Ауыл шаруашылығы өсімдіктерінен тұрақты түрде мол өнім алу маңызды. Бұл ретте егістік алқаптарына тұқым себу, суару, минералды тыңайтқыштармен өңдеумен қатар, аумақты өсімдік зиянкестерінен, арамшөптерден және аурулардан қорғау жұмыстары жүргізіледі. Өйтпеген жағдайда зиянкестер түсім мөлшерін азайтып, өнімнің сапасын кемітуге себепші болар еді.
Айта кету керек, зиянды жәндіктердің түрлері өте көп. Соның ішінде егіс алқаптарында қырыққабаттың, шалқанның, қышаның ақ көбелегі деп аталатын зиянкестер кездеседі. Бұлар көбінесе айқышгүлді тұқымдастарға жататын дақылдарға зиянын келтіреді.
Қырыққабаттың ақ көбелегі – үлкен ақ қанатты. Алдыңғы қанатының жоғары бұрышының түсі қара. Көбелектің көбінесе жұлдызқұрты зиянды. Көктемнің басында қуыршақтан пайда болып, күндіз белсенді тіршілік етеді. Бірінші пайда болған ұрпақтың аналық көбелектері жұмыртқаларын айқышгүлді өсімдіктерге, кейін егістік алқаптағы айқышгүлді дақылдарға 15-тен 200-ге дейін топтастырып жұмыртқа салады.
«Қырыққабаттың қоңыр көбелегі» деп аталатын зиянкес көбінесе қызылшаны, пиязды, қырыққабатты зақымдайды. Көбелек қанатын жайғанда 40-50 миллиметр, көбелектің алдыңғы қанаттары қара-қоңыр, ішкі жағына қарай екі толқынды көлденең жолақтары бар. Қанатының ортасында екі қара жиектелген дақтары көрінеді.
Бұл көбелек сәуір-мамыр айларынан бастап тамыздың соңына дейін байқалады. Көбелектер ымырт түскенде, әсіресе, кешкі сағат оннан түнгі он екіге дейінгі кезеңде белсенді ұшады. Мұның да жұлдызқұрттары жапырақтың астыңғы жағындағы жұмсақ бөлігімен қоректенеді. Олар өсімдікке өрмелеп шығып, жапырақтарға қисық формадағы тесіктер жасап, дақылға біршама зиян тигізеді.
Аталған зиянкестер Атырау қаласындағы Еркінқала, Кеңөзек, Атырау ауылдық округтеріне қарасты көкөніс-бақша дақылдарын өсірумен айналысатын шаруашылықтарда жиі кездесуде. Фитосанитария мамандары бұл зиянкестерді дер кезінде анықтап, дабыл хабарламасын жіберіп, олармен күресу шаралары жөнінде шаруашылық иелеріне ұсыныс жасауда.
Ізбасар ҚАБИЕВ,«Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» мемлекеттік мекемесінің филиал директоры