АУЫЛҒА ӘРДАЙЫМ ҚОЛДАУ БАР

ОБЛЫС АГРОӨНЕРКӘСІП КЕШЕНДЕРІНЕ 870 МЛН. ТЕҢГЕДЕН АСА ИНВЕСТИЦИЯ ЖАСАЛДЫ

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ 2001 жылы ҚР Үкіметі қаулысымен құрылған болатын. Негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасы агроөнеркәсіп кешені субъектілерін қолжетімді несиелеу жүйесін дамыту арқылы аграрлық саланы индустрияландыру және әртараптандыру. Компания «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингінің құрамына кіреді.
«ҚазАгро» ҰБХ» АҚ баспасөз қызметінің берген мәліметіне сәйкес, Атырау облысындағы агроөнеркәсіп кешендеріне «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы (2001-2013 жылдары) 870 млн. теңгеден аса инвестиция жасалды. Ал, 2012-2013 жылдар аралығында облыстағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне жалпы сомасы 167 млн. теңгеден аса несие берілді.

Корпорация 2011 жылдан бастап «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту» жобасының негізгі бөлігі болып табылатын және фермерлік шаруашылықтардағы мал өнімділігін арттыру мен құруға бағытталған «Сыбаға» бағдарламасы бойынша мал шаруашылығын дамыту үшін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне жаңа бюджеттік несиелеу бағдарламасын жүзеге асыра бастаған еді. Аталған бағдарлама аясында бүгінгі күні Атырау облысында 15 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 1078 бас ІҚМ сатып алу үшін жалпы сомасы 180 млн. теңгеге жуық несие берілді. Бұдан өзге, 2012 жылдан бастап, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша несиелер кредиттік серіктестіктер жүйесі арқылы да беріле бастады.
Атырау облысында қазіргі күні ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін қамтамасыз етуге бағытталған «Сыбаға» бағдарламасы бойынша бірқатар табысты жобалар жүзеге асырылды. Соның бірі — Исатай ауданындағы «Жамалиденов» шаруа қожалығы. Шаруашылық 2012 жылы жалпы сомасы 9 млн. теңгеден аса қаржыға 66 бас аналық ІҚМ мен үш асыл тұқымды-өндіруші бұқа сатып алды. Шаруа қожалығының басшысы Таңатар Жамалиденов биылғы жылы «Исатай» КС арқылы қосымша 250 қой алуды жоспарлап отыр.
Ауылдық жердегі кәсіпкерлік қызметтің ауыл шаруашылығына жатпайтын түрлерін дамытуды қолдау аясында аймақта бүгінгі күні жалпы сомасы 73 млн. теңгеден асатын жеті жобаға несие қаражаты берілді. Ауыл шаруашылығына жатпайтын кәсіпкерлік қызмет арқылы ауылдық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған мұндай қолдауды корпорация 2007 жылдан бері жүзеге асырып келеді.

Қосұйым МҰҚАШЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз