
Инвестицияның игілігін көреміз бе?
Атырау облысы елдің мұнай-газ саласының ғана емес, сонымен қатар мұнай-химия өнеркәсібінің де басты орталықтарының біріне айналып келеді. Өңірде жүзеге асып жатқан ауқымды өндірістік және инвестициялық жобалардың маңызын айқындау, олардың жұмысымен танысу мақсатында өткен аптада баспасөз туры ұйымдастырылды. Оған қатысқан журналистер арнайы экономикалық аймақтың даму қарқыны, ірі зауыттардың салынуы, инфрақұрылымдық жобалар мен инвестициялық бағдарламалардың жүзеге асуын көзбен көріп, іс барысымен жақыннан танысты.

Шешімін күткен мәселе
Баспасөз туры «Атырау-Ақтөбе» тасжолының 20-шы шақырымындағы «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағынан басталды. Бұл аймақ – бүгінде елдегі ең ірі индустриялық жобалардың бірі. Мұнда 18 компания жұмыс істейді. Қазір 6 жоба іске қосылған, 1 жоба салынып жатса, 11 жоба жобалануда. Жалпы өндіріс көлемінің құны – 309 миллиард теңге. Шетелдік инвестициялар көлемі – 874 миллиард, ал отандық инвестиция – 556 миллиард теңге. Арнайы аймақта 1746 тұрақты жұмыс орны ашылған.
«Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» АЭА-ның басқарма төрағасы Қаныш Мәмбетов аймақтың тыныс-тіршілігі туралы қысқаша шолу жасады. Мұнда шешімін күткен мәселелер де бар екен. Басқарма төрағасының айтуынша, шағын және орта бизнес субъектілерінің жобалары толық қуатта жұмыс істегенде электр энергиясы тапшы болуы әбден мүмкін. Сондықтан аймақ тарапынан 110/35/10 кВ қосалқы станциясын жаңғыртып, оны коммуналдық меншікке беруді ұсынады. Бұл жұмысты жергілікті бюджет есебінен жүзеге асыру қажет. Ал жоба-сметалық құжаттаманы әзірлеуге кәсіпорындар өз қаржысын салуға дайын екен.
Тағы бір маңызды мәселе – ауыз су тапшылығы. Қаныш Мәмбетовтың айтуынша, арнайы аймақ аумағында сумен қамтамасыз ету мәселесі әлі толық шешілмеген. Бұл үшін «Атырау облысының Су Арнасы» станциясынан Қарабатан алаңына дейін шаруашылық-ауыз су құбырын тарту қажет.
Сонымен қатар, аймақта өндірістік жобалар салынған кезде мыңдаған жұмысшы тартылатындықтан, қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті сақтау ерекше назарда болуы тиіс. Осыған байланысты Қарабатан алаңынан полиция пунктін ашу ұсынылып отыр.

Арнайы аймақта қызмет көрсететін инфрақұрылым да кеңейтілуде. Мұнда сервистік кешен салу жоспарда бар. Оның ішінде асхана, душ пен санитарлық бөлмелер, қауіпсіздік техникасы бойынша оқыту кабинеттері, жүргізушілерге арналған демалыс бөлмелері, автотұрақ, шағын маркет, техникалық қызмет көрсету орталығы қарастырылған.
Алдағы жылдары екінші кезең бойынша бірнеше ірі инфрақұрылымдық жоба іске аспақшы. Олардың қатарында су дайындау және ағынды суларды тазарту қондырғысы, сыртқы сумен жабдықтау жүйесі, газбен қамту желілері, булану тоғаны, 165 МВт-тық газ турбиналық электр станциясы бар. Бұл жобалар 2024-2027 жылдар аралығында жүзеге асырылады.
Қаныш Мәмбетовтың айтуынша, Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі тек мұнай-химия өндірісін дамытуға арналған алаң емес, сонымен қатар шетелдік және отандық инвестицияларды тартудың, жаңа жұмыс орындарын ашудың, аймақтық экономиканы әртараптандырудың негізгі құралы саналады.
Энергия тұтыну көлемі артты
Баспасөз туры барысында 2014 жылы құрылған «Karabatan Utility Solutions» ЖШС-нің жұмысымен таныстық. Компания АЭА-ның инфрақұрылымын дамыту жобасы аясында өндірістік және жалпы зауыттық инфрақұрылым нысандарын салу жөніндегі оператор ретінде белгіленген. Компания төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары Руслан Каликовтың айтуынша, қазір станцияның жалпы қуаты 310 мегаватт болса, соның 257 мегаваты өндіріліп отыр. Оның 10 мегаваты кәсіпорынның өз қажетіне жұмсалады. Электр станциясы бастапқыда АЭА-тың негізгі өндіріс ошақтары – KPI Inc, Silleno және Бутадиен зауыттарын электр қуатымен қамтамасыз ету үшін салынған. Бүгінгі күні тек KPI Inc зауыты жұмыс істеп, шамамен 30 мегаватт тұтынып отыр. Қалған энергия KEGOC желілері арқылы беріліп, әрі қарай таратылуда.
«Karabatan Utility Solutions» ЖШС басқарма төрағасының жобалар жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы Асқар Ахметов компанияның алдағы жоспарлары мен инвестициялық бағдарламалары туралы мәлімет берді.

– Соңғы жылдары арнайы экономикалық аймақтағы қатысушылар санының артуына байланысты электр энергиясын тұтыну көлемі де айтарлықтай өсті. Оған қоса, шағын және орта бизнес субъектілерінің белсенділігі, сондай-ақ «Ароматика аймағы» жобалары мен халық тарапынан сұраныстың көбеюі энергожүйеге қосымша жүктеме түсіріп отыр. Осыған байланысты қолданыстағы газ-турбиналық станцияны кеңейту қажеттілігі туындады. Атап айтқанда, 165 мегаватт қуаттылықтағы қосымша энергоблок салу жоспарланып отыр, — деді ол.
Сонымен қатар, компания екінші кезеңдегі суды дайындау қондырғысын салуды және электр энергиясын тарату мен ресурстарды жеткізуге байланысты барлық инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырмақшы. Бұл жобалар болашақта іске қосылатын химия зауыттарын – Silleno, Бутадиен, басқа да экономикалық аймақ қатысушыларын, соның ішінде шағын және орта бизнес өкілдерін сенімді энергия және ресурстармен қамтамасыз етуге бағытталған.
– Біз бірнеше ауқымды жобаны іске асыруды көздеп отырмыз. Бағдарлама аясында суды дайындау қондырғысын жаңғырту, газбен жабдықтау, инженерлік желілер дәлізін құру сияқты жұмыстар қарастырылған. Бұл жобалардың барлығы химия зауыты мен басқа да қатысушылардың қажеттіліктерін толық өтейді. Жоспар бойынша құрылыс жұмыстарын келесі жылы бастап, 2028 жылға дейін толық аяқтап, пайдалануға беруді көздеп отырмыз, — деп атап өтті А.Ахметов.
Бүгінде жалпы құны шамамен 600 миллиард теңге болатын 13 жоба қарастырылып отыр. Қазір техникалық-экономикалық негіздеме мемлекеттік сараптамадан өтуде.
– Қаржыландырудың үш негізгі тетігі қарастырылды. Біріншісі – республикалық бюджеттен қаражат бөлу мүмкіндігі, екіншісі – қарыз қаражатын тарту, оның ішінде облигациялық займдар, үшіншісі – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ немесе басқа қаржылық институттар арқылы қаржыландыру. Сонымен қатар соңғы уақытта жергілікті атқарушы органдардың қаражатын тарту нұсқасы да қарастырылуда. Бізге осы бағытта нақты механизмді әзірлеу туралы директива берілді, — деді ол.
А.Ахметов атап өткендей, жобалар іске асса, аймақтың энергетикалық тұрақтылығы артып, өндірістік қуаттар жаңа деңгейге көтеріледі.
Шикізатты өзіміз өндіреміз
Баспасөз туры барысында облыс әкімі Серік Шәпкенов өңірдегі өндірісті дамыту бойынша атқарылып жатқан жоспарлар мен шетелдік тәжірибе туралы пікір білдірді. Оның айтуынша, Қытайда ірі зауыттардың қасында мыңдаған шағын және орта кәсіпорын орналасқан. Олар полипропилен мен полиэтиленнен сан түрлі өнім шығарып, дайын тауарға дейін жеткізеді. Мұндай кластерлік тәсіл өндірісті дамытып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға да мүмкіндік береді.
