Жарнама
Экономика

ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУ БАҒЫТЫ: ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК – ӨРКЕНДЕУ НЕГІЗІ

 

Талап үлкен, міндет зор
— Оразғали Төлеуғалиұлы, соңғы жылдары өңірдің энергетикалық қуаты еселеп артып келеді. Бұл аймақтың сұранысын толық қанағаттандыра ма?
— Баршаға мәлім, республика бойынша Атырау облысы — көмірсутегінің мол қоры жинақталған өңір. Мұнда әлемдік деңгейдегі ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мұнай өңдеу зауыты жаңғыртылуда, ел бойынша тұңғыш газ-химия кешені салынбақшы, Каспий теңізі қайраңынан «қара алтын» өндірудеміз. Теңіз кенішінің кезекті кеңейту сатысы игерілмекші. Айта берсе, толып жатқан толымды табыстар.
Бір реттік медициналық инелер шығаратын, жеңіл панелді құрылыс материалдарын дайындайтын, газ турбиналарын жөндейтін, т.б. зауыттар пайдалануға берілді. Ал, осы іргелі кәсіпорындардың төңірегінде қаншама сервистік қызмет көрсететін бизнес құрылымдары құрылып жатыр. Тұрғызылып жатқан тұрғын үйлер мен мектептер, балабақшалар ше? Өзге де әлеуметтік нысандарды атауға болады. Міне, солардың бәріне де жарық пен жылу қажет емес пе? Оның үстіне, мұнайлы мекеннің алдағы алар асуы да биік. Яғни, кәсіпкерлік субъектілерінің тапсырысы да арта бермек.
Тағы бір мәселе – кезінде бизнес нысандарына кедергі келтіретін жайлар да болған. Олардың пайдаланбаған электр қуаттарына ақы талап етілген. Міне, осы проблема да оңтайлы шешілді. Қазір кәсіпкерлермен қалыпты қарым-қатынас орнады. Ал ол, сайып келгенде, Елбасының шағын және орта бизнесті дамытуға үндейтін бастамасына сәйкес келмей ме? Демек, біз шама-шарқымызша оған да үлес қосып отырмыз.
Сіз жергілікті сұранысты толық қамтамасыз етіп отырғанымыз жөнінде сұрадыңыз. Атыраулық тұтынушылардың бізге реніші болмауы тиіс. Атырау жылу-электр орталығының төртінші кезегін қолға алу 25 мегаваттық бірінші турбинадан басталды. Бұл осы кәсіпорындағы инвестициялық бағдарламаның алғашқы сатысы болатын. Оның салтанатына Мемлекет басшысының өзі қатысты.
Жалғыз бұл жоба емес, сонымен қатар әрқайсысының қуаты 25 мегаваттық екі турбинаны құрастыру қатар жүргізілді. Барлық турбиналар Ресейдің Калуга қаласынан жеткізілді. Атап айтар болсақ, жалпы құны 16 млрд. 458 млн. теңгелік жобаны кәсіпорын өз қаражатымен жүзеге асырды.
Ал, осының бәрі бізге неге керек еді? Елбасы айтқанындай, республиканың әр өңірі өзінің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс. Қазір Атырау Ресейден де, көршілес Маңғыстаудан да электр энергиясын сатып алуға мәжбүр. Міне, бүгінде қолға алынып жатқан шаралар бізді осындай мұқтаждықтан құтқарады. Шын мәнінде, мұнайлы мекен өзінің мүмкіндігін пайдаланып, энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

ҮНЕМШІЛДІКТІ
ҮЙРЕНЕТІН
КЕЗ БОЛДЫ
— Тариф жөнінде де айта кетсек.
— Оның құпиясы жоқ. Біз табиғи монополия субъектісі болғандықтан, қызметімізді уәкілетті органдар қадағалайды. Солардың тағайындаған бағасына орай жұмыс жасаймыз. Заң бұзып, белден басып жатқанымыз жоқ. Ал, турасын айтқанда, біздің облыстағы жылу мен жарықтың ақысы республиканың өзге өңірлерімен салыстырғанда тым арзан. Мұны салыстырмалы тұрғыда байқап та отырмыз.
Жалпы, Елбасының өзі айтқанындай, арзан коммуналдық қызмет болмайды. Оны мойындауымыз керек. Біз бәріміз де тұтынушымыз. «Атырау-Жарық» қызметкерлері жарық пен жылуға ақы төлемейді деген түсінік болмауы тиіс. Сондықтан, тарифтің өсуіне біз де мүдделі емеспіз. Бірақ, сол ақының қалай және неліктен көтеріліп отырғандығын түсінуіміз керек. Электр және жылу энергияларын шығару да біраз шығынды қажет етеді. Әсіресе, біз табиғи газға тәуелдіміз. Демек, оның бағасы қаншалықты өссе, біздің қызметіміз де соншалықты қымбаттайды.
Рас, ішкі мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, орынсыз шығынды болдырмау жолында шұғыл шараларды алдық. Мәселен, қазір «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамы нормадан тыс ысырапсыз жұмыс жасап келеді. Соның нәтижесінде қыруар қаржыны үнемдедік. Жылу энергиясының шығынын кеміту мақсатында да бірнеше шақырымдық ескі тұрбаларды жаңаларымен ауыстырдық. Мұның бәрін инвестициялық бағдарлама аясында жүзеге асырдық. Оның үстіне, біздің ешкімнен құпия ісіміз жоқ. Инвестициялық жобалардың қалай жүзеге асып жатқандығы жөнінде журналистермен, жергілікті мәслихат депутаттарымен, үкіметтік емес ұйымдар және жұртшылық өкілдерімен тұрақты кездесулер ұйымдастырамыз. Сондай жүздесулер кезінде барлық жай ашық айтылады.
Бүгінде үнем мәселесі алдыңғы кезекке шығарылды. Монополиялық мекемелер ғана емес, тұтынушылардың өздері де үнемшілдікке үйренуі тиіс. Тал түсте текке жанып тұрған электр шамы шашпашылдық белгісі емес пе? Ол, сайып келгенде, әр отбасының өзіндік бюджетіне кері әсерін тигізбей ме? Ендеше, бәріміздің де соған үйренетін кезіміз келді.

