ҚАШАҒАН – ҚАЗАҚСТАННЫҢ КЕЛЕШЕГІ
— Майё мырза, сіздің Солтүстік Каспий жобасын басқарғаныңызға да бір жылдай уақыт болды. Қазір жобада біраз қиындық орын алғаны белгілі. Бұл бағытта қандай қалпына келтіру шаралары алынуда? Қашаған – Қазақстанның келешегі. Оны игеру елімізді ертеңгі жаңа белестерге бастайды. Ендеше, бұл бағыттағы жұмыстар бәрімізді мазалайды.
— Біздің қызметіміз тығырыққа тірелді, консорциум жұмысы дағдарыста деп айта алмаймын. Баршаға мәлім, 2013 жылдың соңында Қашаған кенішін бастапқы іске қосу барысында теңізден құрлыққа тартылған құбыр бойында ақау білінгендіктен өнім өндіруді уақытша тоқтаттық. Бірақ, бұл жобадан бас тарту деген сөз емес. Оның үстіне, Каспий байлығын айдын ахуалына залал келтірмейтіндей етіп өндіру – компанияның басты басымдығы.
Бүгінде ақаулы тұрбаларды ауыстыру бағытында жұмыстар қолға алынды. Осы орайда баршаға айтар айқын әңгіме – бүгінде прогрессивті түрде бірыңғай операциялық компания болып құрылуымыз үшін қазіргі жұмыстардың бір-бірімен мұқият ұштастырылуы. Яғни, бұл – 2013 жылдың басында акционерлерімізбен келісілген және іске қосу жұмыстары алдында жүзеге асуы тиіс стратегиялық шешім.
Сайып келгенде, біздің негізгі міндеттеріміз бен нақты жоспарларымыз айқындалды. Ақаулы құбырларды ауыстыру барысында жаңа жетістіктерімізді бірге тойлаймыз. Осы жұмыс барысында әлемдік тәжірибеде озық саналатын алдыңғы қатарлы технология қолданылады. Шындығын айтқанда, алдағы екі жылға жетер-жетпес уақытта Солтүстік Каспий жобасының мәреге жетуін күтудеміз. Бұл – біздің басты межеміз.
Осы орайда басшылықтың төрт мәселеге назар аударғанын айтқым келеді. Алдымен, кәсіпорынның жұмысынан күтілетін нәтижеге жұртшылықтың көзін жеткізу. Түбі айдыннан мол өнім алынады. Қазақ елі теңіз түбінің байлығын кәдеге асырады. Біз соған өз үлесімізді қосқанымызға мақтанатын боламыз. Одан әрі, еңбек қауіпсіздін қамтамасыз ету. Демек, өнім өндіру барысында ешқандай тосын оқиғаның орын алуына жол бермеу – басты мақсат. Адамдарымыздың денсаулығы мен қоршаған ортаның тазалығы – акционерлердің алдына қойған межесі. Сонымен қатар, шығын көлемін тиімді басқаруға баса назар аударылмақ. Қайткенде де, аз қаражат жұмсап, көп пайда табуға ұмтыламыз. Іс барысында тиімді тәсілдерді қолдану арқылы үнем мәселесі мықтап қолға алынбақ. Ақырында, қызметкерлердің біліктілігін арттыру нәтижесінде шетелдік мамандар санын барынша кеміту көзделген. Қазір біздің қатарымызда осы жоба басталған кезден бері жемісті жұмыс жасап келе жатқан қазақстандық кадрлар бар. Олардың бәрі де толымды тәжірибе жинақтап үлгерді. Кейбірі шет елдерде білімдерін жалғастырып, біліктілігін арттырды. Демек, жауапты лауазымдарды ұсынуға әбден болады.
— Жасыратыны жоқ, жұртшылық көкейінен өнім алғаш алынған кезде болған апат шығар емес.
— Ол, әрине, түсінікті. Өйткені, халық кен орнынан өнім алынар сәтті асыға күткен-ді. Бұған дейін де түрлі себептермен мерзімі кейінге сырғытылып келгендіктен, жұртшылық осы жолы нақты нәтиже боларына сенген-ді. Өкінішке орай, айдындағы аралдан құрлықтағы қондырғыға тартылған құбыр сыр берді.
Жалпы, Қашаған кенішін бастапқы бұрғылаған сәтте-ақ оның күрделілігі белгілі болған. Жаңа алаңды игеру барысында жұмыстың қаншалықты қиындығын одан әрі сезіне түстік. Рас, кеніштен өндірілетін өнім құрамында күкіртті сутегі мол. Сондықтан, қажетті қондырғылар да соған сәйкес лайықталды. Алайда, бастапқы өнім алу барысында су және құрлық аралығына төселген тұрбалар сыр берді. Ендігі мақсат – содан тиісінше қорытынды шығару.
Негізі, Солтүстік Каспий жобасын басқарудағы өзгерістер сол апатты оқиғадан кейін ғана қолға алынған жоқ. Бұл – біздің соған дейін-ақ белгілеген стратегиялық бағдарымыз. Сондықтан, дайындық жұмыстары ертерек басталған. Менің қызметім – жобаға қатысушы барлық компаниялардың қимылын құбырды бірлесіп ауыстыруға және өнім алуды қалпына келтіруге жұмылдыру. Ақыры, іс барысында бірыңғай операциялық компанияға көшуді ұқыпты ұйымдастыру. Мұны жеңіл шаруа деуге әсте болмайды. Әйтсе де, біздің қызметкерлеріміз бұл мақсатты жүзеге асыру жолында біліктілігі мен тәжірибесі жеткілікті екендігін көрсетті. Олар кездескен қиындықты жеңе алатындығын дәлелдеді. Біз өз жоспарымызды нақтыладық, сондықтан үстіміздегі жылы-ақ оның алғашқы оң нәтижесін көре бастаймыз. Менің ойымша, енді бірер жылға жетер-жетпес уақыттан соң Қашағанның өнімін әрі қауіпсіз, әрі сенімді алуға мүмкіндік тумақ.
— Сіз осы қызметіңізде бір жыл уақыт істедіңіз. Бұл – жобамен де, оның жүзеге асырылу барысымен де жан-жақты танысуға жеткілікті мерзім. Айтыңызшы, құбырлар неге сыр берді? Жобалауда қателік кетті ме? Әлде адам факторы орын алды ма?
— Оның себебін анықтау үшін бірнеше мәрте сынақ пен тексеру жүргізілді. Оған консорциум мамандарымен қатар, тәуелсіз сарапшылар да қатысты. Мәліметтер халықаралық деңгейдегі зертханаларға жіберілді. Соның нәтижесінде тұрбадағы жарықшақ үлкен қысым салдарынан болғандығы анықталды. Сараптама қорытындысы тиісті орындарға тапсырылды. Бұл бағытта жүргізілген жан-жақты зерттеу жұмыстарының мақсаты – келешекте мұндай жайдың қайталанбауы. Бастапқы салынған тұрбалардағы ақаудың коммерциялық зардабы — өз алдына бөлек мәселе. Қазір ол зерттеліп жатыр.
— Турасын айтқанда, түсініксіз жай болып тұр. Кен орнының күрделілігі, мұндағы мұнайдың құрамында көмірсутегінің көптігі о баста белгілі болды ғой. Демек, тұрбалар соған бейімделіп даярланды. Енді сыр беріп жатыр.
— Әрине, әр құбыр желісі Қашаған «қара алтынының» ерекшелігіне орайластырылып жасалды. Оның құрамында көмірсутегінің көп қосындысы барлығы да ескерілді. Озық технология нәтижесінде барлық талап сақталды. Дегенмен, өнім алу барысында тұрбалардың дәнекерленген жері жоғары қысымды көтере алмады.
Бақытымызға орай, төтенше жағдай дейтіндей үлкен оқиға орын алған жоқ. Тұрбалардың сыр беруі кен орнын қатарға қосудың бастапқы сәтінде анықталды. Сондықтан, шұғыл шаралар алынды. Адамдарға да, қоршаған ортаға да, өндірістік нысандарға да ешқандай залал келтірілген жоқ. Тағы айтарым — тұрбаларды жеткізген жапондық Sumifomo және JFE, ал жүргізген итальяндық Saipem компаниясы.
— Тағы да құбыр жөнінде толғансақ, «Болашақ» қондырғысы территориясында төселген тұрбалар да сыр беруі мүмкін бе? Ал, олар мықты десек, айдыннан құрлыққа төселген тұрбалардың сапасы о баста нашар ма еді?
— Мұндай сауалдың туындауы да заңды. Әйтсе де, кейбір құбырдың бойында табылған микроқұрылымдық ауытқушылықтардың бұрын-соңды өндірісте кездеспегенін де айтқым келеді. Олар тексерілген сынамалардың ешқайсысынан да байқалмады және тұрба дайындаушының да, құбыр төсеушінің де қолында бар құралдармен анықталмады. Сондықтан, Қашаған мұнайына жарамды ретінде қабылданды. Ақаулар іс барысында байқалды.
