
Инфрақұрылымды жаңғырту – жергілікті экономиканы дамытудың бір тетігі
Махамбет ауданында инфрақұрылымды жаңғырту, соның ішінде көшелерді жарықтандыру және сәулеттік келбетін жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар қолға алынуда. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Биыл Махамбет ауылының “Жаңа ауыл” шағынауданындағы 11 көшеге жаңа көше жарық шамдары орнатылып, іске қосылды. Атап айтқанда, Е.Серкебаев, Избулов, Ә.Тұхфатов, Жәңгір хан, №1, №2, №3, №4 көшелері мен К.Әзірбаев және “Шұғыла” шағынауданындағы Қ.Ахмедяров көшесі заманауи жарық көздерімен қамтылды.
Сондай-ақ ауылішілік сәулеттік және техникалық реттілік мақсатында ескі электр бағаналарын ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Мысалы, Оңайбаев көшесінде қолданыстан шыққан бағаналар мен ескі үлгідегі ДРЛ шамдары алынып тасталса, Алтынсарин көшесінде артық 11 ағаш бағана жойылды. С.Торайғыров, Д.Қонаев, Избулов көшелерінде де артық электр бағаналары алынып тасталды. Д.Нұрпейісова көшесінде ескі ағаш бағаналар бұзылып, үйлер бетон бағаналарға қосылды.
Бұдан бөлек, аудан орталығындағы қоғамдық ғимараттар мен көшелер түрлі түсті жарық шамдармен және сәндік элементтермен безендіріліп, ауданның көркем келбеті жаңарып келеді.
-Көшелердің жарықтандырылуы мен инфрақұрылымның жаңаруы тек эстетикалық мәнге ие емес, бұл — тұрғындардың қауіпсіздігін арттырумен қатар, кәсіпкерлік қызметтің белсенділігіне де оң әсер ететін маңызды фактор. Жарықтандырылған және жақсы безендірілген көшелер – кешкі уақытта халықтың қозғалысын арттырады, бұл өз кезегінде шағын сауда нүктелері мен қызмет көрсету орындарына сұраныс туғызады. Сонымен қатар бұл шаралар жұмыс орындарының ашылуына, құрылыс және энергетика салаларының қозғалысына серпін беріп, жергілікті бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайтуға ықпал етеді, — дейді аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА