ЕЛДІҢ СҰРАНЫСЫ – ЕШКІ СҮТІНДЕ
Махамбет ауданындағы Сарайшық селолық округінің аумағынан қоныс тепкен жаңа фермада да шетелден әкелінген өнімділігі жоғары, асыл тұқымды ешкі түлігі өсіріліп-бағылады. Жұмыс бастағанымызға онша көп мезгіл болмағанымен, қазірдің өзінде ауыз толтырып айтарлықтай табыстарымыздың барлығын жасырмаймыз. «Атырауагроөнімдері» шаруа қожалығының құрамына кіретін ауылдағы өндіріс орнында бағылатын бөрте жүнділердің саны бүгінгі таңда 450 басты құрайды. Әзірге аналықтардың бәрі бірдей төлдеп үлгерген жоқ. Соның өзінде қазіргі барынан күніне 150 литр шамасында сүт алуға қол жеткізіп отырмыз. Айрықшалап айтарымыз, өндірістік процестері толығымен заманауи технологияларға негізделіп, автоматтандырылған, компьютерлік есептеу жүйесіне көшірілген фермада бір ғана ешкі сүтінен жиырмадан аса өнім (айран, сүзбе, ірімшік, құрт-май, сәбилер тағамы болып есептелінетін йогурт, т.б.) түрлері дайындалып шығарылады.
Басқалары тәрізді, бұл жобаның да болашағы зор екендігі жайлы облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің өзі бірнеше рет айтқан-ды. Әңгіменің түйіні сол, емдік, шипалық қасиеттерін былай қойғанда, ешкі сүті сәбилер үшін ана сүтін алмастыра алатын бірегей табиғи өнім түрі болып табылады. Осы жағы ескеріліп, қазірдің өзінде осында сауылған ешкі сүті аптасына екі рет облыстық балалар ауруханасына және үш мәрте жұқпалы аурулар ауруханасына жөнелтіледі. Жаңа оқу жылы басталғаннан бері өнімдеріміз сұраныс бойынша бірқатар мектептер мен балабақшаларға да жеткізілуде.
Және бір айтарым, мүмкіндігі мол, қуаттылығы жоғары шетелдік технологияларға негізделген бұл фермада да өндірістік процестердің бәрі автоматтандырылып, компьютерлік жүйеге көшірілген. Барлық мәліметтер бір орталыққа жинақталып, күніне қанша литр сүт өндірілгендігі, дайын өнім түрлері шығарылғандығы туралы деректер беріліп отырады.
Владимир РОЗМЕТОВ,
«Атырауагроөнімдері» шаруа қожалығының жетекшісі.