– Қазақстанда да полипропилен өндірісі іске қосылды, ал «Sinopec» компаниясымен бірлескен полиэтилен жобасы жүзеге асуда. Дегенмен, қазір бізде полиэтиленнің небәрі 14 түрі шығарылса, Қытайда бұл көрсеткіш мыңдаған маркаға жетеді. Сондықтан бізге өндірісті әртараптандыру, жаңа өнім түрлерін игеру, осы іске шағын және орта бизнес өкілдерін тарту қажет. Біз Татарстанның Химград пен Алабуга сияқты ірі индустриялық аймақтарымен келіссөз жүргіздік. Бұл аймақтарда 400-ге жуық резидент-кәсіпорын жұмыс істейді. Олар өз өндірістерін біздің өңірге әкеліп ашуға дайын екендіктерін білдірді. Егер біз қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз етсек, онда полипропилен мен полиэтилен өндірісінен бастап мұнай-химия саласын тереңдетіп дамытуға мүмкіндік ашылады. Бұл мұнай-химия өнімдерінің кең спектрін өндіруге жол ашады, — деді Серік Жамбылұлы.
Қазір елде мұнай-химия саласын дамыту – негізгі басымдықтардың бірі. Бұл бағытта инвестор тарту үшін жеңілдіктер мен қолдау шаралары бар, яғни салықтық ынталандырулар мен өндіріс ашуға қолайлы жағдайлар жасалып отыр. Мұның басты мақсаты – ірі «зәкірлі» жобаларды жүзеге асыру арқылы қосымша құны жоғары өнімдерді шығаратын жаңа өндірістерді қалыптастыру. Мысалы, полипропиленнен кілем, тұрмыстық бұйымдар, басқа да халық тұтынатын тауарлар өндіруге болады. Сол сияқты полиэтиленді де әртүрлі дайын өнімге айналдыру мүмкіндігі бар. Шикізатты сыртқа сата бермей, оны ел ішінде өңдеп, дайын тауарға айналдыру арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті қамту үлесі артады. Осы саладағы ірі жобалар болашақта өңірлік дамуға да, жалпы ел экономикасына да серпін беретін маңызды бастамалар болмақ.
Жұмысқа – 8000 адам
АЭА-тағы «KPI Inc.» ЖШС – Қазақстанның мұнай-химия саласындағы ең ірі жобаларының бірі. Компанияның басты бағыты – газды қайта өңдеп, полипропилен өндіру. Негізгі шикізат – құрамында 95,8 пайыздан жоғары пропан, оны Теңіз кенішінен «Теңізшевройл» компаниясы жеткізеді. Кәсіпорын аумағы – 161,52 гектар, 2 технологиялық қондырғы жұмыс істейді.
«KPI Inc.» ЖШС-нің бас директоры Дамир Әшімов Қазақстандағы полипропилен тұтыну нарығы шамамен 50 мың тонна, бұл зауыттың жобалық қуатының 10 пайызына тең екендігін айтады.
– Қазақстанда пластик бұйымдарын өңдеу мен өндіруде тұрақты органикалық өсім байқалып отыр. Оның негізгі драйвері – зауыт өнімдері. Соңғы үш жылда ішкі нарықтағы полипропилен бағасы арзандап келеді. Мұның тоннасы бұрын 2000 доллар болса, қазір 1000 доллар. Бұл жағдай отандық қайта өңдеушілерді қабілетін кеңейтуге ынталандырып отыр. Биыл бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша өткен жылмен салыстырғанда қайта өңдеу көлемі 25 пайызға өсіп, 4 кәсіпорын қосымша жүктеме алды және тағы төрт жаңа өндіріс іске қосылды. Өңдеушілерді қолдау мақсатында арнайы бағдарламаны да іске асырдық. Бағдарлама аясында экспорттық әлеуеті бар немесе импортты алмастыратын өнім шығарушыларға арнайы жеңілдіктер ұсынылады, — деді Дамир Ағыланұлы.
Сонымен бірге, серіктестік дәстүрлі материалдарды полипропилен қаптамамен алмастыру бағытында жұмыс жүргізуде. Мысалы, ірі цемент өндірушілерімен бірге қағаз қаптаманы полипропилен қаптамасына көшіру мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл жағдайда KPI өңдеушіні өзі тауып, тұтынушымен байланыстырады және отандық өнімнің импортпен бәсекелес болуына арнайы жеңілдіктер ұсынады.
