БОЛЖАМ ТОЛЫҚТАЙ ЖҮЗЕГЕ АСТЫ
Алдымен, Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев экономикалық дамудың алдын ала қорытындыларын жариялады. Биылғы жылдың ел экономикасы үшін қолайлы болғандығына тоқталған бірінші вице-премьер «үстіміздегі жылы жұмыспен қамту бағдарламасының заңды жалғасы болып табылатын «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» қабылданды. Егер жыл басынан бері 230 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылған болса, олардың 115-і ауылдық жерлерде ашылды, яғни 230 мыңның 105-і «Жол картасы» бойынша ашылған» деді.
Экономика тақырыбын ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев сабақтастыра түсті. Оның айтуынша, биылғы экономиканың өсіміне тұрақты макроэкономикалық жағдай ықпал етіп отыр.
— Әлемдік экономика өсімінің баяулауына қарамастан, Қазақстанның жалпы ішкі өнімі қаңтар-қарашада 6 пайызға өсті. Жалпы алғанда, бұл біздің болжамдарға сәйкес келеді, — деді министр.
Ағымдағы жылдың қарашасында 2012 жылдың сәйкес айымен салыстырғанда инфляция 4,7 пайызды құрады. 2013 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 5 пайыз болады деп күтілуде. Ерболат Досаевтың тағы бір тоқталғаны, құрылыс жұмыстарының көлемі 11 айда 2,9 пайызға өсті. Құрылысқа тартылған инвестициялар 254,2 миллиард теңгені құрап, 13,8 пайызға артты.
ҚР Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиевтың әңгімесі де журналистердің ерекше қызығушылығын туғызды. Өйткені, ол кісі жол құрылысында қолданылып жатқан жаңа технологияларға көбірек тоқталған болатын. Министрдің пікірінше, елімізде «Микросюрфейсинг» жол жамылғысын қолдану жөнінде алғаш рет тәжірибелік жұмыстар атқарылған. Бұл бұдырлы-сыртқы өңдеу (БСӨ) технологиясын алмастырып, жолдық жөндеуаралық мерзімін екі-үш жылға ұзартатын болады.
«Сонымен қатар, монолитті темірбетон көпірлерін де сала бастадық, ол құрылыс құнын 30 пайызға арзандатады. Келесі жылдан бастап жылы асфальт-бетон қоспаларын пайдалануды тәжірибелік мақсатта қолданатын боламыз» деді Асқар Қуанышұлы. Айрықша атап өтер жайт, жаңа әдістер арқылы энергия шығынын 25 пайызға қысқартып, жол құрылысы шығындарын 5 пайызға азайтуға мүмкіндік туады.
— Қазіргі уақытта «ҚазжолҒЗИ» АҚ инновациялық материалдар мен технологиялар қолданылатын 40 тәжірибелік мониторинг жүргізуде. Зерттеу жұмыстарының нәтижесі бойынша олардың құрылыста пайдалану мүмкіндігі анықталады, — деді А.Жұмағалиев.
Министр келесі жылы атқарылатын жұмыстарды айтуды да ұмытпады. Естігеніміз, келесі жылы 2,3 мың шақырым жолды жөндеу жоспарланған. Оның ішінде халықаралық дәліздерді одан әрі жаңғырту, жөндеу жұмыстарына маңыз берілген. «Осы тұста Батыс Еуропа — Батыс Қытай автомагистралі туралы айтар болсақ, 2013 жылы әуелде жоспарланғандай 806 шақырым бойында қозғалыс ашылды» деді брифингтің қонағы.
ҚР Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев Астана маңында 600-ден астам пайдаланылмай отырған жер учаскелері бар екендігін сөз етті. «Мемлекеттік меншікке жалпы көлемі 6,9 мың га болатын 188 жер учаскесі қайтарылды. Сотта 2,9 мың га-ға тең тағы 58 учаскені мемлекетке қайтару туралы арыздар қаралып жатыр. Дегенмен, жерді қайтаруда құқықтық сипаттағы кейбір қиындықтар бар. Парламент қабырғасында талқыланып жатқан жер қатынастары туралы заң жобасы қабылданса, бұл жұмыстардың тиімділігі арта түседі» деді ол.
ҚР Қаржы вице-министрі Руслан Даленов болса, мемлекеттің қаржылық жағдайына тоқталды.
Айтпақшы, брифингте ел назарын аударған жайттар да айтылмай қалмады. Соның бірі Ақмола облысында аймақтық жер инспекциясының басшысы қызмет орнына мас болып келіп, өзінің хатшысын сабаған. Сондықтан, әлгі қыз бала полицияға арызданыпты. Жуырда орын алған келеңсіздік Үкімет мүшелерін қатты ренжітсе керек, олар тәртіпсіз басшыны қатаң түрде жазалауды тапсырды.
Азамат БАЗАРБАЕВ.