БІЗДІҢ ДАНА АТАЛАРЫМЫЗ «ЖАСТЫҚТА БЕЙНЕТ БЕР, ҚАРТАЙҒАНДА ЗЕЙНЕТ БЕР» ДЕГЕН. РАСЫНДА ДА, АДАМ ЖАС КЕЗІНДЕ НЕНДЕЙ ҚИЫНДЫҚҚА ДА ТӨТЕП БЕРЕ АЛАДЫ. БАСЫНА ТҮСКЕН АУЫРТПАЛЫҚТЫ МОЙНЫМЕН КӨТЕРІП, ОДАН АРЫЛУДЫҢ АМАЛЫН ЖАСАЙДЫ. АЛ, ЖАСЫ ЖЕТІП, ҚАРТАЙҒАН КЕЗДЕ «ДАЙЫН АСҚА ТІК ҚАСЫҚ» БОЛҒАНЫН ҚАЛАЙДЫ. ОНДАЙ ҚАМСЫЗ ТІРЛІК ҮШІН, СӨЗ ЖОҚ, АРТЫҢДА МОЛ ҚОРЫҢ – ЖИНАҒЫҢ БОЛҒАНҒА НЕ ЖЕТСІН!
«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Атырау облыстық филиалының облыс орталығы – Атырау қаласында және Индер, Миялы, Махамбет, Құрманғазы, Мақат, Аққыстау, Құлсары қаласында қызмет көрсету нүктелері бар.
Халыққа көрсетілетін қызметтің 93%-ы электрондық форматқа ауысқанымен, әлі күнге қор мамандарына көзбе-көз жүгінуді дұрыс әрі сенімді санайтын салымшылар бар. Атап айтсақ, жыл басынан бері өз шоттарындағы жинақтарының жалпы сомасын, яғни жеке шотынан үзінді көшірме алу үшін филиалға жеті ай ішінде 9 100 салымшы келген. Филиал кеңселері мен қызмет көрсету орталықтарындағы мамандар күніге орта есеппен 150-дей адамға қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, өтініш берушілердің арасында елімізден тыс жерлерге тұрғылықты тұруға көшумен байланысты төлемдер мен мұрагерлік мәселелері бойынша келетіндер де баршылық.
Биылғы жеті айда: I немесе II топтағы мерзімсіз мүгедектік – 82, ҚР тыс жерлерге кетуіне байланысты – 92, жерлеуге арналған біржолғы төлем – 1033, мұрагерлік бойынша құқықтың басталуына байланысты 1895 төлем туралы арыз қабылданды. Бүгінгі таңда «Е-нотариат» пен қордың ақпараттық жүйелері өзара тығыз байланысқан. Соның арқасында нотариустар мен шетелдегі консулдық мекемелер қолданысындағы мұрагерлік істер бойынша қайтыс болған салымшылардың қордағы жеке зейнетақы шоты мен ондағы қаражаты туралы ақпаратты алуына әбден болады. Бұл мұрагерлердің уақытын үнемдейді және қағазбастылықтан арылтады.
«Операциялық залда» қызу жұмыс
Филиалдың «Операциялық залында» салымшыларға ыңғайлы болу үшін өз-өзіне қызмет көрсету аймағы қарастырылған. Мұнда әрбір келуші қажетті қызметтерді өз бетінше ала алады. Олар – зейнетақы шотының бар-жоғы туралы анықтама, шоттағы қаражаттың жылжуы жөнінде ақпарат, келісім-шарттағы өзгерістер туралы барлық мәліметтерді жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН), құпия сөз немесе электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегімен басып шығару. Қор қазіргі күнде жоғары т ехнологиялық байланыс құралдарының көмегімен қашықтан байланыс жасау арналарын дамыту үстінде. Бұл бүгінгідей өркениет технологияларының қарыштап дамып жатқан кезінде өте маңызды. Интернет – белсенді қолжетімділік құралы, ал ұялы қосымша – ақпарат алудың заманауи тәсілі. Олай болса, бұл жаңашылдық көптеген салымшының үлкен сұранысқа ие қызметтерінің бірі әрі қажеттілігі.
ЖСН, құпиясөз және ЭЦҚ ұялы телефонға жүктелген «БЖЗҚ» ұялы қосымшасында авторлану үшін де қолданылады. Ұялы қосымшаны «Android» және «iOS» базасында жұмыс істейтін кез-келген смартфон немесе планшетке тегін жүктеп алуға мүмкіндік бар. Пайдаланушыларға ыңғайлы болу үшін бұл қызмет қазақ және орыс тілдерінде жұмыс істейді. Салымшылар «БЖЗҚ» ұялы қосымшасы арқылы: БЖЗҚ зейнетақы шоттарының жай-күйін, зейнетақы жинақтарын төлеу жөніндегі өтініштің орында лу барысын, зейнет ақы жүйесіндегі барлық өзгерісті, сонымен бірге қордың жақын жердегі кеңсесінің мекенжайын анықтап, байланыс орталығына хабарласа алады.
