Жарнама
Экономика

ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ КЕШЕН: КЕШЕ. БҮГІН. ЕРТЕҢ.

Облыстық табиғи монополияларды реттеу департаменті ұйымдастырған баспасөз туры «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамында жалғасты. Кәсіпорын басшысы Айбар Рахманов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін өткен жылы атқарылған шаралардан құлағдар етті.
Жалпы, бұған дейін де айтылғанындай, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен Табиғи монополияларды реттеу агенттігі Атырау облыстық департаментінің бірлескен бұйрығына сәйкес алдыңғы жылғы 16 тамызда «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамының 2013-2015 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасы бекітілді. Оған былтырғы 31 желтоқсанда кейбір өзгерістер енгізілді. Содан бері не тындырылды? Өткен жылдың қорытындысы қандай?
Алдымен, үш жылға есептелген ортамерзімдік инвестициялық бағдарлама құны 7 млрд. 100 мың теңге екенін айтқан жөн. Шыны керек, аз ақша емес. Соның былтыр 1 млрд. 757 мың теңгесі игеріліпті. Демек, биыл мен келесі жылдың еншісінде де қомақты қаражат жатыр.
Осы орайда, энергетиктердің тұтынушыларға ұсынар негізгі жаңалығы – электр энергиясын есептеуді бақылаудың автоматтандырылған жүйесінің жұмыс жасай бастауы. Ол елімізде өндірілген немесе бұрынғы жүйемен шетелдерден қабылданған және желілер арқылы тұтынушыға таратылған электр энергиясы көлемінің нақтылығын анықтайды. Бұл ретте тәуліктік, аймақтық және басқа да тарифтер есепке алынады. Сөйтіп, энергетиктер тауарларын ұсыну жеделдігіне, мекеме бойынша шығындарды азайтуға, тұтынушымен есеп айырысуды автоматтандыруға қол жеткізді. Міне, осы озық саналатын жабдықты орнатып, оны іске қосуға 231 млн. 495 мың теңге жұмсалыпты.
Әсіресе, журналистерді «Аспан» аталатын көпфункциялық есеп құралы қызықтырды. Бір фазалы мұндай жабдық жеке тұтынушыларға арналған екен. Әзірге оның үш мыңы қондырылыпты. Ал, бұл жабдықтың тиімділігі неде?
Алдымен, енді бұрынғыдай электр энергиясының жұмсалуын тексерушілер әр айда есік қағып, есептеу құралының көрсеткішін жазып жүрмейді. Барлық мәлімет автоматты түрде орталық басқару пультіне түседі. Одан әрі, электр монтерлері де төлемін төлемегендердің үйлерін жағалап, жарық желісін кеспейді. Мұны да автоматты түрде қашықтан жүзеге асыруға болады.
Рас, Айбар Рахмановтың айтуынша, жаңа жабдықты орнату үшін желілердің жақсы жүргізілуі шарт. Энергетиктер оны бастапқыда ескі үйлерге орнатып көрген екен, айтарлықтай нәтиже бермепті. Содан соңғы жылдары салынған көппәтерлі үйлерді қамтыпты. Егер «Атырау-Жарықтың» 80 мыңға жуық абоненті бар екендігін ескерсек, бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасады.
Облыс орталығының іргесіндегі Водников елді мекенінде тұрғызылған №8 «АБЗ» аталатын қосалқы подстансада тұрмыз. Атырау қалалық электр желілері кәсіпорны бас инженерінің орынбасары Алтынбек Құлмағамбетов қарсы алды. Оның айтуынша, сонау 1976 жылы пайдалануға берілген бұл подстанса былтыр толығымен қайта жаңартылыпты. Әрі трансформатор қуаты алты мегавольтамперден елуге дейін арттырылған. Яғни, тура он есе өсім бар. Бұл Водников, Курилькино, Құрсай, Ширина секілді елді мекендердің сұранысын толық қамтамасыз етеді. Қазір мұнда жаппай жеке үйлер салынып жатқандығын, олар ар жағындағы бекіре өсіру зауытына дейін созылуы ықтимал екендігін ескерсек, келешекке де жеткілікті қор жинақталған. Ең бастысы – бұрынғы жылдары үйлеріндегі тұрмыстық құралдарын ток көзіне қоса алмайтын тұрғындар бүгінде электр энергиясын қажетінше пайдаланып отыр.
Аталмыш подстанса жан-жағынан биік дуалмен қоршалған. Тіпті, дабыл қаққыш та орнатылған. Айбар Рахмановтың айтуынша, мұндай сақтық шарасы бәзбіреулердің түрлі түсті металл бұйымдарына деген қызығушылығын, қымбат аппараттарды қолды етуін тоқтату үшін істелген. Жанынан түңілгендер анау жоғары кернеулі токқа да қарамастан қалайша ұрлық жасайтындығына таң қалдық.
«Атырау-Жарық» АҚ-ның күрделі құрылыс бөлімі басшысы Юрий Вашуриннің айтуынша, былтыр дәл осындай төрт подстанса тұрғызылыпты. Осы объектілерді салу барысында тұтынушылар электр желісінен ажыратылмай, ешкімге зиян келтірілмеген. Сол шараларға өткен жылы 493 млн. теңге жұмсалыпты.
Атырау жылу-электр орталығы жыл санап өндірістік қуатын арттырып келеді. Жаңа бу қазандары орнатылып, тың техникалар пайдалануға берілуде. Бұл да – осында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық бағдарлама жемісі. Ендеше, сол қуаттарды тұтынушыға жеткізуге де дайын болу керек емес пе?
Міне, облыс орталығындағы 5,7 шақырымдық 110 киловольттық желі осы мақсатта жаңартылды. Оның ток өткізгіш қимасы да бұрынғы 95-тен 240 миллиметрге дейін кеңейтілді. Демек, бүгінде жылу-электр орталығында шығарылатын қуат тұтынушыға тасымалдануға дайын.
Сонымен қатар, алты подстанса толығымен жаңартылып, мүмкіндігі көбейтілген. Соның нәтижесінде «Вокзал маңы», «Бірінші учаске», «Маслопром» және «Абай алаңы» ықшамаудандары тәрізді келешекте өнеркәсіп және тұрғын үй нысандары көптеп тұрғызылуы ықтимал орындардың электр энергиясымен қамтылуы қазір-ақ қамтамасыз етілді. Осы шараларды жүзеге асыруға 745 млн. 366 мың теңге жұмсалды.
Энергетиктер тілінде реактивті қуатты компенсациялау дегеніміз – кернеуді реттеу және электр энергиясы шығынын азайту мақсатында тарату желілеріндегі балансқа мақсатты түрде әсер ету. Яғни, еш нәрсе де ретсіз жұмсалмауы тиіс. Осы орайда алынған жаңа аппараттар кәсіпорын қызметінің тиімділігін одан әрі арттыра түсті.
Тиімділік демекші, облыстық табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Райхан Мизамғалиеваның айтуынша, «Атырау-Жарық» АҚ 2009 жылдан бері нормадан тыс шығынсыз жұмыс жасап келеді. Кезінде бәзбіреулер коммуналдық қызмет көрсетуші кәсіпорындар мұндай шығындарды тарифке қосып, тұтынушы есебінен өтеп жүргендігін айтатын. Алайда, бұл – түбірімен қате түсінік. Нормадан тыс шығындар – монополия мекеменің өзінің қызметіне залал келтіретін өз ысырабы. Одан кәсіпорын зардап шегеді. Соның салдарынан түсетін табыс кемиді, өндіріс одан әрі өркендемейді, әлеуметтік мәселелер шешілмейді.
Атыраулық энергетиктердің алға қойып отырған ендігі мақсаты – нормативті шығындарды да барынша азайту. Әрине, оны мүлдем жою мүмкін емес. Өйткені, электр энергиясын қашыққа тасымалдағанда оның бір бөлігі қайткенде де шығынға ұшырайды. Бірақ, бұрынғыдан азайтуға болады. Ол үшін тың техникалар мен жаңа жабдықтар алынуы керек. Міне, «Атырау-Жарық» АҚ-ы қабылдаған инвестициялық бағдарлама осы проблеманы шешуге де жұмылдырылған.
Кәсіпорын өткен жылы бірнеше қуатты арнайы көліктер сатып алыпты. Қазір олар тек облыс орталығының ғана емес, аудандардың да қажетін өтеп жүр. «Атырау-Жарық» АҚ-ы президентінің өнеркәсіптік қамту жөніндегі орынбасары Рашид Байбосынов, әзіл-шыны аралас, бұрын көшеде тозығы жеткен көліктері кетіп бара жатқанда ұялғанынан теріс айналатындығын айтып қалды. Енді ине-жіптен жаңа шыққандай жарқыраған техникалар көз қуантады.
Баспасөз туры барысында журналистер биылғы 19 сәуірде орын алған оқыс оқиғаның да жайын сұраған. Жұртшылықтың жадында шығар, сол күні Балықшыдағы подстансаға бір бала тартылып қалған еді ғой. Әрине, өте ауыр жағдай. Бірақ, соған кім кінәлі? Қазір тергеу шаралары жүріп жатыр, оның қорытындысы кейін белгілі болар. Алайда, он жасар бүлдіршінге қос қолын кім қайтарып берер?
Осы орайда мектептерде электр тогымен ойнауға болмайтынын, оның адам өміріне қауіпті екендігін түсіндіретін арнайы шара қажет тәрізді. Мәселен, көшеден өту тәртібі, суға түсу ережелері, от ұстауға тыйым салынатындығы айтылады ғой. Ендеше, сондай алдын алу жұмыстары керек-ақ. Әйтпесе, мұндай оқыс оқиғалар келешекте де болуы әбден ықтимал. Бұдан тура 15 жыл бұрын Геолог елді мекенінде трансформатор тогына түскен жасөспірім жұртшылық жадында шығар. Онда да балалар жасырынбақ ойнап жүріп, ашық тұрған подстансаға кіріп кеткен-ді. Сол нысан «Геолог» коммуналдық-мемлекеттік кәсіпорнына қарайтын. Қазір подстансаларды қаншама биік дуалмен қоршаса да, үстінен секіріп түсетін көрінеді. Әр подстансаға кезекші қою да мүмкін емес. Ол штатты кестеге де сыймайды, қосымша қаражатты қажет етеді. Сондықтан, қымбатты ата-аналар, балаларымызға өзіміз сақ болайық.
…Ал, «Атырау-Жарық» АҚ-ның инвестициялық бағдарлама аясында орнатып жатқан жаңа жабдықтары – келешекте электр энергиясының сенімді таралуының кепілі.

Меңдібай ЕЛЕМЕСҰЛЫ.
Суреттер «Атырау-Жарық» АҚ-ы баспасөз қызметінен алынды.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button