Жарнама
Экономика

EXPO – ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУҒА АШЫЛҒАН ЖОЛ»

— 2017 жылы Астанада өтетін халықаралық EXPO көрмесінің тақырыбын Қазақстан «Балама энергия көзі» деп таңдады. Қазақстан таңдауының дәл осы тақырыпқа түсуінің себебі неде?
— Жерінде табиғи байлықтың қоры мол бола тұра, Қазақстанның баламалы энергетика мәселесін қозғауы тегін емес. Өйткені, шикізат көзіне айналып отырған еліміз мұнайдың да, көмір қорының да ерте ме, кеш пе таусылатынын жақсы біледі. Екіншіден, мәселенің бір ұшы әлемде қалыптасқан экологиялық ахуалға да байланысты. Сондықтан, балама қуат көзін іздеу — табиғи тазалықты сақтау үшін де маңызды. Міне, осы мәселеге дайындық керек.
Ерекше айтып өтер жайт, EXPO көрмесі әлемнің әр елінде өткен сайын тың идеясымен ерекшеленуі керек. Балама қуат көзін табу ғаламдық проблемалардың бірі болғандықтан да, таңдау Қазақ елі көтерген мәселенің өзектілігіне түсіп отыр.
— Ендеше, халықаралық көрмеге арқау болып отырған балама энергия көзін табуда елімізде қандай қадамдар жасалып жатыр?
— «Қазақстандағы мұнай қоры 50 жыл, көмір қоры 600 жылға жетеді» деген болжам бар. Бір тонна көмірді жаққанның өзінде қаншама экологиялық зардап бар? Атомды игеру де өте қауіпті. Бұдан соңғы кездері Еуропа елдерінің өзі бас тартуда. Сондықтан, күннің көзінің, желдің, табиғаттың бар пайдалы энергиясын пайдалану мәселесі өздігінен сұранып шығып отыр.
Осы себепті Ерейментауда, Алматы облысында жердің қуат көзін пайдалануда сынақтан өтіп жатқан құрылғылар бар. Елімізде күн батареяларын шығаратын зауыт жұмыс жасауда. Кремнийден ғана жасалатын күн батареялары техникалық қауіпсіздікке, экологиялық нормалардың барлық талабына жауап береді. Меніңше, осы саланы игеруде Қазақстанның мүмкіндігі мол. Рас, EXPO көрмесінің Астанада өтуіне орай, дайындық жедел жүріп жатыр. Мұның өзі, балама қуат көзін іздеуші мамандар легінің көбеюіне ықпал күшейеді деген сөз. Алға қарай бұл салада жоғары және арнаулы оқу орындары да пайда болуы мүмкін.
— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «әлем үшінші индустриялды төңкерістің алдында тұр» деген еді. Халықаралық көрменің елімізде өтуі үшінші индустриялды төңкеріске Қазақстан дайындығын қаншалықты қамтамасыз ете алады деп ойлайсыз?
— Индустриялды технологияның ауқымы тым кең. Бұл шикізатты, жаңа технологияны ойлап табу, ғарышты игеру, Менделеевтің кестесінен басқа, химиялық элементтерді ойлап табу деген сөз. Осының барлығын бір сөзбен «инновация» дейміз. Ғылым дамуының арқасында бүгінде жаңа инновациялық бөлімдер пайда болды. Қазір Марстан әрі қарай ұшып жатыр. Марсты игеру туралы сөз бүгінде кинодан ақиқатқа айналды. Екінші күн системасы табылды. Сонау ХХ ғасыр басындағы технологиямен қазіргі техникалық жаңалықтарды салыстыра алмайсыз. Дәл қазір екеуміз сөйлесіп, ой бөлісіп отырған мына ұялы телефонсыз қалай жүргенбіз деген ойда қаласың кейде.
Рас, инновацияға үлес қосу өте қиын шаруа. Теледидар, автокөлік, ұялы телефонға бұрын-соңды болмаған жаңа технология енгізу керек. Инновациялық өрлеуге қол жеткізу үшін ұлт білімді болуы тиіс. Президенттің интеллектуалдық мектептерді көбейтуі, Назарбаев университетінің ашылуы осының барлығы инновациялық дамуға дайындық. Жаңа құрылыс материалдарын, басқа саладағы техникалық жабдықтар жасап шығаратын кәсіпорындарды енді ел ішінде ашу керек. Рас, елімізде бүгінде индустриялық-инновациялық бағдарлама жүзеге аса бастады. Соңғы бір жылда Атырауда 23 кәсіпорын ашылды. Қарағандыда оншақты кәсіпорын іске қосылды. Енді алда осыларды бірте-бірте жетілдіру мәселесі тұр. Үшінші индустриялды төңкеріске дайындық – бұл басталған үрдіс. Президент осыны айтып отыр. Инновациялық дамуға қол жеткізу әкімдерге ерекше жауапкершілік жүктейді. Әкімдер ешнәрсені сырттан тасымауға жағдай жасауы тиіс. Бізге өте білімді техникалық кадрлар керек.
— Халықаралық ірі көлемдегі көрме елімізге не береді?
— EXPO – 2017 ең алдымен Астана инфрақұрылымын, елдегі туризм саласын дамытуға мүмкіндік береді. Экономикалық дамуға жаңа жолдар ашылады.
Қазір әлем елдері «Қазақстанға қандай технология апарамыз?» деген үлкен дайындық үстінде. Әлем елдері дүниежүзілік көрме барысында озық технологияларын әкелуге тырысады. Сондықтан, Астана сол технологияларды көзбен көріп қана қоймай, қолданысқа енгізуге, отандық сапалы өнім шығаруды қолға алуы керек.
Ең бастысы, баламалы көздерден қуат алу мәселесі әлі күнге өткір тұр. Әлем дамудың жаңа, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз жолдарын қажетсініп отыр. EXPO көрмесінде осы бір қордаланған мәселелер шешімін тапса, үлкен жеңіс.
— Астана соңғы кезде «Жасыл экономикаға» көшудің бастамашысы болып жүр…
— Рас, «Жасыл экономикаға» көшу туралы ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы тапсырмасы бар. Бірақ, бар мәселе ғылымның әлсіздігінде болып отыр. Біздің ғалымдар қазір мәселенің бергі жағымен ғана шектеліп, «бір-екі бидай тұқымын таптық», «малды асылдандырдық» дегеннен әріге аса алмай жүр. Ал, біз әлі күнге дейін бидайды да, тұқымды да сырттан тасып келеміз. Сонда бұл не қылған ғылым?
70 жыл Кеңес Үкіметімен, 20 жыл тәуелсіздікпен бірге өмір сүріп, 90 жыл бойына ештеңе шықпаған ғылымнан енді не шығады деп ойлайсың. Сондықтан, сырттан ғалым шақырсақ та, елдің ғылыми потенциалын күшейту міндеті тұр. Мәселен, АҚШ елі таланттысың ба, шақырады. Бар жағдайыңызды жасайды. Сіздің ғылыми әлеуетіңізді мемлекет мүддесі үшін пайдаланады. Ал, біздегілердің, өкінішке орай, ғылыми базасы жоқ.
Тек әдебиетте ғана үлкен таланттар жүр. Өзге техникалық ғылыми ортадан Сәтбаев сияқты ғалымдарды көре алмай жүрміз. Эйнштейн деңгейін айтпай-ақ қояйын. Ғылым туралы өзгерістер мен толықтырулар енгізілген заңда жобаңыз ғылыми жаңалық деп танылса, мемлекет сізге әжептәуір қаламақы береді. Бұдан соң елдегі ең мықты деген зертханалардың барлығының есігі сізге ашық. Бұл заңның да шыққанына бес жыл болды. Ал, біздің ғылыми ортада ғылыми жаңалық атымен жоқ! Біздің ғалымдар жаңалық ашу үшін кем дегенде елу жыл керек дейді. Елу жылға дейін бізді кім күтіп тұрады? Рас, бізде қазір тек медицина саласында ғана қозғау бар. Өздері жаңалық ашпаса да, жаңа технологияны игеріп, дәрігерлер күрделі операциялар жасап жүр.
Ал, ғылым ешуақытта ақшамен жасалмайды. Мысалға, сізге миллиардтаған қаламақы берсе де, Құрманғазыдай күй шығарып, Абайдай өлең жаза алмайсыз ғой. Айтқым келгені – бізге таланттар керек. Оларды сырттан өркениетті елдерден дайындау керек.
Меніңше, әрбір ұлттың өзіндік бейімі болады. Мәселен, біз қазақтар ән-күйге, шешендік өнерге бейімбіз. Елбасының «жаңа ұлт болып қалыптасу керек» деп жүргені де осыдан. Сол үшін біз жаңа технологияны игеруге өзіміз ұмтылып, жұмылуымыз керек.
Жапония – екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ең ауыр зардап шеккен ел. Екі бірдей ядролық бомба тасталды. Соғыстан соң бұл ел қалай тез көтерілді? Осыны зерттеу керек. Біз жапондар, кәрістер секілді үндемей жүріп көп іс тындыратын ұлтқа айналуға тиіспіз.

Әңгімелескен:
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button