ӘЛЕУМЕТТІҢ
ӘЛЕУЕТІНЕ –
ЕРЕКШЕ НАЗАР
— Оразғали Төлеуғалиұлы, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі туралы не айтар едіңіз?
— Мыңдаған адам қызмет істейтін, талай буын жұмыс жасаған біздің үлкен ұжымда әлеуметтік мәселе әуелден алдыңғы кезекте болатын. Оны алдағы уақытта да назардан тыс қалдырмаймыз. Кәсіпорында қабылданған ұжымдық шарт бар, соның талаптары жұмыс беруші тарапынан мүлтіксіз орындалады.
Рас, кейбір адамдар тарапынан түрлі өтініштер болып жатады. Бәрін түсінеміз және орындауға тырысамыз. Мен біраз жыл республиканың өзге өңірлерінде қызмет атқарып оралдым. Содан бір күні Бекет бабаның кіндік қаны тамған жері Ақмешітке барғанмын. Барсам, тас қараңғы, трансформатор жанып кеткен. Басында отырған шырақшы ағамыз ешкімге сұранып бармаған. Дереу мүмкіндіктерін қарап, мәселені шештім.
Қанша жылдан бері жарықсыз отырған Оңай атаның түнек үйіне де желі жүргізіп бергенмін. Тек Атырау ғана емес, республиканың өзге өңірінде болғанымда да осындай қайырымдылық көмегін көрсеткенмін. Кезінде кеңестік идеологияның ізімен жүріп, халқымыздың абзал азаматтарының атын атай алмағанымыз бар емес пе? Енді көзіміз ашылып, батылдығымыз барып, солардың есімдерін ескеріп жатыр екенбіз, ендеше неге мәңгілік мекендерінің де мәнді болуына жәрдемдеспейміз?
Қаладағы әлеуметтік нысандарды қамқорлаудан да қашпаймыз. Түрлі шараларға тұрақты демеушілік танытып келеміз. Айтпақшы, өзіміздің «Атырау-Жарықтың» хоккей командасы да бар. Мұнда ойнайтындар сырттан келгендер емес, өзіміздің қызметкерлеріміз. Тіпті мен де соларды бастап алаңға шығамын. Бұл – біздің Елбасымыздың салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған ұстанымына қайтарып отырған жауабымыз.
Өзімізде көркемөнерпаздар үйірмесін құрдық. Қазір тым тәуір ансамбліміз бар. Оған қатысушылардың құрал-жабдықтары мен киім-кешегін де алып бердік. Бүгінде осы әншілеріміз бен бишілеріміз түрлі шараларымызды көтермелеп жүр.

БОЛАШАҚ БЕДЕРІ
ҚАНДАЙ?
— Биыл Атырау энергетикалық кешеніне тура жарты ғасыр толғалы отыр. Жарты ғасыр көп болмаса да, елеулі дата. Ол қандай жауапкершілік жүктейді?
— Елу жыл – аз ғұмыр емес. Бір адамның саналы өмірі. Оның үстіне, жоғарыда айтқанымдай, Атырау аумағы секілді өндірісі өркендеген, кәсібі дамыған аймақ үшін. Мәселен, еліміздің өзге өңірінде электр энергиясын тұтыну көлемінің өсуі 5-6 пайыз болса, бізде ол 8-9 пайыздан кем емес. Елбасының облысқа келгенінде «Бұл Қазақстан үшін қазіргі таңда инновациялық технологиялық тасқынды көздеп отырғанын дәлелдейтін көрнекті факті, өйткені дағдарыс кезеңінде бізде жаңа мекемелер ашылып жатыр. Жаңа станция Атырау облысы экономикасының энергетикалық қуатын арттыруға мүмкіндік береді. Энергияға зәру аймақ үшін бұл өте маңызды» деген сөзі әлі жадымда. Оны атыраулық энергетиктер де ұмытқан жоқ. Сондықтан Елбасы міндеттеген іс мүддесінен көрінуге күш салудамыз.
Бүгінде елу жылдың белесіне бой созғанда Атырау энергетикасының тарихы осымен тоқталып қалмақ емес. Болашаққа үлкен жобалар, жоспарлар жасап отырмыз. Оны одан әрі лайықты жалғастырып жатқан жергілікті мамандар жетіліп келеді. Сол тарихтың іргетасын қалап, о баста осы істі қолға алған ардагерлер бар. Демек, бүгінгі әңгіменің өзегі алда да үзілмейді.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button