«ДОСТЫҚ АРУЫ – 2015»

Отаны бірдің тілі де бір

Осындай атаумен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай Атырау қаласындағы Құрманғазы мәдениет сарайында әр ұлт өкілдері арасында облыстық конкурс өтті. Аймақтағы жастар саясаты мәселелері басқармасы мен Атырау қаласындағы жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен шара қазақ тілін өзге ұлттар арасында насихаттауға, жастар арасында отансүйгіштікті насихаттауға бағытталды.

 

Байқауға 15-25 жас аралығындағы он ұлт өкілі мен этномәдени бірлестік өкілдері қатысып, «Мен отбасыммен мақтанамын», «Туған елім», «Он саусағынан өнер тамған» және «Отбасымыздың мерекелік тағамдары» деп аталатын кезеңдер бойынша бақ сынады.

Сайысқа қатысушылар әр номинацияда өздерінің отансүйгіштігін көрсете отырып, Қазақ еліне деген ыстық ықыластарын шебер жеткізе білді. Таныстыру кезеңінде сайыскерлер өздерінің бүгінге дейінгі жеткен жетістіктерін мақтанышпен айта отырып, оның әрқайсысын қазақстандықтардың татулық, бірлігімен байланыстырды. Бірі өлең шумақтарымен, енді бірі қара сөзбен, ал, енді бірі сахналық көрініс көрсету арқылы өздерін таныстырса, «Туған елім» кезеңінде өз шығармашылықтарынан сынға түсті. Әсіресе, өзге ұлт аруларының қазақтың ұлы жазушысы М.Әуезовтің «Абай жолы» романынан үзінді оқуы  көптің көңілінен шықты. 

 Қазылар алқасына жүлдегерлерді анықтау қиынға соқты. Десек те, «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, сайыс қорытындысында үшінші орын Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінің студенті Минура Жүнісоваға бұйырды. Оған сайысты ұйымдастырушылар мен демеушілер тарапынан 30 мың теңгенің сертификаты табыс етілді.

 Ал, Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледжінің студенті Наталья Михайлова екінші орынды жеңіп алды.

 Он екі арудың ішінен бірінші орынды Атырау қаласындағы №4 мектеп-интернатының оқытушысы Әсемгүл Стомма иеленді. Оған 70 мың теңгенің сертификаты табыс етілді. Ал, барлық қатысушылар «Тіл білгірі», «Шебер ару», «Шығармашыл ару», «Зерек ару», «Көрермен көзайымы», «Талғампаз ару», «Инабатты ару» сынды номинацияларға ие болып, естелік сыйлықтармен марапатталды. 

Байқау соңында «Иверия» этномәдени бірлестігі кавказ ұлтының биін билесе,   Ани Цатынян «Туған жерім осындай» атты әнді сахна төрінде жаңғыртып, көпшіліктің қошеметіне бөленді.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Суреттерді түсірген Е.АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз