БОЛАШАҚ – БЕЙБІТ АТОМДА
Балама энергия көздері қандай?
Қазір біз энергияны мұнай мен көмірден алып отырғанымызбен, болашақта басқа балама энергия көздерін іздестіруге тиіспіз. Рас, қазір энергияны күннен де, желден де алуға болады деген түрлі пікірлер бар. Бірақ, сол пікірге қатысты зерттеулер аталған балама энергия көздерінің үлесі бізге қажетті жалпы энергияның 10-15 пайызын ғана бере алатынын көрсетіп отыр. Сонда қажетті 85-90 пайыз энергияны қайдан алуға болады? Мәселеге тереңірек тоқталып көрейік.
Қазақстандағы электр энергиясының басым бөлiгi, яғни 87 пайызы – жылу электр станцияларында, 12 пайызы су электр станцияларында өндiрiледi екен. Бірақ, сарапшылардың пiкiрiнше, бұл электр станцияларының ресурсы күн өткен сайын азайып бара жатыр. Ғалымдардың сөзінен де мұнай мен газ сияқты табиғи байлықтың орнын ендігі жерде атом энергетикасының басатынын аңғаруға болады. Сондықтан да, болашақтағы электр энергиясының бірден-бір көзі атом энергиясы болып табылады. Өйткені, одан басқа тиімді жобаны әлі ешкім ойлап тапқан жоқ. Елімізге тұрақты, жеткілікті қуат көзін тек атом энергиясы ғана бере алады. Мүмкін, алдағы уақытта ғылым дамып, одан да тиімді қуат көзін алудың жолдары табылатын шығар. Алайда, әзірге бізге ең тиімді болып отырғаны – атом энергиясын пайдалану.
Қауіпсіздік қалай сақталуы керек?
Әлбетте, атом энергиясын пайдалануда түрлі техникалық мәселелер туындап жатыр. Кейбір елдердегі АЭС-терде кездейсоқ апат болып, қайғылы жағдайға душар болуда. Бірақ, оның барлығы техникалық мәселелерден туындауда. Бұл жерде тек қауіпсіздік шараларын барынша қолдануымыз керек. АЭС-тің тиімділігі әлдеқашан дәлелденген. Асылында, кез келген жобаны іске асырғанда оның ең бірінші тиімділігі есептелінеді. Мұнай мен көмірдің шығаратын энергиясы мен атом энергиясы бірдей, шамалас. Жылына қуаты 1 млн. кВт электр энергиясын алу үшін 30-50 тонна төмен байытылған (3-5 пайызды) уран отыны қажет және оларды атом электр станциясына үш-төрт вагонмен жеткізуге болады. Осындай мөлшердегі электр энергиясын өндіру үшін 2 млн.тонна мұнай немесе 3 млн. тонна көмір қажет болар еді. Ал, күн мен желдің қуат көзін пайдаланатын болсақ, оның бағасы екі-үш есе қымбатқа түседі. Әрине, күн энергиясы бізге тегін келгенімен, күннен электр қуатын алатын техникалар өте қымбатқа түседі. Мәселен, күн энергиясынан электр қуатын алуға болатынын ойлап тапқан Жапония осы бағытта талай жетістіктерге жетті. Бірақ, қазір олар осыны одан әрі қарай дамытпай отыр. Себебі, күн энергиясынан электр қуатын алу өте қымбат және экономикалық жағынан тиімсіз. Экономикалық жағынан тиімді болғандықтан, олар АЭС-ті пайдалануда. Күннен энергия алу тиімді болатын болса, бүкіл әлем соған көшер еді. Сондықтан, ең тиімдісі – АЭС салу болып табылатыны сөзсіз.
