Жарнама
Экономика

ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚ – ІЛГЕРІЛЕУ КЕПІЛІ

Атап айту керек, еліміздің нарықтық экономика мен демократия принциптеріне негізделген халықаралық Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына кірудің рөлі зор. Бүгінгі таңда осы мақсатта нақты қадамдар да жасалынды. Өйткені, аталған ұйым экологиялық жаһандану, әлеуметтік және экономикалық мәселелерді шешуде түрлі елдердің үкіметі арасында бірлесіп жұмыс істеу платформасы болып табылады. Әсіресе, корпоративтік басқару, ақпараттандыру жағынан жәрдемдесуде ұйымның қолғабысы мол. Сондай-ақ онда ауыл шаруашылығы саласындағы озық тәжірибелер туралы толық мағлұмат жинақталған. Күні бүгінде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына 34 мемлекет кірсе, оның ішінде Еуроодақ елдері де бар.

Қазақстанда бәсекелестікті арттыру жобасын іске асыруға үш аймақ таңдап алынған болатын. Содан бері Атырау, Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыстарында жобалар қолға алынып, талдаулар, семинарлар жүргізіле бастады. Бұл шаралар шағын және орта бизнес кәсіпорындары мен шетелдік инвесторларды тікелей тарту арқылы тұрақты жұмыс орындарын көбейтіп, экономикалық ахуалды жақсартуға бағытталып отыр. Осылайша, аймақ әлеуеті дами түспек. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы бағдарламасының халықаралық қатынастар хатшылығы, Еуразия елдерінде бәсекелестікті көтеру бойынша экономикалық сарапшысы Ваутер Мейстердің айтуынша, алдын ала талдаулар мен зерттеулер нәтижесіне сәйкес, мұнай-химия саласы мен құрылыс индустриясын өркендетуді көздеп отырған көрінеді.

-Біз мұнай-химия секторына жұмыс күшінің тапшылығын шешу мақсатында кәсіби стандарттар бағытында семинар ұйымдастырдық. Оған Франция, Швейцариядан келген сарапшылар тартылды. Шетелдік мамандар озық тәжірибелерімен бөлісіп, табысты жұмыс істедік деп ойлаймын. Сонымен қатар, біз үш пилоттық жоба әзірледік,-деді ол.

Осынау жобаларды ұйым атынан жүзеге асыруға жұмыстанып жатқан өкіл Ольга Олсен Ұлыбританиядан келген сарапшының төрағалығымен өткен семинарда мұнай-химия саласын дамыту жайы сөз болғанын айтты. Осы бағытта қызмет етіп жатқан КРІ, KLPE, «Полимер продакшн» компанияларынан он беске тарта маман қатынасқан семинарда кәсіби стратегия бойынша үш пилоттық жобаның өміршеңдігі қозғалған. Бұл алдағы ауқымды шаралардың алғашқы баспалдағы болса керек.

Бірлесіп атқарған іс жемісін беретініне сенім білдірген ұйым өкілдері бұл шаралар көптеген кемшін тұстардың шешімін табуына септігін тигізетінін жеткізді.

Барлығы да жоғары дәрежеде ұйымдастырылғанына разымыз. Бұл біздің мақсатымыздың бірінші кезеңі болса, екіншіден инвестиция бойынша сарапшымыз инвестор тарту бойынша жобаларын ұсынды. Сарапшымыз «Атырау INVEST-2014» форумы аясындағы «дөңгелек үстелде» сөз сөйлеп, инвестиция тартудың тиімді әдіс-тәсілдерін көрсеткен еді. Сол уақыттан бері ол Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп бірқатар іс тындырып үлгерді. Мәселен, мақсатты инвестор тартудағы тәжірибесімен бөлісті. Кәсіпкерлерге арналған семинарда сарапшымыз инвестицияда ұсыныстар жазудың қыр-сырын үйретеді. Оның үстіне, арнайы кітапшалар әзірленді,-дейді Ольга Олсен.

Өз кезегінде облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ескендір Жаңатаев бизнес иелеріне қажетті мәліметтер жазылған брошюраны мейлінше молырақ таратуды өтінді.

-Электрондық нұсқасын веб-сайтқа, аймақта инновациялық жобаларды қолдау, инвестиция тарту бағытында құрылған «Атырау Innovations» ЖШС-нің сайтына орналастырсақ, керекті ақпараттар барлық кәсіп иелеріне қолжетімді болады деп ойлаймыз,-деді ол. Сондай-ақ басқарма басшылығы күні бүгінде «Атырау Innovations» ЖШС инвесторларға арналған сайт дайындалып жатқандығынан хабардар етті. Веб-сайт арқылы әлеуетті инвесторлармен кері байланыс орнатылмақ. Ал, «Инвестор атласы» жаңартылып, ағылшын тіліндегі нұсқасы шығарылатындығы белгілі болды.

Кездесуде айтылғандай, бизнес саласында жер учаскесін алуда кедергілер де жоқ емес екен. Олқылықтың орнын толтыру үшін халықаралық ұйым сарапшылар дерекқор жасауды ұсынды. Тиімділігі сол, мұнда жер учаскесі туралы барлық мәлімет жазылады. Бұл тәжірибе әлемнің АҚШ, Германия және тағы басқа дамыған елдерінде қалыптасқан.

-Әрине, дерекқор жасақтау қиынырақ екенін білеміз. «Атырау Innovations» ЖШС-і де инвесторларды тартуға жұмыстанып жатқанынан хабардармыз,-дегенВаутер Мейстер бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.  

Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ескендір Жаңатаев аймақтағы сәулет және қала құрылысы басқармасы Бас Жоспарды электрондық нұсқасымен жұмыстанып жатқандығын алға тартты. Шын мәнінде, бұл қиын мәселе болғанмен, біртіндеп шешімін таба бастағаны қуантатынын айтты. Дегенмен, Атырау облысында 210 гектар аумақты алатын индустриалды аймақ бар екендігін жеткізді. Оған инженерлік инфрақұрылым толықтай жүргізілген. Тіпті, әкімшілік корпусы да бар. Болашақта аумақта қырыққа тарта компанияны орналастыру жоспарланған. Егер тәжірибе оң нәтижесін көрсетсе, келешекте кеңейтпек ой да жоқ емес. «Жоспар көп. Оны жүзеге асыру ғана қалды»,-деді Е. Жаңатаев.

Сонымен қатар, жан-жақты пікірлер тоғысқан кездесуде дерекқор дайындаудың маңыздылығы көбірек қозғалды. Жергілікті атқарушы билік бәсекелестікті арттыру бойынша тек мұнай-химия саласында ғана емес, Елбасы тапсырмасына сәйкес, экономиканы әртараптандыру бағытында көбірек жұмыстану керектігін ескертті.

Өз тілшіміз.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button