Жарнама
Экономика

ИННОВАЦИЯЛЫҚ БАҒДАРЛАМА – ИГІЛІК БАСТАУЫ

-1999 жылы алғаш рет сол кездегі «Қазақойл» (кейіннен «ҚазМұнайГаз») ұлттық компаниясының құрамына енгеннен бергі кезеңде зауыт экономикалық дамудың интенсивті жолына түсті. Сөйтіп, өзімізде өндірісті реконструкциялау мен жаңғыртудың стратегиялық жоспарларын жүзеге асырудың мүмкіндіктері пайда болды, — деді ол. — Соның ішінде кәсіпорынды реконструкциядан өткізу жұмыстарының бастапқы сатысы 2006 жылы аяқталды. Нәтижесінде, мұнда экологиялық сипаттамалары жақсартылған мотор отынының өндірісіне бағытталған қадамдар жасалынды. Енді міне, еліміздің үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасында қарастырылғанындай, екі бірдей ірі инвестициялық жоба нақты орындалу сатысында тұр. Оның бірі «Хош иісті көмірсутектер өндіру кешенінің құрылысы» болса, екіншісі «Мұнайды тереңдете өңдеу кешенінің құрылысы» болып табылады, — деді одан әрі зауыт директоры.

Ағымдағы жылдың аяғында — алдағы жылдың басында аталған қос жобаның алғашқысы жобалық қуатына еніп, пайдалануға беріледі, деп күтілуде. Осылайша, қазақстандық тұтынушылар отандық нарықта өндірілген, арзан да сапалы автокөлік бензиндерімен (құрамында бензол мен хош иісті көмірсутегінің үлес салмағы мейлінше азайтылған) қамтамасыз етіле бастайды. Сонымен бір мезгілде мұнай химиясы үшін қажетті шикізат өндірісі де жолға қойылады.

Осындай деректерді әңгімесіне арқау еткен кәсіпорын басшысының айтуынша, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» негізінен еліміздің батыс өңіріндегі мұнай кеніштерінде өндірілген, ауыр қалдықтары көп мұнайды өңдеуге бағдарланған. Мұның өзі бір жағынан каталитикалық кренингтің технологиялық процесіне керекті әлеуетті шикізат болып табылады. Жыл сайын зауытта 5,5 млн.тонна мұнай өңделіп, 1,745 млн.тонна автокөлік бензині, 1,640 млн.тонна дизель отыны және 244 мың тонна авиакеросин шығарылады. Мотор отындарының барлық түрі де «Евро-5» халықаралық сапа стандартына сәйкестендіріледі.

Ірі инвестициялық жобалардан бөлек, кәсіпорында пайдаланудағы технологиялық қондырғыларды жаңғырту бағдарламасы да табысты жүзеге асырылып, аяқталып келеді. Қазірдің өзінде зауыттың мұнай өңдеу жөніндегі жылдық қуаты 4,906 млн. тоннаны, ал мұнайды өңдеу тереңдігі 60-65 пайызды құрайды.

Инновациялық жобаларды ойдағыдай іске қосудың нәтижесінде зауыт бүгінде мұнайды өңдеп, коммерциялық пайда табудан бәсекелесу жағдайына жетуде. Мұның сыртында, кадрлық әлеуеті жөнінен де кәсіпорын ТШО, НКОК тәрізді алпауыт компаниялармен иық тірестіре алатындай деңгейге көтерілген. Сонымен бір мезгілде зауыттықтар кадрлар біліктілігін арттыруға бағытталған халықаралық бағдарлама бағыттары мен Киот хаттамасы, сондай-ақ, Бірыңғай кедендік кеңістікке ену талаптарын орындау үрдісін де жалғастыруда.

 

Білікті маман – өндіріс тірегі

Әңгіме барысынан аңғарғанымыздай, Атырау мұнай өңдеу зауытында қазіргі уақытта жалпы саны 2,5 мың адам жұмыс жасайды. Кәсіпорында еңбеккерлерді қолдаудың ұтымды жүйесі қалыптасқан. Атап айтқанда, еңбектің қауіпсіздігі мен қорғалуы, еңбекке ақы төлеу мен әлеуметтік пакет мәселелері түбегейлі шешіліп, жақсы жолға қойылған. Өндіріс озаттары мен мамандығы бойынша үздік танылғандарды марапаттау, еңбек әулеттерін ұлығылау, оларды кейінгі жас толқынға үлгі-өнеге ету, әркімді еңбегіне қарай бағалап, ынталандырып отыру берік дәстүрге айналған. Жан-жақты жүргізілген сараптау жұмыстарының қорытындысында кәсіпорын қызметкерлерінің немесе жұмысшы-мамандарының өздерінің атқарып жүрген жұмыстарына сәйкес-тілігі, яғни, қойылған талаптарды қанағаттандыру көрсеткіші бұған дейінгі 80,02 пайыздан 81,4 пайызға көтерілген.

