жағдай бар деген сөз. Жыл сайын адамның өмір сүруі қымбаттап барады. Бұрынғыдай мәжбүрлеп жұмыс жасатып, заң жағынан әсер етейін десеңіз, оның бостандықтары мен құқығына қол сұққаныңыз болады. Бұл санаттағы адамдарға да жағдай жасалып қойған бізде. Тұратын жері болмаса, уақытша орналастыратын орындар бар. NEET жастардың дені көлеңкелі кәсіппен айналысады. Жұмыссыз жастардың бір тобы қаламаған мамандықты игергеннен кейін, еңбек еткісі келмейді. Екіншісі, жұмыстан бірнеше уақытқа шектеліп қалғандар, еті үйреніп, бүгінде такси болып табыс тауып жүр. Үлкен агрегаторлар нарыққа келуде, мәселен — яндекс, тіркелуді талап етеді. Осылай көп болып жұмыла жұмыс жасаса, көлеңкелі бизнеске тұсау қоюға болады. Нарыққа мүмкіндік берсе, нарықтық механизм өзі реттейді. Жалпы, бағдарламалардың насихатталуы жетіспейді. Мұндай бағдарламалар барын бірі білсе, бірі білмейді.

РЕДАКЦИЯДАҒЫ ПІКІР АЛЫСУ ҚАТЫСУШЫЛАРҒА ДА, БҰҚАРАЛЫҚ АҚПАРАТ ҚҰРАЛДАРЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ДЕ ТҮЙІНДІ ОЙ ҚАЛДЫРДЫ. БҰҚАРАНЫҢ ТОЛҒАҚТЫ МӘСЕЛЕЛЕРІН ҚАМТЫҒАН ПРЕЗИДЕНТ ҚАСЫМ[1]ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ ЖОЛДАУЫ ЖАСТАРДЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫН АРТТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН СТРАТЕГИЯЛЫҚ БАҒДАРЛАМА ІСПЕТТІ БОЛҒАНЫНА СПИКЕРЛЕР ЕРЕКШЕ МАҢЫЗ БЕРДІ

Дайындаған: Рита ӨТЕУҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button