ЕЛБАСЫНЫҢ «НҰРЛЫ ЖОЛ» ЖАҢА ЭКОНОМИКАЛЫҚ САЯСАТЫН ІСКЕ АСЫРУДЫҢ БІРДЕН-БІР ТЕТІГІ
— Қозыбақ Әбуұлы, міне, уақыт алға жылжыған сайын төл валютамыздың тарихы да тереңдеп барады. Осы ретте не айтар едіңіз?
— Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында Қазақстанның Тәуелсіздігі жарияланып, оның экономикалық жүйесі нарықтық қатынастарға көшкен кезде банк жүйесін реформалау қажеттілігі туындады. Тәуелсіздігін жариялаған мемлекет үшін бұл ең қиын сынақтардың бірі еді. Ол үшін түбегейлі шаралар қажет болды. Жағдайды толықтай жақсарту жолындағы шаралардың бірі 1993 жылғы 15 қарашада өзіміздің ұлттық валютамызды енгізу болды. Әрине, ол кезде жағдайдың бір сәтте түзеліп кетуі мүмкін болған жоқ – құлдырау сатысы жоғары болды. Бірақ кеңестік рубльден ұлттық теңгеге көшу Қазақстанға көрші елдің эмиссиялық орталығынан тәуелсіз, өзіндік ақша-кредит және экономикалық саясатын жүргізуге мүмкіндік берді.
Әрбір мемлекеттің ұлттық валютасы сол мемлекеттің бет-бейнесін көрсетіп, мәртебесін танытатын ең басты құралдарының бірі екендігі белгілі. 1993 жылдың 15 қарашасында тәуелсіз Қазақ елінің өз валютасы қаржы айналымына енді. Қысқа мерзімде еліміздің негізін құрайтын банк жүйесі қайта құрылды.
Ұлттық валюта – теңге енгізілген бірінші күннен инфляцияны төмендетуді, тұрақты экономикалық өсімге жетуді тездету міндеті Ұлттық Банкке жүктелді. Сол уақыттан бері қаржы секторының тұрақтылығын және ұлттық валютаның орнықтылығын қамтамасыз ету мәселелері ҚР Ұлттық Банкінің стратегиялық міндеті болды.
Теңгені халық оң қабылдады. Төл валютамыз шаруашылық субъектілерінің ғана емес, тұрғындардың да ақша қатынастарын реттеуге мүмкіндік берді.
Теңгенің қалыптасуының алғашқы жылдарында Ұлттық Банк пен Үкімет үшін ақша-кредит пен экономикалық саясаттағы бірінші кезектегі міндеттер инфляцияны біртіндеп түсіру және өндірістің төмендеуін тоқтату болды. Бұл мәселелерді шешу үшін құрылымдық қайта құру мен жоғары талапты макроэкономикалық саясатты жүргізуге бағыт алынды. Бүгінгі күні теңгенің рөлі 21 жыл ішінде айтарлықтай өсті, соның ішінде банктік депозиттер түрінде. Теңге дүниеге келгеннен кейін ұлттық валюта енгізудің тарихи қажеттілік екені расталды. Теңгені енгізу нарықтық экономиканы құруды тездеткендігі шүбәсіз. Қазақстан әлеуметтік, экономикалық және саяси салаларында маңызды жетістіктерге қол жеткізді. Қысқа мерзім ішінде маңызды кезеңдерді бастан өткердік.
— Ал, Ұлттық Банктің атыраулық бөлімшесінде алғашқы уақытта қандай жұмыстар жүргізілді?
— Еліміздің ұлттық валютасын жасап, оны айналысқа енгiзуде көптеген қиыншылықтардың кездесуiне қарамастан, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, күндіз-түні еңбек еткен қызметкерлердің еңбегімен төл теңгеміз тәуелсiздiктiң, егеменді елдiктiң айғақ нышаны ретінде сәтті іске асқанын атап өтуге болады.1993 жылы теңгенің айналымға енгізілу кезеңінде облыс басшысы С.Қ.Түгелбаевтың іскерлік ұйымдастыруымен ұлттық валютаны енгізу жөніндегі жергілікті комиссия көптеген шаралар жүргізіп, қала мен аудандарда белсенді жұмыс атқарды.Сол кезде үлкен жауапты жұмыс Мемлекеттік банктің облыстық филиалы басшысы Б.Ә.Ысқақовқа жүктеліп, банк жүйесіндегі реформа абыроймен жүзеге асырылды. Қысқа мерзім ішінде облыс бойынша 1961-1992 жылдардағы банкнот үлгілеріндегі 19,4 млрд. рубль мөлшеріндегі сома айналыстан алынып, 38,8 млн. теңгеге ауыстырылды.
— Облыс қаржы жүйесінің қазіргі ахуалына тоқталсаңыз.
— Бүгінгі күні ҚР Ұлттық Банкі, оның құрылымдық бөлімшелері ел экономикасының дамуына және әлемдік экономикаға кіруіне мүмкіндік беретін мемлекеттік ақша-кредит саясатын жүргізіп келеді. 2014 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша облыс аумағында жұмыс жасайтын екінші деңгейдегі жиырма төрт банктің 25 филиалы, 88 жеке үй-жайы, 102 айырбастау пункті, сонымен қатар уәкілетті ұйымдардың 27 және пошта байланысы мекемелерінің 3 ақша айырбастау пункттері тұрғындар мен заңды тұлғаларға қызмет көрсететінін атап өткен жөн.
Сонымен бірге, қолма-қол ақша айналымын реттеу мақсатында Ұлттық Банк филиалы Атырау облысы аумағын қолма-қол ақшамен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізеді.
Банктердің инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, шаруашылық субъектілердің айналым қаражатын толтыру рөлінің күшеюі несие нарығының ұлғаюымен расталады. Мәселен, биыл банк құрылымдарының облыс экономикасының дамуына берген несие көлемі 308 млрд.теңгені құрады, оның ішінде орташа және ұзақмерзімдік несиенің үлесі -87,8%, ал қысқа мерзімдік 12,2% болды.
Экономиканың жекеленген секторларын қолдау және экономикалық өсімді ынталандыруға бағытталған мемлекеттік бағдарлама шеңберінде мақсатты несиелендіру шаруашылық субъектілердің белсенділігін арттыруға мүмкіндік берді. Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне берілген заемдар бойынша берешек өсімі өткен жылдың тиісті күнімен салыстырғанда 6,4% құрап, 35,4 млрд.теңгеге жетті.
Банктер үшін қаржы қорының негізгі көзі жеке және заңды тұлғалардың салымдары болып табылады. Соңғы кезеңде екінші деңгейдегі банктер филиалдарында салымдар бойынша қалдықтар 46,2%-ға өсті және 207,4 млрд. теңгеге жетті. Бұл ретте ұлттық валютадағы салымдардың үлесі 36,2% немесе 75,1 млрд. теңгені, шетел валютасымен – 63,8% немесе 132,3 млрд. теңгені құрайды.
— Алда қандай міндеттер тұр?
— Атырау облысы — еліміздің серпінді дамып келе жатқан аймағы. Шетелдік капиталдың қатысуымен жүргізілетін ірі инвестициялық жобалар аймақтық деңгейде көрсетілетін қаржы қызметтерінің көлемі мен түрлерін кеңейтуге ықпал етеді. Сонымен қатар, бүгінгі уақытта қаржы секторының алдында елдің болашақта Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру жағдайындағы шешімі секілді ерекше маңызды міндеттер тұр. Оларды орындауда қаржы секторындағы барлық жұмыс ұсынылатын қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін көтеруге, адал бәсекелестікті дамытуға бағытталуы қажет. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында қарастырылған міндеттерді іске асыру көзделеді.