Ал, «Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысына келер болсақ, мұндағы құбыр бойымен жүретін мұнай кеніштен тура алынатын өнімнен өзгешелеу. Оның үстіне, мұнда да тиісті сынақ жүргізілді және ешқандай сызат байқалмады. Мұның бәрі осындай қатерден сақ болу үшін істеліп отыр. Жалпы, дүниежүзілік тәжірибеде ірі өндіріс нысандарында, соның ішінде, мұнай-газ өндіру саласында түрлі оқыс оқиғалар болып тұрады. Мұндай ықтимал жай кез-келген сәтте орын алуы мүмкін. Сондықтан, басты мақсат – тек оның алдын алу ғана емес, сонымен қатар, апат зардабын болдырмау, адамдардың денсаулығы мен қоршаған ортаны сақтау. Демек, қайталап айтқанда, кен орнынан өнім өндіруді дер кезінде тоқтатып, біз өте орынды істедік. Тесік тұрбадан аққан мұнайдың одан әрі таралуына жол бермедік.
— Біздің жоғарыда жолдаған сауалдарымыздың бәрі тұрбаларға қатысты өрбіді. Енді ұңғымалардың аузы сенімді ме? Үлкен тереңдіктен жоғары қысыммен өнім алынғанда сыр беруі мүмкін емес пе?
— Қашаған ұңғымаларындағы жабдықтардың бәрі тоттандырғыш әсерге шыдамды материалдан жасалды. Үлкен тереңдік те, жоғары қысым да, мұнай құрамындағы күкіртті сутегі де ескерілді. Әрине, жоғарыда айтқанымдай, тосын оқиғадан ешкім де сақтандырылмаған. Ірі өндірістік нысандарда түрлі жайлар болып тұрады. Бірақ, біз бес ұңғымадан өнім алып көрдік. Солардың ешқайсысынан ешқандай проблема туындаған жоқ. Қазір кен орнындағы барлық ұңғымалар бақылауда.
— Жұртшылық өнім алу кезінде сыр берген тұрбаларды жүргізген компанияға осы жұмыстың тағы да тапсырылғанына алаңдаулы.
— Мен оларды түсінемін. НКОК компаниясы өткен жылы ескі құбырларды ауыстыру үшін қажетті жұмыс күші және техникалық мүмкіндігі жеткілікті мердігерлерді саралады. Біз осы жолы барлық жұмыс көлеміне жауапты бір оператордың болғанын қаладық. Бірнеше мердігерден гөрі біреуінің ғана жұмысын қадағалау да жеңіл. Құбырды ауыстыруға таңдалған компания қажетті өндірістік қуаттарға да, осындай құрылыс жұмыстарына бейімделген арнайы техникаға да ие. Ең бастысы – бұл компанияның барлық жұмысты 2016 жылдың екінші жартысында аяқтауға уәде беруі. НКОК компаниясының тікелей бақылауымен жұмысын жүргізетін мердігер мекеменің іс-әрекеті жоғары сапа мен сенімділікке бағытталған. Сондықтан, қолға алған істің межеге сәтті жетуіне сенімдіміз.
— Құбырларды ауыстыру қосымша қыруар қаражатты қажет етеді. Осы шығынның орнын қалай толтыруға болады?
— Өткен жылы Қазақстан Республикасы Үкіметі мен НКОК компаниясының акционерлері бұрынғы құбырларды тартуға жұмсалған қаржыны Өнімді бөлісу келісімі шеңберінде өтелмейтін шығындар ретінде тануды шешті. Бұған қоса жаңа құбыр тартуға байланысты кейбір қаражатты да өтелмейтін шығын санауға келісілді. Сондықтан, бұл бағыттағы шығындардың денін акционерлер өз мойнына алды. Үкіметке айтарлықтай міндет жүктелген жоқ. Демек, оператор ескі құбырларды ауыстыруға қатысты туындаған шығындардың орнын толтыруға бағытталған шараларды жүзеге асырады. Рас, бұған біраз уақыт та қажет. Бірақ, қайткенде де, барлық жұмыс жоспарлы жүргізіледі.
— Апатты жағдайға қарамастан, Солтүстік Каспий жобасы ресми түрде мәреге жетті. Демек, оның құны жөнінде де айтуға болатын шығар?
— Әрине. Сонымен, 2014 жылдың тамызына дейін Қашаған кенішін игерудің бірінші кезеңіне барлығы 44,5 млрд. АҚШ доллары жұмсалды.
— Жұмсалған қаражаттың аса қомақты екені байқалады. Енді соның қайтарымы қалай болар екен? Бүгінде әлемдік нарықта мұнай бағасы төмендеді. Ірі жобалардың тиімсіздігі жөнінде айтылып жатыр.
