Қаржылық биржа – тұрақты даму кепілі
«Қазақстан қор биржасының» жетекші сарапшылары мұнайлы астанаға келіп, Атырау облысының кәсіпкерлер палатасы ғимаратында жергілікті компания басшыларымен кездесу өткізді. Басқосудың мақсаты – отандық қор биржасына («KASE») қаржыландыруды тарту мүмкіндіктерімен таныстыру болды. «Қазақстан қор биржасы» АҚ басқарма мүшесі, бизнесті дамыту жөніндегі басқарушы директоры Қайрат Тұрмағамбетов қор нарығы арқылы қаржыландыру құралдары жайлы ақпаратпен бөлісті. Оның айтуынша, бұл компаниялардың дамуы және болашақ жоспарларын жүзеге асыруы үшін капиталын арттыруға мүмкіндік береді, сонымен бірге, мекеменің имиджін, тұтынушылары мен серіктестері арасындағы ұстанымдарын жақсартады. Сонымен қатар, сатып алушылар мен сатушылар үшін қарызды қайта құрылымдауда, қаржыландыруда, инфрақұрылымдық жобалар үшін қаржы тартуда, бизнес-жоспар құруда, жеке меншік капиталмен мәміле жасасуда, операцияның барынша табысты болуын қамтамасыз ету мақсатында активтерді сатуға дайындықты бағалауда кешенді қызметтер көрсетуге қор қолұшын бермек. Ал, Атырау қаласындағы «Freedom Finance» АҚ филиалының директоры Руслан Гилизитдинов «Баст» АҚ компаниясын ІРО-ға қалай шығарғандары, функциялары мен шағын және орта бизнестің ІРО-ға қатысуының басымдылықтары жөнінде кеңінен айтып берді.
А.ЕРТІЛЕУ.