Облыста елдің ірі индустриялық жобаларының бірі – полиэтилен өндіру зауытының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жоба «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағының Қарабатан өнеркәсіптік аумағында іске асуда. Бұл өндіріс Қазақстандағы полиэтиленге деген импортқа тәуелділікті азайтып, жергілікті өнім шығаруды жолға қоюды көздейді. Сонымен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін бермек.
Зауыттың операторы – «Silleno» ЖШС. Жоба қуаты – жылына 1,25 миллион тонна полиэтилен. Құрылыстың негізгі кезеңдері 2025-2028 жылдарға жоспарланған, ал зауыт 2029 жылы пайдалануға берілмек. Құрылыс кезінде 8 мыңнан астам жұмыс орны ашылады, ал тұрақты кезеңде 850-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылмақшы. Жобаға салынған инвестиция көлемі – шамамен 7,4 миллиард АҚШ доллары.
«Silleno» ЖШС бас директоры Мұхтар Авутбаевтың айтуынша, жоба – Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар өндіріс.
– Полиэтилен зауытының құрылысы елдің мұнай-газ химиясы саласын жаңа деңгейге көтереді. Біз тек шикізат жеткізуші ел болып қана қоймай, жоғары технологиялы өнім шығаратын мемлекетке айналамыз. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес жүріп жатыр. Қолданылып жатқан технологиялар әлемдік стандарттарға сай, ал серіктестердің тәжірибесі жобаның табысты жүзеге асуына кепіл болады. Бұл зауыт іске қосылғанда, Қазақстан полиэтилен өндірісінде аймақтық хабқа айналуға мүмкіндік алады, — деді ол.
Зауыт толық іске қосылғанда Қазақстанның ішкі нарығындағы полиэтиленге деген сұранысты толығымен жаба отырып, шетел нарығына да ауқымды экспортқа шығару жоспарланып отыр. Бұл елдің шикізаттық емес экспорт көлемін арттыруға зор үлес қоспақ.
Облыс әкімі Серік Шәпкенов өңірдегі барлық компаниялармен келіссөз жүргізгенде әуелі жергілікті кадрлардың жұмыспен қамтылуына басымдық берілетінін айтты.
– Егер белгілі бір жұмысты қазақстандық мамандар атқара алса, онда солар жұмысқа тартылады. Ал егер арнайы шетелдік жабдықтардың монтажы немесе іске қосу сияқты жоғары біліктілік қажет ететін жұмыстар болса, кепілдігі мен сапасын сақтау үшін сол жұмыстарға ғана шетелдік мамандар шақырылады, — деді облыс әкімі.
Әрине, жергілікті билік отандық өндіріс ошақтарын да қолдайды. Мысалы, «Атыраунефтемаш» ЖШС колонна секілді күрделі құрал-жабдықтарды сапалы дайындап жүр, оған ешкімнің реніші жоқ. Сондықтан осындай мүмкіндіктер болса, тапсырыс жергілікті кәсіпорындарға беріледі.
– Жұмысқа қабылдау тәртібінде әділдік пен ашықтықты қамтамасыз ету үшін жұмысшыларды мансап орталығы арқылы тарту қарастырылған. Бұл – тамыр-таныстыққа жол бермей, жергілікті халыққа басымдық беру үшін маңызды. Компаниялар мен олардың мердігерлері қажетті жұмысшы санын көрсетеді, ал мансап орталығы сол сұранысқа сәйкес кандидаттарды ұсынады. Осы талап тек негізгі компанияға ғана емес, барлық мердігерге ортақ қойылады. Яғни құбыр тарту, дәнекерлеу, бетон құю сияқты жергілікті мамандар орындай алатын жұмыс түгелдей қазақстандықтардың қолында болады, — деді Серік Жамбылұлы.
Өңірде қолға алынған индустриялық жобалар мен инвестициялық бастамалар ел экономикасының жаңа серпін алуына, өндірістің әртараптануына және жергілікті халықтың жұмыспен қамтылуына зор үлес қосуда. Жүзеге асып жатқан жобалар толық қуатына шыққанда, өңірдің ғана емес, бүкіл елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін берері сөзсіз.
Алмас ҚАБДОЛ
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