«Мобильдік кеңсенің» тиімділігі
Бір жақсысы, Қор қазірдің өзінде тұрғындарға көшпелі қызмет көрсетуде. Ол үшін филиалда «Операциялық бөлімнен» басқа тағы да «Барып қызмет көрсету бөлімі» жұмыс жасайды. Қазірде қордың дамыған өңірлік желілері бар. Десек те, аймақтың шалғай елді мекендерінің көптігінен олардың барлығында қордың кеңселерін ашу мүмкін бола бермеуде. Сондай-ақ, ғаламтор желісінің алыс ауылдар мен шалғай елді мекендерге жетпегенін мойындауымыз керек. Орын алып отырған осындай олқылықтарды шешу үшін қордың «Мобильді кеңсе» жобасы 5 жылға жуық жұмыс істеп келеді. «Мобильді кеңсе» дегеніміз – салымшыларға қызмет көрсетуге арналған барлық қажетті қондырғымен, оның ішінде жерсеріктік байланыс құралдарымен жабдықталған заманауи жоғары технологиялық шағын автобус.
Ол үшін «enpf. kz» сайтының «Электрондық сервистер» бөлімінде, сондай-ақ, «1418» нөмірі бойынша бірыңғай байланыс орталығына қоңырау шалып, халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған қызметіне (егер мүгедектігі 1-ші немесе 2-ші топ үшін мерзімсіз болып белгіленсе) өтінім беру керек. Биылғы 7 айда «Мобильді кеңсе» 25 рет сапарға шығып, 3 200-ге жуық операцияны жүзеге асырды. Оның ішінде сәуір айында Құрманғазы ауданының Балқұдық, Азғыр, Қоңыртерек, Сүйіндік ауылдарына барып, халыққа өз қызметтерін көрсетті. Бұл ауылдан ұзап шыға алмайтын үлкендер үшін үлкен көмек. Жергілікті тұрғындар оларға өз ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жаудырды. Филиал тоқсан сайын тұрғындарға, студенттерге және аймақтың түрлі ұйымдарына «Ашық есік» күнін өткізіп тұрады. Ондағы мақсат – қордың жұмысымен және көрсететін қызметтерімен жақынырақ таныстыру, еліміздің жинақтаушы зейнетақы жүйесіне зейнетақы жарналарын аударудың маңыздылығын түсіндіру, жастарды өз болашағы үшін, қамсыз қарттығы үшін бүгіннен азаматтық әрі моральдық жауапкершілігін арттыру.
«Аяқтай келіп, ақпар аламын…»
«БЖЗҚ» мамандары қор салымшыларымен өзара іс-қимыл арналары, зейнетақы шотының жай-күйі туралы түсінік жұмыстарын жүргізіп, қажет болса, ақыл-кеңестерім өз ақшасын ертеңі үшін жинап, кез-келген уақытта өзінің зейнетақы жинақтарының жай-күйін білуге құқылы.
– Сонау 90-шы жылдардағы тоқырау кезінде жұмыссыз қалып, мардымсыз жалақымен жұмыс жасауға мәжбүр болдық. Менің тұстастарымның біразы зейнетақы жинақтарын алып, қажетіне жаратып жатқанда, маған түк те тимеді. Өйткені, менде шекті мөлшерге жететін жинақ жоқ еді. Ол үшін құлдыраған қоғамға өкпе артқаннан басқа амалым бар ма?! Не істейін, бұйырса, шамалы уақыт сап келетін зейнет жасыма жетейін, тиісті зейнетақымды алайын деп тілеймін. Мен үнемі «БЖЗҚ» филиалына өзім келіп, қажетті ақпарат алып тұрамын. Мұндағы мамандардың бәрі – жастар, білімді де білікті. Мен секілді үлкендерге жақсы түсіндіреді, — дейді 61 жастағы қала тұрғыны Жұбандық Жарылғасұлы.
Зейнетақы жүйесіндегі соңғы жаңалықтар жайына тоқталсақ, ол – электрондық сервистердің дамуы, мемлекеттік органдардың деректер базасымен ынтымақтастықтың арқасында «БЖЗҚ» қызметтерінің өтінішсіз форматқа көшуі. Бұған міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша жеке зейнетақы шоттарын автоматты түрде ашу қызметін мысал ретінде келтіруге болады. Яғни, жеке тұлғаның «БЖЗҚ»-да ашылған жеке зейнетақы шоты болмаса, ол алғашқы жарна келіп түскен кезде қордың ақпараттық жүйесінде автоматты түрде ашылады. Салымшы туралы барлық қажет мәліметті «БЖЗҚ» мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесінен алады.
Жағымды жаңалық
Сандық қызметтің арқасында енді зейнетақы қызметтерін «БЖЗҚ»- дан жеке куәліксіз алуға болады. Ол үшін түрлі ұйымдардың мобильді қосымшаларында жеке куәліктің сандық нұсқасы болса жеткілікті. Қазақстан азаматына жеке куәлігінің электрондық нұсқасымен «БЖЗҚ» бөлімшелеріне өзі келген кезде жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірмені алуға, деректемелерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуге, зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат беру тәсілін өзгертуге, зейнетақы жинақтарын сақтандыру ұйымына аударуға өтініш беруге болады.
Қазіргі уақытта «БЖЗҚ» 2022-2026 жылдарға арналған жаңа корпоративтік даму стратегиясын қабылдап, оның шеңберінде сервистерді одан әрі автоматтандыру, қызметтер көрсетудің белсенді форматын дамыту бағытындағы жұмыстарды одан әрі жалғастыруда. Сондықтан қор қызметкерлеріне берілетін ең жоғары баға – салымшылардың алғысы мен олардың зейнетақы жинақтарының сақталуына, болашақта лайықты зейнетақымен қамтамасыз етілуіне деген сенімі. Лайықты қарттыққа – лайықты жинақ. Олай болса, ертеңіңізді бүгіннен ойлаңыз, замандас!
Лиза СЕЙТІМОВА