— Осы салада адал еңбек етіп жүрген қаржыгер көп шығар?
— Осы міндеттерді шешу әрдайымда тәжірибелі, өз ісіне адал берілген білікті мамандардың еңбектенуімен жүзеге асырылып келеді.
Мемлекет тарапынан қойылған тапсырмалар мен жүктелген міндеттерді жүзеге асыру барысында, екінші деңгейдегі банк филиалдары басшылары А.Ғ.Бекешев, Қ.Қ.Құрманғалиев, Ғ.Н.Мыңбаев, Қ.М.Мырзабаева, М.К.Бұқтыбаев, Б.У.Тоқмамбетов, Р.И.Ким, Ж.Талаев, А.Мырзағалиев, Б.Қ.Сабыровтар, екі-үш ауысымда жұмыс жасай отырып, халықтан кідіріссіз ақша қабылдауда үлкен шыдамдылық көрсетіп, нәтижелі ұйымдастыру жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар, аймақтық және аудандағы банк саласында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен және өңір экономикасының дамуына атсалысқан еңбек майталмандары қатарында С.М.Мұқанов, Қ.А.Төребаев, Ш.К.Қанатов, Р.Жәрдемов, К.Қ.Сариева, Қ.О.Ташекенов, Ғ.Р.Шахманов, А.Мадиева, Қ.С.Суфальдияров, Н.Зияшев, Р.О.Ес-қайыров, Р.Қ.Мұхамбетова, Р.Уайысова, М.Аязғалиева, Б.Сүйінов, С.Т. Шегірекова болды.
Аға буын өкілдерінің ісін жалғастырар, үлгі тұтар мамандар қазіргі таңда банк ісінде жүргізіліп жатқан экономикалық реформаларды іске асыруда және егеменді еліміздің жарқын болашағын жақындатуға сүбелі үлес қосуда. Осы ретте өзінің тынымсыз еңбек жолдарымен және кәсіби біліктілігімен жас мамандарға үлгі болып, көп жылдар облыстың атқару органдарында, қаржы саласында қызмет еткен О.К.Кенжетаевтың орны бір бөлек.
Сондай-ақ, ҚР Ұлттық Банкі Атырау филиалында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан А.Р.Ибраева, А.Б.Аккулова, Н.Ш.Құрамбаева, М.С.Сағындықова, З.Ш.Сұңғатова сияқты мамандарды және облыстағы банк жүйесінің жұмысын жаңаша әдіспен басқарып жүрген екінші деңгейдегі банктердің басшылары М.М.Ищанова, Т.С. Жахамбетов, Қ.Қ.Зинеденов, Ж.А.Сарсенбеков, А.М.Байнекеева, М.А.Мустажапов, Г.Е.Бисенова, М.С.Саппаев, М.Е.Қанатовтарды атап өткен орынды.
— Төл мереке иелеріне айтар жылы лебізіңіз болса…
— Тәуелсіздік алған 21 жыл ішінде Қазақстандағы банк жүйесі жақсы қалыптасып, дамыды. Оны әлемдегі мықты сарапшылардың өздері мойындауда. Еліміздің экономикалық тұрақтылығы, әлеуметтік мәселелердің шешілуі, тұрғындардың өмір сапасының жақсаруы көп жағдайларда қаржыгерлердің еңбегіне, олардың кәсіби шеберлігіне, өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарауына тікелей қатысы бар. Сондықтан қаржы жүйесіндегі қызметкерлердің егеменді еліміздің қарқынды дамуы жолында ерінбей тер төге беретініне күмән жоқ. Теңгенің айналымға енген күнімен және қаржыгерлердің кәсіби мерекесімен барлық облыс қаржыгерлерін құттықтай отырып, әрдайым тұрақтылық пен молшылық, бейбітшілік пен келісімділік төрімізден орын алып, еліміз өркендей берсін!
— Әңгімеңіз үшін рахмет!
Сұхбаттасқан Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.