Ел экономикасы: Атыраудың үлесі – 22%

6a1cc297 7384 4668 84a9 de9a49f28c7a Экономика

«2030 жылға қарай газ өндіру көлемін 1,5 есеге – 21-ден 33 миллиард киловатт сағатқа дейін арттыруды тапсырамын. Еліміздің энергетикалық теңгерімінің кемінде төрттен бір бөлігі газға тиесілі болуы керек. Менің тапсырмама сәйкес сол уақытқа қарай жаңартылатын қуат көздерінің көлемі 15 пайызды құрауы тиіс. Осылайша, осы он жылдықтың соңына қарай еліміздегі электр қуатының жартысына жуығы мейлінше экологиялық таза энергия көздерінен өндірілетін болады».

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың газ саласын дамыту жөніндегі кеңесте сөйлеген сөзінен.

Жыл басынан бері негізгі капиталға 1 триллион теңгеден аса қаржы түскен. Оның жартысына жуығы сыртқы инвестиция десек, Атыраудың үлесі 22 пайыздан асады екен.  Жақын болашақта облыста мұнай өндіру көлемі  12 миллион тоннаға артады. «Келешек кеңею – Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару» жобасы осындай нәтиже бермек. Жоспар мұнымен шектелмейді. Мұнда бірыңғай индустрияландыру картасы бойынша құны 14,9 миллиард теңге болатын үш жоба іске қосылады. Газ химиясы кешені ісе қосылғалы полиэтилен, каучук сияқты өнімдер өндіріле бастады. Олардан халық тұтынатын тауарлар шығарылады. Ірі инвестициялық жобалар бұған дейін шетелдерден тасымалданып келген түрлі пластикалық бұйымдарды елде шығарылуына мүмкіндік береді.

Атырауда іске қосылған Қазақстанның тұңғыш интеграцияланған газ химиясы кешені аумағында 3 жоба жасақталады. Оның екеуі биыл, біреуі 2024 жылы пайдалануға беріледі. Жыл басынан бері облысқа 474,3 миллиард теңге сыртқы және 665,2 миллиард теңге ішкі инвестиция тартылған. Бұл былтырғыдан 6,7 пайызға көп. Кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында биыл 208 жоба қолдау тапқан. Оған бюджеттен 9,5 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінді. Несие сомасы – 21 миллиард теңге шамасында.

Қазір мұнайлы өңірде бірнеше инвестициялық жоба жүзеге асып жатыр. Былтыр «Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы» және «Кәсіпкерлікті қолдау картасы» шеңберінде жалпы сомасы 815,2 млрд. теңге болатын үш жоба іске қосылды. Осылайша, 748 адам жұмыспен қамтылды. Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында жыл аяғына дейін жалпы сомасы 14,9 млрд. теңге болатын тағы үш жоба іске қосылмақ. Нәтижесінде, қосымша 207 жұмыс орны ашылады. Солардың бірі – құны 9,9 млрд. теңгелік құс фабрикасы. Фабрикада құс етінен жартылай фабрикаттар дайындалмақшы. Кәсіпорын қуаты жылына 5 мың тоннаға дейін өнім өндіреді.

Бір кезде бекіресімен аты шыққан Атырау облысы балық шаруашылығына да жіті көңіл бөле бастады. Өңірде 2020-2025 жылдарға арналған балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы бар. Бағдарлама аясында Атырау бекіре шабақтарын өсіретін зауыттың материалдық-техникалық базасын жаңғырту арқылы жылына 12 миллион дана бекіре шабағы өсіріледі. Балық өнімдерін өңдеуде де ілгерілеушілік бар. 2025 жылға дейін балық өсіретін 8 кәсіпорын және 1 балық өңдеу цехын ашу жоспарланып отыр.

Нәтижесінде, тауарлы балық өсіру 7 мың тоннаға дейін артып, жаңадан 300 тұрақты жұмыс орны ашылатын болады. Атырау облысы үшін ішкі нарықты ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамту – басты бағыттардың бірі. Былтыр облыста 120 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Оның 68,3 миллиард теңгесі – мал шаруашылығына тиесілі, 49,1 миллиарды – егіншіліктің еншісінде. Өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің нақты көлем индексі – 100,8 пайыз. Саладағы барлық құрылымдардың саны 3240-тан асады. Оның 2 мыңы шаруасын тұрақты және табысты жүргізіп келе жатқан іргелі құрылымдар. Бұл алдымен ауыл тұрғындарының әлеуетін арттырса, екіншіден тұрғындарды таза, сапалы, әрі арзан өніммен қамтуға бағытталған қадамдар.

Түйіндеп айтқанда, облыста жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобалардың барлығы әлеумет әлеуетін арттыруға бағытталған. Күнделікті тірлік қамымен жүргенде, бұлардың жүзеге асырылуы Атырау жұртшылығына әсері болар-болмас қана деп сезінуіміз әбден мүмкін. Дейтұрғанмен, мұның өңірдің өсіп-өркендеуіне қосар үлес салмағы ауқымды. Шындап келгенде, Қазақстанның шетелдік инвестициямен байланысы да Атырау облысының тыныс-тіршілігімен тығыз байланысты. Сондықтан, жаһандық бастамалар, тұтастай алғанда Қазақстанның халықаралық және сыртқы саясатында мұнайлы аймақтың алатын орны аса маңызды.

Арыстанбек  КЕНЖЕ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз