
Инфрақұрылымды жаңарту – өңірлік экономиканың драйвері
Жылыой ауданында жалпы ұзындығы 399 шақырым ауыз су желісі тартылған. Бүгінгі таңда ауданның сумен қамтылу деңгейі — 99,3%. Бұл – республика бойынша жоғары көрсеткіштердің бірі. Дегенмен, су жүйелерінің 31,7%-ы тозған. Осы мәселені шешу үшін биыл бірнеше инфрақұрылымдық жоба іске қосылады.
Соның ішінде Құлсары қаласында қуаттылығы тәулігіне 18 000 м³ болатын жаңа су тазарту станциясын сатып алу және орнату жұмыстары басталады. Ағымдағы және күрделі жөндеу аясында 7 шақырым жылу желісі мен 49,2 шақырым кәріз желісі жаңартылады.
Сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – денсаулық сақтау саласына ғана емес, еңбек өнімділігіне, демографияға, инвестициялық тартымдылыққа тікелей әсер ететін фактор. Бұл – өңірлік экономиканың ұзақмерзімді даму кепілі.
2025 жылы Жылыой ауданында 8 нысанда құрылыс және қайта жаңғырту жұмыстары жалғасады. Бұл жобалар инфрақұрылым сапасын жақсартумен қатар, жергілікті мердігерлер мен жұмысшыларды тарта отырып, уақытша және тұрақты жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Мемлекеттік инвестиция мен жекеменшік серіктестік арқылы қаржыландырылып отырған жобалар өңір экономикасының мультипликативтік әсерін арттырады.
Жылыой ауданында электр, газ және сумен қамту саласындағы жүйелі жұмыстар экономиканың нақты секторына серпін беріп отыр. Бұл жобалар – әлеуметтік қолайлылықты арттырып қана қоймай, кәсіпкерлік белсенділікке, өндірістік қауіпсіздікке және инвестициялық климатқа оң әсер етер. Инфрақұрылымдық даму – Жылыойдың ертеңі мен елдің өркендеуіне негіз.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ
Коллаж: egemen.kz