Ембі мұнайы ел игілігіне асып жатыр
«Алтын шыққан жерді белден қаз» деген сөз бар ғой, әуелден қара алтынның бастауы болған Доссор және Мақат кен алаңдарын игеру үшін 1922 жылы «Ембімұнай» тресі құрылған болатын.
Бүгінде отандық мұнайшылардың ортақ ұясына айналып отырған сол қарашаңырақ «Ембімұнайгаз» АҚ деп аталып, ел игілігіне жұмыс істеп келе жатқанына ғасырдан асты.
Жақында республикалық және өңірлік БАҚ өкілдерінің басын қосқан екі күндік баспасөз турында компанияда соңғы жылдары жүзеге асқан технологиялар мен оған қарасты кен орындарының жай-күйі туралы жақынырақ танысудың сәті түсті.
Цифрланған өндіріс
Мұнайлы астананың қақ ортасында орналасып, қарт Жайықтың сол жақ жағалауына жайғасқан іргелі компанияның бас кеңсесіндегі кездесуде «Ембімұнайгаз» АҚ Бас директоры Сәбит Арынов компаниядағы ресурстық базаны өсіруді табысты іске асырып, мұнай мен газ өндіруде жаңа технологияларды енгізіп келе жатқандығын атап өтті.
Алдымен өндірістік үдерістерді қашықтан басқару орталығының қызметімен таныстырудан бастаған компания басшысы орталық онлайн форматта өндірістік нысандарды жедел бақылау және мониторинг жүргізу үшін құрылғандығын айтты. Компанияда 2016 жылы ашылған орталық жаңа инновациялық технология трансформациялау бағдарламасы аясындағы қанатқақты жобаның бірі. Интеллектуалды кен орны – жұмыс істеп тұрған өндіру қорын оңтайлы пайдалану үшін басқару пультіне ұңғымалардан деректерді үздіксіз өңдеуге, жедел бақылау және шұғыл шешімдер қабылдау үшін ақпараттар мониторингін қамтамасыз етуге жол ашады.
– «Ембімұнайгаз» компаниясы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның еншілес кәсіпорындарының ішіндегі цифрландыру бойынша үздіктердің қатарында. Қашықтан басқару орталығы қауіпсіздіктің алдын алу үшін де таптырмас жоба. Барлық параметрлері көрсетілген заманауи технология. Тіпті «Мұнай-газ саласына арналған үздік 10 IT-жобасы» атты ІХ бүкілресейлік байқауында гран-при ұтып алды. Орталық – компания мамандарының төл туындысы болып есептеледі. Әрине, бұл бұрынғы басшылардың, әріптестеріміздің еңбегі. Олардың еңбектері ақталып жатыр деп есептеймін. Бұл жерде геолог, механик секілді басқа да мамандар жұмыс істейді. Олар күні-түні бақылап, зерттеп отырады. Осылайша өндірістегі мамандармен бірлесіп жұмыс атқарады. Орталықта он кен орны көрсетілген. Бақылау орталығына интеллектуалды кен орнындағы жұмыстар жөнінде жинақталған ақпараттың барлығы талданып, қабылдау жасалады. Мұндағы арнайы орталықта кен орнынан келіп түскен ақпараттар сақталады. Өндірістік есептерді, мониторинг жүргізетін талдау жүйесі, сонымен бірге, кен орнындағы жабдық жұмысының бұзылуы тіркеледі. Тіпті, ақпараттың барлығы үлкен экранда кен орнынан барлық өлшемдер бойынша онлайн жүйесінде көрінеді, — деді компанияның директоры.
Сондай-ақ, журналистер отандық мұнай-газ өнеркәсібі үшін жаңа инновациялық бастама, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолға алынған «Сапарларды басқару» жобасының жұмысымен танысты.
Осы арқылы компанияда көліктер мен арнайы техникалар тарапынан жылдамдықты бақылауда ұстауға байланысты көлік құралдарының бірыңғай мониторингі қызметінің арқасында жол-көлік оқиғаларының саны жыл сайын азайып келеді. Атап айтқанда, биылғы 10 айда өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жылдамдық арттырулар оқиғасының саны 55 пайызға азайып, жанар-жағармай үнемдеу 20 пайызды құраған.
