Жарнама
Экономика

ИСАТАЙ БАТЫР ЕСКЕРТКІШІ АШЫЛДЫ

 

Оның ашылу рәсіміне ақтөбеліктермен бірге Батыс Қазақстан облысының делегациясы да қатысты. Қиыл қырғынында қаза тапқан есіл ердің жерленген орны жөнінде екіұдай пікірлер айтылып келді. Жергілікті тұрғындардың көрсетуіне сүйенген ғалымдардың бір тобы батыр ұлы Оспанмен бірге Қобда ауданы аумағындағы Шейітсайдан мәңгілік мекенін тапқан десе, екіншілері Шолақмолдада екендігіне дәлелдер келтіреді. Қалай болғанда да, Исатай батырдың осы маңда жатқаны анық. Сондықтан, Шейітсайда батыр кесенесінің көтерілуін заңдылық деп қабылдау керек. Енді, міне, әуелден елі аралас, малы қоралас қос облыстың шекарасында батыр ескерткіші бой көтерді.

Салтанатта Қобда ауданының әкімі Асқар Жүсіпәлиев, Атырау облысынан Исатайдың ұлы Жақияның шөбересі Ғазез Шамақов, «Исатай» қоғамдық қорының төрағасы Еркін Құрманбек, батысқазақстандық өлкетанушы Жайсаң Ақбай өз қуаныштарымен бөлісті.

Батыр ескерткішін тұрғызған ақтөбелік мүсінші Аяпберген Карпековтің айтуынша, бұл іс «Қазавтожол» Ақтөбе облыстық басқармасы басшыларының қолдауымен жүзеге асты. Екі жарым айда біткен композицияның биіктігі 4 метр, онда батыр бейнесіне қоса қалқан-қылыш, сол қилы кезеңді көрсететін белгілер көрініс тапқан.

Ескерткіштің ашылу рәсіміне қатысқан, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің «Бабалар тарихына тағзым» атты экспедициясы Исатай Тайманұлының кесенесіне арнайы барып, тағзым етіп қайтты.

Өз тілшімізден.

Суретте: Халық батыры Исатай Тайманұлына орнатылған ескерткіш.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button