
Браконьерлікпен күрес – экономикалық тұрақтылық кепілі
Аймақ экономикасының жетекші салаларының бірі – балық шаруашылығы. Кейінгі кездері осынау маңызды саланың тізгінін өнеркәсіптік бағытқа бұруға, тауарлы балық өндірісін дамытып, «су маржанын» аулаумен бірге оны өңдеп, халық тұтынатын өнім көлемін көбейтуге қарай батыл қадамдар жасалынуда.
Десек те бұған кедергі келтіріп, жолына тұсау болар, балықтың табиғи ортада өсіп-өніп, көбеюіне кері әсер етіп, кесірін тигізер келеңсіз жайттар да жоқ емес. Оның айқын бір көрінісі – табиғат байлығына заңсыз қол сұғу, яғни браконьерлік болып табылады. Өрге басқан өндірісті тежейтін осы бір қауіпті кеселмен күресті күшейту мақсатында Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы Жайық өзенінің бойындағы Кіші Дамбы тартымында арнайы бақылау-өткізу бекетін ұйымдастырды.
Аталған бекетте балық қорғау инспекциясы мен полиция қызметкерлері тәулік бойы кезекшілікке тұрды. Мұның өзі браконьерлердің жолына тегеурінді тосқауыл қойып, бөгет болды. Сол үшін Кіші Дамбы учаскесінде заңсыз балық аулаумен айналысушылардың кеме-қайықтарының өтуіне кедергі қойылып, қоршау құрылғысы орнатылды. Нақтылай кетсек, ұзындығы 130 метр, диаметрі 10 миллиметр трос, сондай-ақ жарық шағылыстырғыш түске боялған 30 темір бөшке және өзге де қорғаныш құралдары орналастырылды. Бұдан басқа, түнгі мезгілде су айдыны мен қоршау құрылғысын жарықтандыру, апатты жағдайлардан сақтандыру мақсатында бекетте прожектор қондырылды.
Үстіне, бекет арқылы балық аулауға арнайы рұқсаты бар балық шаруашылығы субъектілері мен өзге де оған қатысы бар заңды тұлғалардың теңгеріміндегі кемелер мен қайықтардың қозғалысына ешқандай кедергі келтірілмейді.
Айта кету керек, осындай пәрменді шараларды тиімді іске асырудың арқасында оң нәтижеге қол жеткізілді. Мәселен, дәл осы бекетте екі күнде 4 жүзу құралы (оның екеуі – байда, бір-бірден байдарка мен будар қайықтары) ұсталды.
Биылғы жыл басынан бері балық қорғау заңнамасын бұзудың 830 дерегі тіркеліп, кінәлі деп танылғандарға жалпы 10,7 млн теңге әкімшілік айыппұл салынды. Қылмыстық жазаға тартуға жатқызылған 5 іс бойынша жинақталған материалдар сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізу үшін құқық қорғау органдарына жолданды.
Жүргізілген рейдтік шаралардың қорытындысында барлығы 2,8 тонна «су маржаны» (оның ішінде 104,6 келісі – бекіре тұқымдас балық), 307 аулау, 39 жүзу және 7 бірлік көлік құралы заңсыз айналымнан шығарылды. Сонымен қатар, Жайық-Каспий бассейнінің су қоймаларында күнделікті жүргізілген іздестіру жұмыстарының нәтижесінде 1060-тан астам браконьерлік желі тәркіленді. Осы салада орын алған заңсыздықтар мен қылмыстық әрекеттердің қайталануына жол бермеу мақсатында Атырау облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы тарапынан қадағалау шаралары үйлестіріліп отырады.
Айгерім ӘМІРЕНОВА,
Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бас маманы
Сурет: gov.kz