Халықаралық операциялардан елімізге түсетін кірістер артады — депутат
Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екінші оқылымда қаралып, құжат қабылдады.
Бұл ретте, заңның мақсатына қатысты Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов түсінік берді.
Заң нормаларын іске асыру халықаралық іскерлік операцияларда және халықаралық іскерлік операциялармен байланысты келісімшарттарда мемлекеттік кірістің жоғалуын болдырмауға оң әсер етеді. Атап айтқанда, биржалық тауарлар бойынша тауар биржасында жасалған мәмілелер аясында бақылауды енгізу; жергілікті есептілікті ұсынатын салық төлеушілердің санын кеңейту; баға диапазонын және рентабельділік (маржа) диапазонын айқындау тәртібіне, рентабельділікті анықтау тәртібіне қатысты жаңа баптарды енгізу; сондай-ақ басқа да өзгерістер мен толықтырулар енгізу ескерілген.
Ә. Жұбанов аталған заң елден шығарылып жатқан капиталды қалай бақылайтыны жөнінде айтып берді.
«Бұл процеске баға арқылы қадағалау жасалады. Себебі «сауда мұраты – ұту» дегендей, қазір салықты аз төлеу үшін өнімді арзан бағамен сатып, ал сатып алғанда жоғары баға белгілеп жатады. Сондықтан Парламентте қаралып жатқан құжатта кейбір заңсыз әрекеттерді болдырмау ескерілген. Өкілетті орган тауар биржасындағы сауда-саттықты бақылауға алып жатыр», — деді депутат.
Сонымен қатар ол заң арқылы салық саласындағы әділдік пен ашықтық қамтамасыз етілетінін нақтылады.
Ә. Жұбановтың пайымынша, заң үстемдігін қамтамасыз ету аясында тиісті өкілетті органның мүмкіндігін күшейту керек.
«Мәселен, халықаралық биржада немесе шетелге экспортқа шығарылатын бір тауардың бағасы 50 АҚШ долларын құрайды. Осы өнім 30 доллардан сатылғанын анықтасақ, өкілетті орган салықтың 50 долларға сай деңгейде төлеткізеді. Шетелдегі сұраныс 50 доллар бола тұра, компания оны 30 долларға өткізіп жатса, бұл тұрғыда салықтан жалтару әрекеті болуы мүмкін», — деді депутат.
Оның сөзіне қарағанда, 2019 жылы тауар биржасы бақылаудан алынғаннан кейін, қазір салық төлейтіндер саны айтарлықтай өскен.
«Өкілетті органдардың ақпаратынша, қазір тауар биржасында қызмет етіп, саудамен айналасып жатқан салық төлеушілердің нақты саны белгісіз. Енді бақылау басталғаннан кейін, нақты есептілік пайда болады… Алдағы уақытта мемлекеттің кірісі едәуір көбейеді. Экспорттық әлеуеті бар компаниялардың өнімді шетелге шығарғанда, осы саланы қадағалау керек болады. Яғни әділ бағамен өткізілуі маңызды», — деді Әділ Жұбанов.
Бұдан бұрын хабарланғандай, осы заң халықаралық операциялардан мемлекетке түсетін кірістерді ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Капиталды шығаруға бақылауды күшейту мақсатында тараптардың өзара байланыстылығын айқындауды кеңейту қарастырылған. Себебі кейбір ірі салық төлеушілер жасанды делдалдық құрылымдар құрады.
Қаржы министрлігінің мәліметінше, шикізат өнімдерін сондай «эксклюзивті» трейдерлерге төмендетілген бағамен сату фактілері бар. Бұл ретте ондай трейдерлер бойынша қаржылық есептілікті алу мүмкін емес. Яғни тексерілетін мәмілелер бойынша жеткілікті ақпараттың болмауына байланысты елден капиталды алып кету тәуекелі туындайды. Сондықтан өзара байланысты тараптар ұғымын кеңейту ұсынылды.
Заң бойынша қосымша делдалдардың пайда болуына шектеу қойылмақ. Мұндай делдалдар көп жағдайда шетелде құрылады.
Яғни бізден алған шикізаттық тауарларды олар төмен бағамен шығарып, шетелде жоғары бағаға өткізеді. Осыдан алған табысты қалталарына басып келді.
Фото: Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі