Жарнама
Экономика

Индустриалды дамудың драйвері

Негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемінің өсімі – қай елдің болмасын экономикасын орта мерзімді және ұзақ мерзімді тұрақты дамытудың берік негізі. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа өндірістік қуаттардың, соның ішінде инвестициялық жобалардың есебінен іске қосылуы елдегі жалпы ішкі өнім көлемінің көбеюіне тікелей әсерін тигізетіні сөзсіз. Өзіндік пікірімен бөліскен қазақстандық мұнай-газ кеңесінің төрағасы Асылбек Жәкиевтің сөзінше, кезінде оның жетекшілігіндегі ұйым Үкіметке Атырау өңірінен мұнай-газ химиясы секторын дамыту хабын құру жөнінде ұсыныспен шыққан екен.

– Сарапшылардың болжамынша, полиэтилен өндірісіне бағытталған бір ғана жоба толық жүзеге асырылғанда ол республика бойынша жалпы ішкі өнімнің 2-ден 4 пайызына дейінгі өсіміне мүмкіндік береді. Осыған байланысты Атырау облысында мұнай-газ химиясының ғылыми-өндірістік кластерін құру қажеттігі туындап отыр. Мұның өзі түпкі нәтижесінде бизнес пен ғылымның күшін біріктіріп, инвестицияны мақсатты пайдаланудың тиімді алаңына айналар еді. Осы бағытта жасақталған жұмысшы мамандықтары Картасына сәйкес, «Болашақ» бағдарламасымен химик мамандарын дайындап шығарудың бірден-бір ұтымды жолы да сол болар еді, — дейді кеңес төрағасы Асылбек Жәкиев.

Оның үстіне, Теңіз, Қашаған, тағы да басқа ірі мұнай-газ жобаларының мәресіне жетуіне индустриалды аймақтан жалпы аумағы 20 гектар жер бөлу мүмкіндігі де бар. Атырауға осы салада озық тәжірибесі бар қытайлық компанияларды тарта отырып, мұнай-газ химиясын өңдеу өнеркәсібінің өрісін кеңейту мүмкіндігі артары даусыз. Мұнда жер қойнауын пайдаланушылардан аударылатын бір пайыз түсімді тең бөлу және оны тиімді бөліп-пайдалану арқылы бұл саланың нақты технологиялық міндеттері мен қордаланған проблемаларын шешуге жол ашылар еді. Мамандардың пайымдауынша, ол үшін барлық мүмкіндіктер ғылым жетістіктерін жұмылдыру қажет.

Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың Бурабайда өткен төртінші отырысында ғылым тақырыбына қатысты айтқан пікіріне құлақ түріп, басшылыққа алған жөн секілді: «…Бұған отандық та, шетелдік те мамандарды тарта отырып, ғылыми кадрлардың алаңсыз жұмыс жасауына қолайлы жағдай туғызу қажет. Тек сонда ғана алға қойған мақсатымыз бен діттеген межемізге жетеріміз ықтимал…»

Президенттің тікелей тапсырмасымен бүгінде республикада барлығы 17 «зәкірлік» жоба қалыптастырылып, тізімі жасақталған. Оның ішінде Атырау облысының үлес-еншісі де бар. Мұндай бастамашыл жобалар отандық экономиканы әртараптандыру мен өңдеуші өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін ынталандыру мақсатында таңдалған. Бұл жобалар ұлттық экономиканың металлургия, химия, мұнай химиясы, машина жасау, туризм, ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі сияқты маңызды салаларды қамтиды. Мұнай-газ химиясы секторы бүгінде мемлекеттің индустриалды дамуының драйвері саналатынын уақыттың өзі айқындап отыр.

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button