«ЕҢБЕККЕ БАУЛЫҒАННАН ҰТАРЫМЫЗ КӨП»

Раиса Көшекова, «Ізекен» ЖШС директоры, «Райхан» қонақүйінің басшысы:

- Ойлап отырсақ, мектептегі қарапайым еңбек пәнінің мәні зор екен ғой. Бізде керісінше, соңғы кездері соның маңызы жоғалып кеткендей. Себебі, бизнеске баулу дегеніміз баланы кішкентай кезінен бастап еңбекке үйретуден басталады. Мәселен, үй шаруашылығын жүргізу, еңбек сабақтарының тектен-тек емес, жақсы жобамен жүргізіліп, жұмыс жасағаны жөн. Біздер кей-кейде болмашы нәрсеге үлкен мән береміз де, шынайы қажеттілікті ескермей қалып жатамыз. Шындығында, оқушы ілгекті қадап, шеге қағып үйренуі тиіс. Адал еңбекте шынығып, ынта-жігері болса, кәсіп бастауға барлық мүмкіндіктің бары анық. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында кәсіпкерлікті дамытуға кедергі келтіретін барлық құқықтық нормалардың күшін жою керектігін міндеттеген-ді. Елбасының бизнеске қатысты айтқан пікірлерін ести салысымен балаша қуанғаным да рас. Әсіресе, әкімшілік барьерді төмендеткенін қолдадым. 

 

Бір кездері бизнесті қолға алғанда машинкаларды өзім тазалап, еденді жуып тастайтынмын. Қонақ үй құрылысы басталғанда бастан-аяқ жұмысшылардың қасында болып, керек-жарағын іздедім. Менің ойымша, жас ұрпақты кәсіпкерлікке тарту үшін бәрі де қиыншылықтан басталатынын ұғындыру керек. Өзіміз 5-6 сыныптарда оқи жүріп-ақ түйені де саудық, үй шаруасын бір кісідей атқардық. Өз бизнесімнің жолында еңбектен артық ештеңе жоқ екендігіне толық көз жеткіздім. Кейде «біздің көрген қиыншылығымызды балаларымызға бермесінші, солардың жағдайы дұрыс болсыншы» дейміз. Керісінше, адал еңбекке тартудың еш айыбы жоқ екен. Одан жамандық көрген жанды естімедім. Ендеше, шағын бизнесті отбасы дәстүріне айналдыру үшін еңбек еткеннің еңсесі биік тұратынын дәріптегеніміз жөн.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз