
Бизнеске ашық әрі әділ ереже қажет
Президент Жолдауында көтерілген кәсіпкерлікке қатысты мәселелерді зор ықыласпен тыңдадым. Шынында да, елімізде шағын және орта бизнестің үлесі артып келе жатқаны қуантады. Бірақ өндірістік кәсіпкерліктің дамуы баяу, бұл — бәріміз мойындайтын шындық. Өнім шығаратын кәсіпкерлер саны аз, ал бұл экономиканың тұрақты дамуына кедергі келтіретін басты факторлардың бірі.

Бизнес үшін ең үлкен түйткілдердің бірі — заңнаманың күрделілігі. 21 кодекс пен жүздеген заңға енгізілген сансыз өзгерістер кәсіпкерлерді шатастырады. Кейбір нормалардың бір-біріне қайшы келуі салдарынан біз нақты шешім қабылдау кезінде қиындыққа тап боламыз. Қарапайым әрі түсінікті ереже — кәсіпкерге ең үлкен қолдау. Президент атап өткендей, заңды күрделендіре бермей, қайта бизнеске ыңғайлап бейімдеу — уақыт талабы.
Сонымен бірге мемлекеттік органдар тарапынан артық әкімшілік қысым да сезіледі. Көп жағдайда ескерту жасап, бағыт-бағдар көрсету орнына қатал шешімдер қабылданатыны жасырын емес. Мұндай кедергілер кәсіпкердің ынтасын басып, жаңа бастамаларға жол бермейді. Сол себепті бизнесті артық тексерістерден қорғауға бағытталған міндетті талаптар тізімінің енгізілуі — біз үшін маңызды жаңалық.
Президенттің бастамасымен құрылатын Интеллект арқылы реттеу орталығынан үлкен үміт күтеміз. Жасанды интеллект арқылы заңнаманы талдап, жүйелеу — бизнес үшін ашық әрі әділ алаң қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл қадам кәсіпкерлердің уақытын үнемдеп қана қоймай, сенім атмосферасын орнатады.
Кәсіпкерлер мемлекетпен серіктес ретінде елді цифрлық тұрғыдан дамытудың қозғаушы күшіне айнала алады. Ол үшін тұрақты ереже, әділдік пен нақты қолдау қажет. Біз жаңа жұмыс орындарын ашып, салық төлеп, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға үлес қосуға дайынбыз.
Экономиканың басты тірегі — адал еңбек ететін кәсіпкер. Егер мемлекет пен бизнес күш біріктірсе, елімізді дамыған елдердің қатарына қосудың еш қиындығы жоқ.
Гүлжан МҰҚАТАЕВА,
Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы