ҚАРАПАЙЫМ ТЕЛЕФОННАН – ҒАЖАЙЫП ҒАЛАМТОРҒА ДЕЙІН

Атырау облыстық телекоммуникациялар дирекциясының соңғы жиырма жылдағы тарихы – оның басшыларынан бастап, қарапайым монтерлері мен операторларына дейінгі бүкіл «Қазақтелеком» ұжымының қажырлы да ерен еңбегінің өшпес шежіресі десе болады. Сөз жоқ, еліміздің тұрғындарын қазіргі заманғы телекоммуникациялық қызметтің барлық қажетті спекторларымен қамтуға қабілетті, заманауи, қарқынды дамыған компания қарапайым адамдардың елеулі еңбектерінің нәтижесінде өмірге келді.

«Қазақтелеком» АҚ Атырау филиалының ұжымы «Қазақтелеком» АҚ компаниясының 20 жылдығы мен ҚР байланыс және ақпарат қызметкерлерінің кәсіби мерекесін атап өтті. «Ренессанс» қонақ үйінде өткен мерекелік шараға облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев, Атырау ОТД-ның қызметкерлері, байланыс қызметінің ардагерлері мен зейнеткерлері, аймақтағы кәсіпорындар мен ұйымдардың өкілдері қатысты. 

Жиырма жылда «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы еліміздің телекоммуникация нарығының көшбасшысы деңгейіне дейін өсіп, халыққа көрсетіп отырған қызметінің барлық негізгі көрсеткіштері бойынша өз позициясын нығайтты. Жоғары техникалық даму деңгейі жөнінен де тұрақты дамып келе жатқан компания ретінде зор беделге ие болып отыр.  Атырау ОТД-ның бас директоры Ерсайын Дүйсемалиев өз баяндамасында кәсіпорын дамуының негізгі кезеңдеріне егжей-тегжейлі тоқталды.

– «Қазақтелекомның» құрылуы тәуелсіздіктің қалыптасу жылдарында экономиканың ең маңызды стратегиялық саласының бірі – байланыс қызметін дамытудың алғашқы қадамы болды. Енді міне, арада жылдар өткенде біз оны компанияның қалыптасу, өсу және табысқа жету жолы болды деп сеніммен айта аламыз, – деп атап өтті Ерсайын Жексенұлы.  – Осы уақыт аралығында  «Қазақтелеком» АҚ-да технологиядан стратегияға дейін, клиенттермен қарым-қатынастан бастап, нарықтан алдыңғы орын алуға дейінгі мақсаттар жөнінен көп нәрсе өзгерді. Еліміздің күллі экономикасы секілді, телекоммуникацияның қазақстандық нарығы үшін бұл 20 жыл қайта жаңғыру мен жетістікке жетудің елеулі кезеңі болды. Тарихи тұрғыда алғанда, ол үлкен жолдың басы ғана деуге болар.

Ал, тәуелсіз мемлекет құрудың бастапқы кезеңінде Атырау облысының телекоммуникация жүйесі өте қиын жағдайда еді. Қалалық желілердің ахуалы сын көтермейтін. Оның жайын жақсартуға көп нәрсе бөгет болды. Айталық, көп қабатты үйлердің жертөлелері үнемі суға толы болатын. Күрделі жөндеуге қаржы жетіспеді.  Телеккоммуникация нарығын еркін жағдайға көшіру кезінде  әр алуан қызмет түрлерін дамыту үшін тұтынушылардың барлық санаттарының мүддесін ескере отырып, мықты база құру, Атырау облысы халқына сапалы байланыс қызметін көрсету міндеті бірінші кезекте тұрды. Бұл міндет телекоммуникациялар желісін дамыту, инновациялық технологияларды енгізу, сапа менеджментін жақсартып, жетілдіру арқылы шешімін тапты.

– Бұл ретте, Атырау облысы бойынша интернет желісін пайдаланушылар санының өсу динамикасына көз тастау жеткілікті. 1994 жылы бірде-бір интернет пайдаланушы болмаған болса, ал, 2014 жылы ол 70 мың абонентке жетіп отыр – деді «Қазақтелеком» АҚ-ның негізгі даму кезеңдеріне Атырау ОТД-ны мысалға ала отырып тоқталған бас директор. – Негізгі телефон аппараттарының саны да төрт есеге өсті. Мәселен, 1994 жылы – 40127 болса, 2014 жылы – 159115-ті құрады.

Атырау облысы 2004 жылдың аяғында телекоммуникацияның сандық желісімен 100 пайыз қамтылған Қазақстандағы алғашқы аймақ болғанын айту керек.  Ал, 2005 жылы Атырау облысының барлық селолық елді мекендері телефонмен қамтылды. 2009 жылы Атырау ОТД «Қазақтелеком» АҚ-ның ең үздік филиалы атағына ие болды.

Жұмысты дамыту жылдар бойына жалғаса берді. 2010 жылы Атырауда iD Centre и Data Centre желісі ашылды. 500 мыңыншы Megaline абоненті Қазақстан бойынша Атырау қаласынан тіркелді. 2013 жылы компания инфокоммуникациялық қызметтерді көрсете бастады.  «АЛТЕЛ» АҚ-мен бірге  LTE 4G технологиясы бойынша интернет желісіне мобильді қосылу жобасын жүзеге асыруды қолға алды.

Жиырма жылда қаржы-экономикалық, инвестициялық, техникалық және өндірістік міндеттерді шешуге де қол жеткізілді. 

Атырау ОТД-сын 1994 жылдан бастап Виктор Хегай,  Асау Ибрашев, Тауғазы Әбдіқұлов, Абай Кадыралиевтер басқарды. Атырау облысы телекоммуникация саласының қалыптасуы мен дамуында олардың сіңірген еңбегі өте зор.

Әрине, компания табысында қызметкерлердің өлшеусіз еңбегі жатыр. Компанияның бүкіл тарихында жоғары білікті қызметкерлер еңбек етті және олар әркез кәсіпорынның негізгі құндылығы болып қала береді. Осы ретте кәсіпорынның бас директоры бүгінде өмірден озған мекеме ардагерлерін атап, еске алып өтті.  Олардың есімдері әрқашан Атырау ОТД-ның даму тарихында алтын әріппен жазылып тұрмақ. Олар Сәлімгерей Өржанов, Есен Мұхаметжанов, Демеш Есқалиев, Надежда Бобылева және басқалары болатын.

20 жыл бұрын «Қазақтелеком» тек телефон қызметін көрсеткен болса, бүгінде ол қуатты, заманауи компанияға, телекоммуникация қызметін көрсету жөнінен Қазақстаның брендіне айналды. Атырау облыстық телекоммуникациялар дирекциясының қызметкерлері тұңғыш байланысшылардың еңбек дәстүрін лайықты жалғастыруда. Жаңа технологияларды енгізе отырып,  Атырау облысының   телекоммуникация жүйесін жетілдіру мен дамытуға белсене үлес қосып келеді.

Зейнеткерлерді жас мамандармен алмастыру және жас кадрларды дер кезінде дайындау мәселелері Атырау ОТД үшін маңызды стратегиялық міндет болып отыр. Бұл кәсіпорында  жастардың ерекше белсенді күш саналатынын және компанияның болашағы солардың қолында екенін бәрі жақсы түсінеді.

– Үш жылдан бері өлкемізде жұмыс жасап келе жатқан «Жастелекомның»  да айтуға тұрар жарқын істері баршылық.  Біз басқа компаниялар секілді, өзіміздің Атырау ОТД-ның болашағы зор екеніне сенеміз. Атырау ОТД  бұдан әрі де инновациялық жобаларды жүзеге асырумен қатар, техникалық базасын үнемі кеңейте отырып, қарқынды дами береді, – деді  Ерсайын Дүйсемалиев. 

Компанияның 20 жылдығына арналып Атырау ОТД қызметкерлерінің күшімен «Ертеңге бірге барайық», «Телекомдағы періште» атты бейнероликтер жасалды. Мұнда барлық рөлдерді дирекция қызметкерлері ойнады. Сонымен қатар, «Жастелеком» жастар ұйымының ұйытқы болуымен Исатай-Махамбет алаңында өткізген флешмоб туралы бейнефильм көрсетілді.

Мереке кезінде Атырау ОТД қызметкерлерінің атына көптеген жылы лебіздер айтылды. Облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің атынан ең үздік байланысшыларға облыстық әкімдіктің Алғыс хатын табыс етті. Сондай-ақ, Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев,  облыстық мәслихаттың депутаты Гүлнар Сәдуахасова құттықтау сөз сөйледі. Байланыс саласындағы абыройлы да табысты қызметі үшін сондай-ақ байланыс және ақпарат саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі құрметіне орай компания қызметкерлерінің бір тобына «Қазақтелеком» АҚ мен Атырау ОТД-ның  «Құрмет грамоталары» берілді. «Құрметті байланысшы» атағын техникалық пайдалану орталығының цех бастығы Айсұлу Мұхтарова иеленді.  «Қазақтелеком» АҚ-ындағы мінсіз қызметі мен ортақ жетістікке қосқан жеке үлесі үшін «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының «Құрмет грамотасымен» экономика және қаржы бөлімінің бастығы Ажар Нығметдинова мен дебиторлық берешектермен жұмыс бөлімінің маманы Зәуреш Ғабдуллиева марапатталды.

«Атырау облыстық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағының» төрайымы, облыстық мәслихат депутаты  Әлия  Бекқожиева байланыс қызметкерлерін мерейтойларымен құттықтай отырып, бизнес қауымдастығы қоғамдық сауалнамасының қорытындысы бойынша Атырау ОТД-ға «Атырау облысындағы үздік ірі бизнес нысаны» арнайы номинациясының жеңімпазы дипломын табыс етті.

Бүгінгі таңда Атырау ОТД-ның алға қойып отырған мақсаты – қолжетімді сапалы байланыс, жаңа инфокоммуникациялық қызметтер көрсету және абоненттерге барынша қолайлы жағдай туғызу. Мұның көпшілігі 20 жылда жүзеге асты да. Сонда да болса бұл үлкен жолдың басы ғана. Бұл жолдағы басты мақсат серіктестер тұрақтылығы, жұмыс сапасы және болашақққа деген сенім болып қала бермек.

Диас НАУРЫЗӘЛИЕВ,
Суреттерді түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз