Атырау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті Қазақстан геологі емдеу пансионаты КМКК-ға жоспарлы аудиторлық іс-шара жүргізу барысында 568 574,9 мың теңгенің бұзушылықтарын анықтады. Оның ішінде 232 909,9 мың теңгеге қаржы бұзушылықтары екендігі белгілі болды. Бұл туралы аталған департамент басшысының орынбасары Жалғас Букаев хабарлады.
Аталған қаржылық бұзушылықтардың негізгі бөлігі бухгалтерлiк есепке қатысты болып отыр. Айталық, кәсіпорынның бухгалтерлік қаржылық есептілігінде 2021 жылы 102 479,0 мың теңгеге және 2022 жылы 147 726,2 мың теңгеге ақылы қызметтен түскен табысы есепшінің 2021-2022 жылғы қаржылық есептілігінде көрсетілмей, қаражаттың бұрмалауына жол берілген.
Департамент басшысының орынбасары Жалғас Букаевтың айтуынша, аудит нәтижесінде лауазымды тұлғаларға қатысты ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 207-бабы бойынша Мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасы талаптарының сақталмағаны үшін жалпы сомасы 940,1 мың теңгеге 12 әкімшілік іс және Кодекстің 238 бабы бойынша сомасы 172,5 мың теңгеге 2 әкімшілік іс қозғалып, толықтай жергілікті бюджет есебіне өндірілген.
А. САБЫРОВА