Бұл жобаның көмегімен геолокация, жылдамдық, күрт жылдам жүру және тежеу, қауіпсіздік белдігін тағу, күндіз жүру шамдарын қосу, маршруттан ауытқу және ережелерді бұзу туралы онлайн-хабарламалар туралы деректер түсіп отырады.
Аллеядан Прорваға дейін
Бұдан соң журналистер компанияның 100 жылдық мерейтойы аясында Жайықтың жағасынан, бұрынғы «Ембімұнай» тресінің орнынан ашылған «Мұнайшылар даңқы» аллеясын аралады. Жалпы аумағы 6300 шаршы метрді құрайтын аллея мұнай мен табиғи газдың жалынын бейнелейтін тамшыдан, аймақтың тарихы мен өзіндік ерекшелігін ашатын бірнеше тақырыптық композициялардан тұратын рельеф, компаниядағы кен орындарының санына арналған 46 бағана және алғашқы мұнай бұрқағы атқылаған Қарашүңгіл кен орнына арналған 1 бағана, субұрқақтан тұрады. Барельефте Ембі мұнайшыларының – Социалистік Еңбек ерлері мен Мемлекеттік сыйлық лауреаттарының есімдері жазылған ескерткіш тақта орнатылған. Сонымен қатар, аллеяда демалуға арналған орындықтар орнатылған.
Түс ауа баспасөз турының құрамы Жылыой ауданын бетке алдық. Аудан орталығы – Құлсары қаласына жетісімен бес бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана Нұргүл Ғабдулованың шаңырағына тоқтадық. Тағдырдың жазуымен осыдан үш жылдай бұрын дүние салған жолдасы компанияның құрылымдық бөлімшесі «Жылыоймұнайгаз» басқармасына қарасты мердігер мекемеде көлік жүргізушісі болып еңбек етіпті. Бірнеше жыл пәтер жалдап жүрген ана бір жарым жылдай бұрын жып-жылы, жап-жарық пәтерге қол жеткізіпті. Оған басқарма мұнайшылары бір күндік жалақыларын аударып, көпбалалы отбасыға баспана тарту еткен. Осылайша ананың қуанышын еселеген мұнайшылар тұрғын үйдің кіреберісін ретке келтіріп, негізгі керек-жарақтармен қамтамасыз етіпті. Мұнайшылар бұдан бөлек былтыр екі отбасыға баспана сыйлаған.
Қалашықтағы қарымды істер
Одан соң журналистер кешкі уақытта Прорва кен алаңдары тобының мұнайшылары жайғасқан «Каспий самалы» вахталық қалашығына жетіп, мұндағы ауысымдық әдіспен еңбек ететін мұнайшылардың тыныс-тіршілігімен танысты. Бес жатақханадан тұратын қалашықта 500-ге тарта мұнайшы бар. Мұнда жұмысшыларға уақыттарын тиімді пайдалануға мол мүмкіндік жасалған. Атап айтқанда, жұмыстан соң мұнайшылардың караоке залында ән шырқап, футбол, волейбол, баскетбол, бильярд, үстел теннисін ойнап, шахмат, нарды, дойбымен ой сергітулеріне болады. Жұмысшылардың арасында облыстық, республикалық жарыстарға қатысып, жүлделі оралып жүрген спортшылар да жоқ емес. Солардың бірі – джиу-джитсудан облыс чемпионы Азамат Ермұханов мұнай өндіру басқармасында 15 жылдан бері жұмыс істейді.
– Жұмыстан соң кешкі асымызды ішіп алып, спорт залға асығамыз. Жігіттермен футбол ойнаймыз. Жүзуден компания жұмысшылары арасында өтетін турнирлерге қатысып жүрмін. Сондай-ақ, компанияда цехаралық жарыстарға да белсенді қатысып келеміз. Басшылық тарапынан да спортпен шұғылдануымызға көңіл бөлініп отыр. Әрине, қаржылық тұрғыдан қолдау да көрсетеді. Кезінде еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастадым, бүгінде қауіпсіздік жөніндегі техника маманы лауазымында қызмет етемін. Спорт мені ынталандырып, тәртіпке үйретті, — деді Азамат Маратұлы.
Содан соң қалашықтағы медициналық амбулаторияның жұмысымен танысып, мұнда да жұмысшылардың денсаулығын тексеріп, алғашқы көмек көрсетуге арналған заманауи жабдықтардың сақадай сай екендігін көрдік. «Медикер» медициналық орталығына біріктірілген база арқылы талдау нәтижелеріне тез арада қол жеткізе алады екен.
Қайнаған зауыт жұмысы
Баспасөз турдың екінші күні вахталық қалашықтан он шақырымдай қашықтықта орналасқан «Жылыоймұнайгаз» өндіру басқармасының Прорва кен алаңындағы жылдық қуаты 150 млн. текше метрді құрайтын ілеспе газды кешенді дайындау қондырғысының жұмысын көзбен көрдік. Зауыт алаңына кірмес бұрын қауіпсіздік шаралары туралы бейненұсқаулықпен танысып, арнайы киімдеріміз бен каскамызды киіп, қолғап пен аяқ киімге арналған қорғаныш бұйымдарын сайлап алдық.
Аталған қондырғыда ілеспе газды өңдеу технологиясы экологиялық қауіпсіз әрі күкіртсутекті жоюда жоғары тиімділікті қамтамасыз етеді. Газды кешенді дайындау процесі толығымен автоматтандырылған және төтенше жағдайлардан бірнеше дәрежелі қорғаныспен қамтылған.
Жоба ілеспе мұнай газды күкіртті сутегіден тазартады. Қондырғыда тауарлы газ, түйіршіктелген тауарлы күкірт, тұрақты газ конденсаты өндіріледі.
Газ дайындау және күкірт алу цехының бастығы Жансерік Сәкенов зауытта бір ауысым бойынша 90 адам жұмыс істейтінін, оның 18-і инженер мамандар екендігін айтады.
– 2017 жылдан бері жұмыс істейтін зауытта табиғи ілеспе газды мемлекеттік стандарт бойынша тазартып шығарамыз. Оның күкірті мен көмірсутектерін бөліп аламыз. Таза газдың 15-20 млн. текше метрін өзіміздің қажетімізге пайдаланамыз. Ал, 130-135 млн. текше метр газ «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-на құбырына қосылады. Сондай-ақ, 2000 тоннаға жуық түйіршіктелген күкірт өндіре алады. Зауыт қызметкерлері тәулік бойына күндізгі және кешкі ауысыммен үздіксіз жұмыс атқарады. Қауіпсіздік шаралары үнемі бақылауда, — деді цех басшысы.
Цех бастығы экология саласындағы заңнаманың талаптарына сәйкес өндіріс барысында алынған ілеспе мұнай газы толығымен кәдеге жаратылуы тиістігін айтады.
Зауыттағы химиялық талдау лабораториясы, механикалық-жөндеу шеберханасы секілді нысандармен танысқан журналистер жұмысшылардың күнделікті міндеттеріне куә болды.
Бұдан соң баспасөз турдың қорытынды бөлігінде БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихаты өтіп, компанияның атқарған жұмыстары мен алға қойған мақсаттары туралы ақпаратқа қанық болды.
– «Ембімұнайгаз» компаниясы қазақ мұнайының бастауында тұр. Прорва кен алаңдары игеріліп келе жатқан 60 жыл ішінде 44 миллион тоннадан астам мұнай өндірілді. Ембі мұнайының әлемге танылуы Доссор мұнайының табылуымен байланысты. 2023 жылдың 10 айында компания мұнай өндіру жоспарын 100,6 пайызға орындады. Бірқатар геологиялық-техникалық іс-шараларды сәтті жүзеге асырудың арқасында қосымша 189 мың тоннадан астам қара алтын өндірілді. Демеушілік пен қайырымдылық шараларына 5,5 млн. теңге жұмсады. Бес мыңға жуық жұмысшыларымыздың сүбелі еңбек етуіне жағдай жасап келеміз, — деді «Ембімұнайгаз» АҚ Бас директоры Сәбит Арынов.
Жиын соңында журналистер жұмысшылар мен ардагер мұнайшыларға берілетін әлеуметтік көмек, компаниядағы мұнай қорының көлемі, экологиялық саясат, мұнай қоры азайған кен орындары мен ескірген технологиялардың жағдайы, жұмысқа орналасу туралы сұрақтарына кеңірек жауап алды.
Алмас ҚАБДОЛОВ