Қызметкерлердің тең жартысынан астамы (54,31 пайызы) — жоғары білімді мамандар. Кейінгі жылдары жұмысқа қабылданған жастардың арасынан 40 адам инженерлік-техникалық құрамға ауыстырылған. Ал, жоғарыда келтіріліп кеткен инвестициялық жобаларға қатысатын үміткерлерге қойылатын талап та жоғары, таңдау тәртібі де қатаң. Осылайша, бірінші жоба бойынша іріктелінген 260 адамның 60 пайызы сырттан, қалғандары ішкі резервтен алынған.

 

Жаңғыртуға  жаңа – серпін

Айтпақшы, жаңғырту және қайта жарақтандыру жұмыстарының жүргізілуіне байланысты зауыттағы технологиялық қондырғылардың саны, соған сай олардың өндірістік қуаттылығы да артты. Мәселен, 2003 жылға дейін кәсіпорында небары бес технологиялық қондырғы жұмыс жасап тұрса, жаңғыртудың алғашқы сатысынан кейін олардың қатары екі есеге көбейді. Жаңа жобалар іске қосылған соң зауытта 30-ға тарта технологиялық қондырғы жұмыс жасайды. Соған қарағанда, алда тұрған жұмыс ауқымының аз еместігі байқалады.

Жаңа орынға көшіріліп, жаңаша жағдайдағы жұмыс режиміне көшкен нысандардың санатында орталық зауыт зертханасын атауға болар еді. 2008 жылдан бастап жаңадан салынған ғимаратта жұмыс жасап жатқан зертхананың өзі бірнеше зертханадан тұрады. Осында болғанымызда жауапты мамандар бізді зертхананың тыныс-тіршілігімен таныстырды. Жұмыс орындарының бәрі де желдеткіш (ауа тазартқыш) жүйелермен жабдықталған. Қазіргі заманғы, арнайы ауа соратын шкафтар қойылған. Ол жаз мезгілінде салқындатылған ауа айдаса, қыста жылу беріп тұрады. Бірінші кезекте керекті өрт сөндіру құралдарымен, қауіпсіздік белгілерімен қамтамасыз етілген. Арнаулы жұмыс киімдері, аяқ киім мен жеке қорғаныш құралдарымен толықтай қамтылған.

Мамандардың түсіндіруінше, жаңа заманауи құрал-жабдықтар мен құрылғылар талдау-сараптау жұмыстарының уақытын қысқартумен бірге сапасының да жоғары болуына септеседі. Автоматтандырылып, компьютерлендірілген жүйенің көмегімен бұрындары бірнеше сағатқа созылатын талдау жұмыстары санаулы минуттарда атқарылады, сараптама қорытындылары да дәл әрі тез шығарылады. Бұл жөнінде орталық зертханаға «СТК-17025» халықаралық стандартына сәйкестігі сертификатының берілгенін білдік.

 

Еңбегіне қарай – өнбегі

Қазіргі кезде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басшылығы бүкіл ұлттық компанияға қарасты кәсіпорындарды еңбекке ақы төлеудің бірыңғай жүйесіне көшірудің жолдарын ойластыруда. Бұл лектен Атырау мұнай өңдеу зауытының да қалып қоймасы кәміл. Осыған дейін де ол өзінің зейнеткерлері мен жұмысшы-қызметкерлерінің мектеп жасындағы балаларына көмек-қолдау көрсетіп келді, алға қарай да бұл үрдістің жалғасатындығына көзіміз жетті.

Зауыттың жұмысы адам өмірі мен денсаулығына қатер төндіруі ықтимал қауіпті жағдайлармен де байланысты екендігі белгілі ғой. Сол себепті де, қызметкерлер құрамында тоқсанына бір рет анонимді түрде сауалнама жүргізіліп отырады. Сауалдарға қайтарылған жауаптардың қорытындысымен еңбекке ақы төлеу мен әлеуметтік қолдау, еңбек және қауіпсіздік техникасы талаптарының қаншалықты дәрежеде орындалып отырғандығына сараптама жасалынады. Және келешекте қандай мәселелерге көңіл бөлу керектігі айқындалады.

Осының барлығы да баспасөз туры барысында егжей-тегжейлі баяндалды. Журналистер тиісінше өздерін толғандырған сұрақтарына толыққанды жауаптарын алды.

ДәулетқалиАРУЕВ.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button