Келешекте «Бейбіт атом энергетикасына» үміт артылатын болғандықтан, алдағы онжылдықтарда пайдалануға берілетін төртінші буынды саналатын радиоактивті қалдықтарды мейлінше аз, озық үлгідегі атом реакторларын жасайтын Жапон елі мен бұл салада табысқа жеткен Франция, АҚШ компанияларымен келісімге келіп, осындай реакторлары бар АЭС-терді Қазақстанда салу анағұрлым тиімді болатыны сөзсіз. Үкіметіміздің атом энергетикасын осы бағытта дамытатын қадамдары халықтың көңілінен шығатыны анық. Гетерогенді реакторлардан шыққан радиоактивті қалдықтар, негізінен, қатты дене болып келеді. Біріншісі – жанып бітпеген, яғни шала жанған ядролық отын. Басқаша айтқанда, уран таблеткалары. Бұл таблеткаларды дайындап сатқан жерге, сол ыдысында, сырт қарағанда еш өзгерісі жоқ қайтарылады. Оны арнайы зауыттар қайта өңдеп, қайта байытып, кондициясына жеткізіп, дәл сондай ыдысқа салып қайта сатады. Бұл қалдық еш уақытта көмбеге көмілмейді. Оның ескі радиоактивті ыдысы ғана көміледі.
Екіншісі – реактордың белсенді аймағынан шыққан әртүрлі тетіктер, приборлар, нейтрон ағынын өлшейтін, температураны өлшейтін, судың жылдамдығын, бірінші контурдың қысымын өлшейтін тіркегіштер, бойында ақауы бар су жүретін түтіктер, басқарушы және апаттық графит діңгектер, нейтрон шағылдырушы кадмий, бор, бирилийден жасалған туырлықтар (пластинкалар), т.б. Бұл аталған заттардың өзі екіге бөлінеді. Алдымен, бұл заттар реактордың белсенді аймағында тұрғанда нейтронмен соққылаудың салдарынан белсендендіріліп, соның нәтижесінде радиоактивтік белсенділігі ұзақ уақытқа тым жоғары болып қалатын заттар. Сонымен қатар, белсенділігі алғашында жоғары болғанымен бір айдың ішінде тез ыдырап, белсенділігін жоғалтып алған заттар. Міне, осы қалдықтың соңғы екінші түрі көмбеге жөнелтілуі керек.
Осыдан он шақты жыл бұрын Германия, Франция «біздің реакторлардан шыққан радиоактивтік қалдықтарды қабылдап, өз жерлеріңізде көміңіздер» деп Қазақстанға қолқа салғанын бұқаралық ақпараттық құралдарынан хабардар болдық. Қазақстандық кәсіпкерлер Парламенттен Еуропа елдерінің радиоактивтік қалдықтарын қабылдап алуды сұрап өтініш білдірген-ді. Парламент ол өтінішті қанағаттандырмай тастады. Қанағаттандырмағаны да дұрыс болды. Өйткені, ол кезде кәсіпкерлер радиоактивтік қалдықты көму ережесінен еш хабарсыз еді. Олар «Шетелден келген қалдықты еліміздегі терең жыраларға немесе кезінде уран қазылып алынған шахталарға төге саламыз да, қыруар ақшаға белшемізден батамыз» деп ойлады. Ал, реактордан шыққан қалдықты кез келген сайға немесе ескі шахтаға төге салуға болмайды. Реактордан шыққан әрбір тетіктің аты-жөні, яғни төлқұжаты бар. Ол тетіктің бар-жоғын МАГАТЭ кез келген уақытта тексереді.
Жүз жыл өткеннен кейін «Сіз пәленінші жылдың, пәлен күні, пәлен хаттама бойынша Германияның «Гамбург-2» реакторынан шыққан нөмірі 001272345 инені сақтауға қабылдап алған екенсіз. Сол иненің төлқұжатын және өзін көрсетіңіз» деп талап ете алады. Инені және сонымен бірге басқа да бір эшелон қалдықты кезінде қабылдап алып, содан соң оларды терең сайға төгіп тастаған Қазақстан жағы инені де, басқа қалдықты да көрсете алмасы белгілі. Нәтижесінде Қазақстан жағы дүниежүзі алдында кінәлі болуы айдан анық. Абырой болғанда, Парламент депутаттары көрегендік жасап, құтылмас даудан басымызды аман алып қалды.
Ядролық реакторлары бар Франция, Англия, Германия сияқты елдерді мазалап отырған мәселе – реактордан шыққан радиоактивтік қалдықты көметін орын табу. Ондай орынның аталған елдердің өзінен, тіпті Еуропадан табыла қоюы екіталай. Қазір дүниежүзі аласұрып, қалдықты қабылдап алып, барлық ережеге сәйкес көме алатын ел іздеп жатыр. Егер ондай жер табылмаса, істеп тұрған реакторлар бірінен кейін бірі жұмысын тоқтатқалы тұр. Олар жері кең, адам саны аз Қазақстан сияқты елдерге, атап айтқанда, Африканың, Оңтүстік Американың кейбір елдеріне хат жазып, келіссөздер жүргізуге дайын екенін хабарлап жатыр. Бүгінге дейін ешбір ел келісімін бермек түгіл, келіссөз бастауға да құлқын білдіре қойған жоқ.
Біздің бағытымыз айқын
«Қазатомөнеркәсіп» әлем елдеріне бейбіт атом энергетикасын дамытудың халықаралық бірлесу тұжырымдамасын пайдалануды ұсынып отыр. Табиғи уран тапшылығы, конверсия қызметі мен байыту мәселелері, отын құрамаларын шығару және қауіпсіз, әрі сенімді атом станцияларын салу бір елдің күшімен шешіле салмайды. Әлемдік энергия тапшылығын болдырмау үшін ядролық отын айналымының тізбектерін дамыту мәселелерін, кеңейтілген халықаралық бірлестік құру арқылы шешу керек екендігі белгілі.
Энергиямен қамтамасыз етудің осы бір тұжырымдамасына сүйене отырып, «Қазатом-өнеркәсіп» 2005 жылдан бастап, тігінен интеграцияланған трансұлттық компания құру стратегиясын іске асырып келеді. Ол стратегияға сәулеленген отынды қайта өңдеу және радиоактивті қалдықтарды орналастырудан өзге, ядролық отын айналымының барлық тізбектері енгізілген, олар: табиғи уран өндірісі және отын таблеткаларын шығару. Аталған бағдарламаны іске асыру барысында «Қазатом-өнеркәсіп» атом энергетикасының әлемдік нарығында жетекші орын алуға, компанияға және ел бюджетіне қосымша табыс әкелетін мейлінше толық үстеме құнды, дайын өнім түрінде уран экспортын қамтамасыз етуге ниетті.
Жаһандану үрдісінде өзінің лайықты орнын алып, жылдан-жылға серпінді даму баспалдақтарына көтеріле бастаған Қазақстан экономикасына таяу болашақта қазіргі тұтынып отырған мөлшерден әлдеқайда жоғары мөлшердегі электр қуаты қажет. Оның тиімді көзі ядролық энергетика болмақ. Ядролық технологияны дамыту мәселесін былай қойғанның өзінде, қазыналы жеріміздің қойнына бүккен уран кенін бүгінгі қалыптасқан қолайлы сәтті пайдаланып, халықаралық саудаға шығару – кезек күттірмейтін міндет, халқымыздың игілігі үшін пайдаланатын қомақты қаржы. Қазақстанда бейбіт атом саласын дамыту 2020 жылдарға дейінгі еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының шешуші салаларының бірі болуға тиіс.Түйіндеп айтқанда,атом энергетикасын дамыту – ядролық технологияның адамзат үшін қауіпсіз жолын жетілдірудің ең тиімді тетігі болып табылады.
Бекет КЕНЖЕҒҰЛОВ,
техника ғылымдарының докторы, профессор, облыстық мәслихат депутаты.