19 азық-түлік тауарының 13-і – Атыраудан

supermarket 2 Экономика

ҚАЗІР ЕЛ ТАРИХЫНДА ТАҒЫ БІР ДАҒДАРЫСТЫҢ ТОЛҚЫНЫ ЖҮРІП ЖАТЫР. ТЕҢГЕНІҢ ҚҰЛДЫРАУЫ ҚАЙ САЛАНЫ БОЛМАСЫН ТОҚЫРАУҒА ҰШЫРАТЫП, ХАЛЫҚ ҚЫМБАТШЫЛЫҚТЫҢ ҚАМЫТЫН КИЕ БАСТАДЫ. ӨЗГЕ ДҮНИЕНІ БЫЛАЙ ҚОЙҒАНДА, ТАМАҚ ҚҰНЫНЫҢ ӨСУІ БІРАЗ ОТБАСЫНЫҢ БЮДЖЕТІНЕ ОҢАЙ СОҚПАУДА. ОСЫ МӘСЕЛЕНІҢ ШЕШІМІН ТАБУ ҮШІН ҮКІМЕТ ТАРАПЫНАН ҚАНДАЙ ШАРАЛАР ЖАСАЛЫП ЖАТЫР? ЖЕРГІЛІКТІ ӨНІММЕН ТОЛЫҚ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУГЕ НЕ КЕДЕРГІ? ШАРУАГЕРДІ ШАРШАТҚАН КІМ? НОРМАТИВ НЕ ДЕЙДІ?

ОСЫ СҰРАҚТАРДЫҢ АЯСЫНДА РЕДАКЦИЯДА ҚҰЗЫРЛЫ МЕКЕМЕ БАСШЫЛАРЫ ЖӘНЕ ШАРУАГЕРЛЕРМЕН «ҚЫМБАТШЫЛЫҚТАН ҚАЙТСЕК ҚҰТЫЛАМЫЗ?» АТТЫ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛДЕ БАС ҚОСЫП, ЖЕРГІЛІКТІ ЖҰРТТЫ ТОЛҒАНДЫРҒАН СҰРАҚТАРҒА ЖАУАП АЛДЫҚ.

Назарбек ҚОСШИЕВ, «Аtyray» газетінің бас редакторы:

– Атырау облысында азық-түлік бағасын реттеумен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы шұғылданады. Төрт түлік малды шаруа қожалықтары өсіргенімен, базар мен кәсіпкердің тізгіні – кәсіпкерлік басқармасының құзырында. Сонда мұны қалай түсінуге болады, бұл көзбояушылық емес пе?

Бағдат РҮСТЕМОВ, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

– Жалпы бұл ойыңыз дұрыс. Осы мәселе бойынша бүгінде Үкіметтік деңгейде «Жол картасы» бекітіліп жатыр. Өзіміздің ішкі өнімді тұрақтандыру үшін не істейміз? Қандай жұмыстар атқарылуы тиіс? 15 ұсыныстан тұратын үш жылға арналған жоспар бекітілуге кетті. Бұл жерде не бар? Мал шаруашылығын субсидиялау, бөлшек саудадағы үстемеақы көтерме сауда бағасынан 15 пайыздан асып кетпеу, тағы басқа барлық өңірдің әл-ауқатын көтеретін шаралар қамтылған. Осы үш жылдық жоспардың ішінде барлық мәселені қамтып, шешудің жолын қарастыруға жұмыстанып жатырмыз.

Алтынай ЕРУБАЕВА, Атырау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:

– Жергілікті халық «Бағаны ешкім реттеп, қадағалап жатырған жоқ» дейді. Иә, бізге ең қиын болып тұрғаны үйдің жанындағы шағын дүкендер. Өйткені, қаланың өзінде осындай ірілі-ұсақты 3-4 мың дүкен бар. Бәрін бірдей назарда ұстап, бақылап отыру мүмкін емес. Бізге түскен шағымдар бойынша сұраныс жіберіп, тексеріс жүргіземіз. Дүкен иесі базардан алса, базарды, базардағы көтерме сатушының алған бағасын Ресейден әкеліп отырған үлкен қоймаларына телефон соғып, бәрін анықтаймыз. Жоғарыда айтып кеткенімдей, бүкіл базардың әкімгерлері, көтерме сатушылар, тасымалдаушылар, наубайхана иелерімен үнемі байланыста отырамыз. Бағаның көтерілуіне келер болсақ, қазір бәріңіз білесіздер, теңгенің долларға шаққандағы бағамы шарықтап кетті. Атырауда жоғарыда айтылған әлеуметтік маңызға ие 19 азық-түліктің тауарының 13-і жергілікті өнім. Жергілікті, яғни Қазақстаннан шығатын өнімнің шикізаты қымбаттаған жоқ, шетелден келетін сыртқы қаптамасы, мәселен сүт пен айранның сыртындағы тетрапакет,ыдыс қымбаттады. Себебі, олар өзге елден доллармен келеді. Содан келіп өнімнің өзіндік құны көтеріледі.

P.S:

ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛГЕ ЖИНАЛҒАН МАМАНДАР ӨЗ ОЙЛАРЫМЕН БӨЛІСІП, ҰСЫНЫСТАРЫ МЕН СҰРАНЫСТАРЫН ОРТАҒА САЛДЫ. КӘСІПКЕР ӨЗІНІҢ ШЫҒЫНЫН ЕСЕПТЕП, ҮКІМЕТТЕН БЕРІЛЕТІН КӨМЕКТІҢ МАРДЫМСЫЗДЫҒЫН ТІЛГЕ ТИЕК ЕТСЕ, ТИІСТІ САЛА МАМАНДАРЫ КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ АҚША АЛҒАНДА АЛҒА ОЗЫП, ӨНІМ БЕРУГЕ КЕЛГЕНДЕ ТАРТЫНШАҚТАП ҚАЛАТЫНЫН АЙТЫП ШАҒЫМДАНДЫ. БҰҒАН ЕЛДЕГІ ҚАРЖЫЛЫҚ ТҰРАҚСЫЗДЫҚ ТА СЕБЕП ШЫҒАР. ӨЙТКЕНІ КҮН САЙЫН ҚҰБЫЛҒАН ЭКОНОМИКАНЫ НАҚТЫ БОЛЖАМДАП, ЕСЕП ЖАСАУ ДА ОҢАЙ БОЛМАЙ ТҰР.

Салтанат САНСЫЗБАЙҚЫЗЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз