Ескі кеніштердің екінші тынысы
Келешекте әлемде қуат күшін пайдалану екі есеге өседі. Мұнайға сұраныс тәулігіне 110 миллион баррельге дейін ұлғаймақ. Бұған ірі шикізат өндірушілердің қатарынан көрінген Қазақстан қаншалықты дайын? Атырау аумағындағы қоры таусыла бастаған ескі мұнай кеніштерінің екінші тынысы ашыла ма?
Шикізатқа сұраныс: арта ма, азая ма?
Жаһанда шикізатқа сұраныс-тың артатынын білікті мамандар, нақтысында, Kazenergy қауымдастығы төрағасының орынбасары Ұзақбай Қарабалиннің өзі айтып отыр.
– Бүгінде әлемнің 14 елі жалпы өндірілетін энергияның 70 пайызын тұтынады. Соңғы жылдары Жапония мен Сауд Арабиясында сұраныс сәл төмендегенімен, Франция мен Германия, Британия, Испания, Италияда көмірсутекті өнімдерді пайдалану көлемі өсуде. Ол тәулігіне 8,3 млн. баррельге дейін артып отыр. Атап айтар жаңалық, былтыр АҚШ-та тарихи жағдай орын алды. Қараша айында мұнай өндірудің мөлшері тәулігіне 10 млн. баррельден асты. Мақсатты жұмсалған инвестиция осылайша қуатты сланц индустриясын қалыптастыруға мүмкіндік берді. Ол ғаламдық мұнай-газ өндірісіне елеулі ықпалын тигізуде, — деді мұнай-газ саласының ардагері, Қазақстанның Еңбек Ері Ұ.Қарабалин.
Оның айтуынша, еліміздегі кен орындарының өнімділігі біртіндеп кеми береді. Қазіргі үш алып – Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кеніштерінде шикізат өндіру 2030 жылға дейін 110-115 млн. тоннаға дейін артқанымен, содан кейінгі кезеңде оның көлемі азая түседі. Болашаққа жасалған болжам бүгін тындырымды әрекет етуді қажет етеді. Оның үстіне облыс тұрғындарының көпшілігі мұнай кәсіпшілігінен табыс тауып отырғанын ескерсек, бұл біз үшін тіптен маңызды. Қор азайып, өнімнің жеткіліксіздігі туындағанда олардың жағдайы не болмақ?
Мұнай қоры сарқылса…
Қазіргі таңда «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» компаниялар тобының өндіріп отырған мұнайы аз емес. Алайда, ертеректе ашыл-ған кеніштердегі шикізаттың қоры сарқыла бастады. Олардың орнын толтыратын қосымша қордың болуы қазір маңызды мәселеге айналды.
– Қазақстандағы мұнай кен орындарының бірқатарының қоры ортайды. Оның ішінде «ҚазМұнайГаз» Барлау-Өндіру» компаниялар тобының кен орындары да бар. Осыған орай, бүгінгі таңда палеозой кезеңінің түзілімдерінде терең бұрғылау әдісі арқылы ресурстық базаны ұлғайту мәселесінің өзектілігі артып келеді. Әсіресе, «ҚазМұнайГаз» Барлау-Өндіру» компаниясының геологиялық барлау жұмыстарының негізгі бағыты палеозой кезеңінің түзілімдері орналас-қан Каспий жағалауы мен Маң-ғыстау бассейні екенін ерекше атап өту қажет, — дейді «ҚазМұнайГаз» Барлау-Өндіру» АҚ басқарма төрағасы Құрманғазы Есқазиев.
Геологиялық барлауға қатысты сараптамадан кейін мамандар екі жобаны таңдап алыпты. Енді мұнайшылар «Өзен» және «Қаратон» кеніштеріндегі мұнай ұңғымаларында бұрғылау жұмыстарын жүргізеді.
Тұзасты қабатының келешегі
Аймақтағы байырғы кәсіпорын «Ембімұнайгаз» үшін бүгінде бас ауыртар мәселе бар. Соның бастысы – қорды толтыру міндеті. Мұндағы мұнай қоры азайып барады. Сондықтан, компания геологиялық барлауды негізгі қызмет бағытының бірі санап отыр.
«Ембімұнайгаз» АҚ басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбековтің айтуынша, соңғы жылдары құрылымда өндірістің тиімділігін арттыру, жаңа технологияларды енгізу, цифрландыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілген. Бизнесті дамыту үшін бірқатар жобалар жүзеге асырылыпты.
– Атқарылған жұмыстар нәтижесіз емес. Кен орындарын толық барлау және жаңа алаңдарда геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуде жоғары көрсеткіштерге жетуге мүмкіндік жасалды. Бұған қоса, аумақты зерттеу бағытында да ауқымды жұмыстар жүргізілді, — деді басқарма төрағасы.
Мамандар жинақталған материал мен зертханалық зерттеулердің қорытындысына үлкен үмітпен қарайды. Ол Каспий маңы ойпатының оңтүстік шетіндегі тұзасты кешенін одан әрі зерттеу қажеттігіне көз жеткізеді.
Қашықтан басқару – тиімді
Ірі мұнай-газ компаниялары мұнай өндірісінде цифрландыруға, бір-бірінен жеке дара жұмыс істейтін, бір бағытта тоғыстыруды қажет ететін әртүрлі бағдарламалар, электрондық база мен жүйелерді жасақтауға маңыз беруде. «Интеллектуалды кен орын» жобасы осы мәселені шешіп, әртүрлі жүйелерді бір ақпараттық орталыққа тоғыстырады.
Бұл ақпараттарды бір жүйеге топтастырып, өндірістің жағдайын бақылауға, талдауға, сараптауға мүмкіндік тудырды. Бірыңғай ақпараттық жүйе, ғаламтор арқылы қажетті ақпарат алу, бастысы цифрландыру өзінің тиімділігін байқатты. Енді мамандар кен орнынан 300 шақырым қашықтықтағы кеңседе отырып, ұңғыманың қалай жұмыс жасап тұрғанын, құбыр бойымен қанша көлемде мұнай өткенін немесе өтпегенін біле алады. Жұмысшылар да бұрынғыдай қажетті ақпаратты қолмен толтырып отырмайды. Бәрі автоматты түрде жүзеге асады. Мұның бәрі шығынның азаюына, өнімділіктің артуына жол ашады. Мұнайшылар «геологиялық барлау жұмыстарымен қатар, осындай жаңашылдықтар мұнай кәсіпшілігінде еңбек ететін жұрттың ертеңіне сеніммен қаратады» дейді.
Азамат БАЗАРБАЕВ