Атырау облысының әкімі Индер ауданына барды

img 20220414 wa0065 Экономика

Бүгін Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Индер ауданына жұмыс сапарымен барды. Өңір басшысы Жарсуат ауылдық округі тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жиында Серік Шәпкенов алдымен тұрғындарды қасиетті Рамазан айымен құттықтады. Кейін Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған міндеттерге тоқталды. Жиналғандарды өңірде атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспар барысынан хабардар етті. 

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңіріміздің әлеуметтік экономикалық дамуын қамтамасыз ету мақсатында ең маңызды, түйінді мәселелерін шешуге және өңірді одан әрі дамытуға бағытталған Кешенді даму жоспары бекітілді. Оның аясында 15 бағыт бойынша 187 іс-шара жүзеге асырылады, деді Серік Шәпкенов. 

Облыс әкімі баяндамадан соң жиналғандардың сұрақтарына жауап берді. Жергілікті тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. 

– Мына ауылда дене шынықтыру сауықтыру кешені салынып жатыр. Сырты әдемі жақсы. Құрылыс басталғанына 2 жылға жуықтады. Оның ашылуын немерелерім асыға күтіп жүр. Күн сайын қашан барамыз деп сұрайды. Сол кешенді ашып берсеңіз, деді Жақсылық Әзірбаев.

2 жарым сағатқа созылған жиында 20-ға жуық сұрақ қойылды. Тұрғындар әлеуметтік сала, зейнетақы, ауылішілік жолдарға асфальт салу, Махамбет Өтемісұлы атындағы әдеби-мемориалдық музейін жаңарту жұмыстары жайында мәселелерді көтерді. Негізінен жарсуаттықтарды тас жолдарды тез тоздыратын көп тонналық жүк көліктері алаңдатып отыр.

Облыс әкімінің ауыл тұрғындарымен кездесуі Индер ауданының Facebook, Instagram желісіндегі ресми парақшаларынан тікелей эфирде көрсетілді. Жиынға келе алмағандар облыс әкіміне әлеуметтік желілерде сауал жолдауға мүмкіндік алды.

Аймақ басшысы қойылған әр сұраққа толық жауап беріп, көтерілген мәселелер басымдықтарына қарай жүйелі түрде шешілетінін жеткізді.

– Туған өлкеде жұмыс істеу мен үшін мәртебе. Білімімді, жиған тәжірибемді өңірді көркейтуге, дамытуға жұмсаймын. Оған өзімнің уәдемді беремін. Сіздермен байланысты арттырып, ұсыныс – пікірлеріңізді тыңдау үшін әлеуметтік желілерде парақшамды аштым. Негізгі жоспарым барлық салада тұралап қалған мәселелер бойынша тізім жасақтап, оны қалай, қашан шешеміз сол бағытта жұмыстанамыз. Халық игілігіне бағытталған нысандар уақытында сапалы жағдайда пайдалануға берілуі керек. Осы бағытта әріптестермен жұмыс атқарамыз.

Кездесуден соң өңір басшысы құрылысы жылдарға созылған жаңадан ашылуы керек дене шынықтыру сауықтыру кешеніне арнайы барды. Мәселемен жеке танысты. Құрылысқа жауапты мердігер мекеме өкілдеріне бір айда құрылыс жұмыстарын бітіруді міндеттеді.

Жұмыс сапары барысында Серік Шәпкенов Жарсуат ауылында тұратын азаматтарды жеке қабылдады.

Облыс әкімі кей сұрақтар бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз