
Химия өнеркәсібі – ел экономикасының жаңа драйвері
Бүгін Үкімет отырысында айтылған деректер еліміздің химия және мұнай-химия өнеркәсібінде сапалы өзгерістердің басталғанын аңғартады. Соңғы тоқсандағы 12,5%-дық өсім мен жыл соңына дейін жоспарланған 5%-дық арту – бұл саладағы жүйелі жұмыстың нақты көрсеткіші. Химия өндірісінің өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 4,6%-ды құрап, еліміздің экономикалық құрылымында маңызы артып келеді.
Қазір химия өнеркәсібі – тек өндірістік сектор ғана емес, бүкіл экономиканың қозғаушы күші ретінде қалыптасуда. Ауыл шаруашылығы, металлургия, құрылыс материалдары өндірісі сынды салалар химия өнімдеріне тікелей тәуелді. Осы тұрғыдан алғанда, полипропилен, натрий цианиді, фосфор және минералды тыңайтқыштардың өндіріс көлемін арттыру – отандық нарықты тұрақты қамтамасыз етуге, сондай-ақ экспорттық әлеуетті кеңейтуге жол ашады.
Саланың соңғы бес жыл ішінде жылына орта есеппен 5%-ға тұрақты өсуі – инвестициялық тартымдылық пен мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесі. Мұндай көрсеткіштер салада жаңа жұмыс орындарының ашылуына, салықтық түсімдердің артуына және технологиялық жаңаруға алып келеді.
Мемлекеттік қолдаудың нақты мысалдары ретінде өңдеуші кәсіпорындарға жеңілдетілген несиелер беру, инвестициялық жобаларды қаржыландыру, шетелдік және отандық инвесторлармен тығыз ынтымақтастықты айтуға болады. Бұл – бәсекеге қабілетті өндіріс орнын қалыптастырып қана қоймай, ғылыми-инновациялық технологияларды енгізуге де сеп болады.
Алдағы уақытта осы бағыттағы жобалардың сәтті жүзеге асуы – Қазақстанды Орталық Азиядағы химия өнімдерін экспорттаушы жетекші елдердің біріне айналдыруы әбден мүмкін. Ол үшін ішкі логистика, шикізат қоры, еңбек ресурстарын дамыту сынды мәселелер кешенді түрде шешілуі тиіс.
Ақмарал ЖАЛҒАСБАЕВА,
С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің профессоры, Біліктілікті арттыру мен қосымша білім беру институтының директоры, экономика ғылымдарының кандидаты