— Расында да, Қашаған кенішін игеруге қыруар қаражат жұмсалды. Сондықтан, біз оның әлі күнге қатарға қосылмағанына қынжыламыз. Егер бұған дейін осыншама қомақты қаржы шығындалмағанда, акционерлер қазіргі «қара алтын» құнын есептеп, жобадан бас тартқан болар еді. Бірақ, біраз іс тындырылды, үлкен үміт артылып отыр. Оның үстіне, Солтүстік Каспий жобасына бұған дейін жұмсалған қаражатқа қарағанда ендігі бөлінер қаржы аса көп емес. Сондықтан, акционерлер кен орнын іске қосуға қажетті қаржыны табуға келісті.
Жалпы, Қашаған кенішінде аса көп мұнай қоры бар. Ол толық пайдалануға берілгенде дүние жүзіндегі көмірсутегі шикізаты көлемінің еселеп артуына септігін тигізеді. Әрине, әлемнің мұнай бағасына дәл болжам жасау мүмкін емес. Ол ұдайы өзгеріп отырады. Әйтсе де, мен Қашаған мұнайының акционерлерге табыс түсіріп, мол пайдаға кенелтеріне сенімдімін. Сәл шыдалық, уақыт – бәріне төреші.
— Әйтсе де, бүгінде әлемде мұнай-газ жобаларын оңтайландыру жүріп жатыр. Мұның Солтүстік Каспий жобасына қатысы бар ма? Қазір мұнда негізгі құрылыс жұмыстары аяқталды.
— Біздің күнделікті қызметімізде оңтайландыру әдісінің түрлі тәсілі қолданылады. Мәселен, сырттан келетін мамандарды қысқартып жатырмыз. Әрине, олар – керек кадрлар. Бірақ, текке қаржы шығармау үшін қажет кезінде шақырамыз. Мердігер мекемелерді таңдауда, тиісті материалдармен қамтамасыз етілуде аз шығын жұмсауды ойластырудамыз. Нарықтағы ахуалды тұрақты қадағалау нәтижесінде тарифтерді де үнемі өзгертіп тұруға тырысудамыз. Соның бәрі — қаражатты барынша үнемдеуге бағытталған шаралар. Демек, оңтайландырудың өзі әр істің тиімділігіне жол ашады.
— Құбырларды ауыстырумен қатар, тағы нендей жұмыстар жүруде? Мәселен, жаңа ұңғымалар бұрғылануда ма?
— Бүгінде теңіз төсінде барлау, бағалау және игеру мақсатындағы барлығы 44 ұңғыма бұрғыланды. Олардың бәрі де өнім беруге даяр. Қазір тағы бірнеше ұңғыма бұрғылануда. Бұл жұмыс тұрбаларды ауыстырып болу мерзіміне дейін аяқталады.
Жаңа құбырларды тарту биылғы көктемде басталды. Оны толық аяқтау 2016 жылдың екінші жартысына көзделген. Қазір негізгі назар соған аударылған.
Бүгінгі жоспар бойынша, бастапқыда 20 ұңғымадан тәулігіне 180 мың баррель мұнай алынады. Кейін қойнауқатқа газ айдау арқылы қысымды көтеріп, тәулігіне 370 мың баррель өнім өндіруге болады.
— Қашаған мұнайының құрамында көп мөлшерде күкіртті сутегі барын айттық. Оны қалай кәдеге асыруға болады?
— Біз өнім қабатының қайтарымын арттыру мақсатында күкіртті сутегінің денін қойнауқатқа кері айдаймыз. Бұл барлық ілеспе газдың 67 пайызын құрамақ. Жалпы, күкіртті түгелдей сату көзделген. Қазірдің өзінде Қытай мен Жерорта теңізінің батысы тәрізді халықаралық бағыт айқындалып отыр. Жергілікті нарық та қарастырылды. Біз 2003 жылдан бері күкіртке сұраныс жөнінде балама бағыттарды зерттедік. Жалпы, оны құрылыс пен жол материалы, жердің құнарлылығын арттыру үшін тыңайтқыш ретінде, т.б. салада пайдалануға болады. Рас, «Болашақ» қондырғысы маңында төрт миллион тоннаға жуық күкірт жабық күйінде сақталуы қарастырылған. Бірақ, ол тек осы өнімнің экспорты сыртқы нарыққа сәйкес тоқтап қалуына байланысты ғана орын алуы ықтимал. Әйтпесе, біз қордаланған күкіртті дереу сатуға шығарамыз.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ.