Жарнама
Экономика

Ғылымы дамымаған елдің болашағы бұлыңғыр

Атырауда ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Президиумының кезекті көшпелі отырысы өтті. Н.Балғымбаев атындағы коммуникацияларды дамыту орталығында «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» тақырыбында ұйымдастырылған шарада мұнайлы өлкеде ғылымды дамыту мәселелері талқыланды.

Егер ғылым дамымаса, ол өңірдің экономикасы алға баспайды. Сондықтан аймақтарда облыс әкімі жанынан ғылыми кеңес құрылып, оған өңір басшысы жетекшілік етуі тиіс. ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы КеАҚ басқарма президенті Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, өкінішке қарай еліміздің көптеген өңірінде мұндай кеңестер жұмыс істемейді. Тек Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарында бұл бағыт бір жолға қойылған.

–Ғылыми жобаларды қаржылай қолдау үшін бюджеттік бағдарламалар жоқ. Сол себепті, өңірлік ғылымды өркендетуге ғылыми кеңес құрылуы тиіс, — дейді А.Күрішбаев.

Облыс әкімі Серік Шәпкеновтың айтуынша, ғылымы дамымаған елдің болашағы да алысқа бармайды.

–Өңір экономикасы өркендеп келеді. Атырау облысы мұнай-газ саласының көшбасшысы саналады. Біз үшін өңірдің дамуы ғылымның алға басуымен де өлшенеді. Өйткені, “қара алтынды” шикілей сатумен қатар оны тереңірек өңдеп, жаңа өнім түрін шығару үшін иннвациялық жобаларды жүзеге асыруға озық технологиялар қажет. Демек, бұл бағытта бізге маңызды қадам керек. Облыста ғылыми-техникалық кеңес құрылды. Ресурстарымызды тиімді пайдаланған жөн. Мұнаймен ластанған топырақты, сор аумақтарда ауаға ұшқан тұздан тазартуға заманауи әдіс-тәсілдер қажет, -дейді Серік Жамбылұлы.

Отырыс барысында өңірлік ғылымның дамуының өзекті мәселелері, оның өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпалы талқыланды. Қатысушылардың назарына жаңа зерттеулердің нәтижелері, өңірлік ғылымның тиімділігін арттыруға бағытталған стратегиялық тәсілдер мен бастамалар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының «Ғылым және технологиялық саясат туралы» қабылданған заңы аясында өңірдегі қолданыстағы және болашақ өндірістердің дамуына қатысты технологиялық мәселелер мен проблемаларды шешу мүмкіндіктері ұсынылды. Сондай-ақ, қатысушылар өңір ерекшеліктеріне бейімделген ғылымды дамытудың жаңа басым бағыттарымен танысты.

Академия Президиуымының көшпелі отырыс жұмысының нәтижесінде республикада алғаш рет Атырау облысы әкімдігі жанынан ғылымды қолдау қорын құру туралы шешім қабылданды.

Көшпелі отырыс өңірлердегі ғылым мен технологиялық дамуды нығайту, ғылыми зерттеулер мен өндіріс арасындағы тиімді байланысты орнату, сондай-ақ өңірлік ғылымның әлеуетін арттыру жолдарын қарастыру үшін маңызды алаңға айналмақ.

Айбөпе САБЫРОВА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button